Сенбі, 04 мамыр, 05:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қала күні жастар карнавалынан бастау алды

19.09.2023

699 0

Биыл облыстың құрылғанына 85 жыл болса, Қызылорда қаласына

205 жыл толып отыр. Айтулы мерекелік даталарға орай қала күні бір ай көлемінде аталып өтіледі. Қызылордалықтардың қуанышын еселейтін қала күні жастар карнавалымен басталды. Осылайша Қызылорда көшелері жалынды жастар рухымен серпіліп, мерекенің ыстық лебімен шарпылды. 

Темір жол вокзалы маңынан басталған жастардың думанды шеруі қаламыздың орта­лық көшелерін әнге бөлеп, «Достық» үйі ғимаратының алдына келіп тоқтады. Облыс орталығында орналасқан жоғары және ар­наулы оқу ордаларынан 400-ге жуық студент қамтылған ерекше кешке арнайы қатысқан қала әкімі Асылбек Шәменов қызылордалықтарды облысымыздың 85 жылдығымен қатар келген төл мерекемен құттықтады.

– Жастар – қашанда қоғамның жаңа леп сыйлайтын қозғаушы күші, серпіліс қуаты. Сондықтан алдағы бір ай көлемінде өтетін шаралар да жоғары деңгейде, көңілді нотада түйінделеді деп сенемін, – деген шаһар бас­шы­сы қаламыздағы қарқынды жұмыстарды тілге тиек етті.

Жалпы Сыр елінің бас қаласында атқары­лып жатқан жұмыстың барлығы бізге белгілі. Жыл басында қала бюджеті 52,3 млрд теңгемен бекітілген еді. Жүйелі жоспарлардың жемісі, бүгінде оның көлемі 91,4 млрд теңгеге жетті, яғни 175 процентке артты.  Облыс орталығының тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту­ға бюджеттің барлық деңгейлерінен 101 млрд теңге бөлінді. Қалада тұрғын үй құрылысын дамытуға қаржыландырудың барлық көздерінен қарал­ған 22 млрд 782 млн теңгеге 2 526 пәтерді құрайтын көпқабатты 42 тұрғын үй бой көтеруде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, қалада «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі 8 мектеп салынады. Оның 5-еуінің құрылысы биыл басталады. Сол жағалаудан 400 орындық физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Білім ошағы 300 орынға лайықталған жатақ­ханамен қамтылады. «Бәйтерек» шағын ау­данындағы 600 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Жоспар бойынша білім ұясы қазан айында оқушыларды қабылдайды. Тасбөгет кентінде 100 орынға лайықталған дене шы­нықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқын алды. Әлеуметтік нысан жыл соңына дейін ашылады. Дәл осындай ғимараттың құрылысы келер жылы Қызылжарма ауылынан да басталады деп күтілуде.

Сондай-ақ қала, оған қарасты кент және ауылдық округтердегі, шет аймақтардағы жалпы ұзындығы 225,4 шақырым болатын 278 көшеге орташа және күрделі жол жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы да салынуда. Айта кету керек, жөнделетін жолдардың 80 пайызы ауылдар мен шет аймақтарға тиесілі.

 «Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызыл­жарма» арнасы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылыс жұмыстары аяқталып, алдағы айда пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек Ғ.Мұратбаев және А.Яссауи көшелерінің қиылысындағы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүруде.

Тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 136,2 шақырымды құрайтын жаңа электр желілері тартылды. Ауа-райының қолайсыз уақытында электр қуаты ажырап қалмас үшін қаладағы және ауылдардағы, шет аймақтардағы электр желілері мен ескі қосалқы станциялар жаңартылды.

Дария жағасында орналасқан қалада бұдан да бөлек қаншама жұмыс бар. Соның бір дәлелі ретінде «Анаға тағзым», «Неке сарайы», «Өнер орталығы», «Қан орталығы» сынды іргетасы қаланған алып құрылыс нысандарын атап өтуге болады. Мұның қасына ел игілігі үшін салынып жатқан ондаған көпқабатты тұрғын үйлерді қосыңыз. Жыл  соңына дейін «Анаға тағзым», «Неке сарайы» сынды ғимараттар ел игіліне беріледі деп жоспарлануда. Жылу электр станциясының да іргетасы қаланғанын көпшілік жақсы біледі. Бұған ондаған балалар спорттық ойын алаңын қосыңыз. Жаңа әуежай терминалы да салынып жатыр. Одан бөлек Қызылорда қаласындағы үйлердің қасбеттері заманауй үлгіде жаңғыртылуда. Қала ішіндегі жолдар жөнделіп, көркейту жұмыстары қарқын алды. Осыған қарап-ақ облыс орталығының алып құрылыс алаңына айналғанын аңғаруға болады.

Осындай мәліметтерді алға тартқан қала әкімі қызылордалықтарды төл мерекені жоғары деңгейде бірге атап өтуге шақырды.

Карнавалға қатысқан жастар көшелерде топпен жүруден бөлек, «Достық» үйі ғимараты алдында арнайы дайындалған тақырыптық қойылымдарын көрсетіп, қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Дәстүрлі байқау нәтижесінде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі бас жүлдені жеңіп алса, І орынды бірігіп өнер көрсеткен болашақ дәрігерлер Қызылорда медициналық жоғары колледжі, «Өркениет» медицина колледжі және «Авиценна» медицина колледжі иеленді. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжі мен Қызылорда экономикалық гуманитарлық колледжі ІІ орынды өзара бөлісті. Жүлделі ІІІ орынға Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі, Абылайхан атындағы колледжі және М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжі лайық деп танылды. Сондай-ақ үздік өнер көрсеткен Қызылордалық спортшылар мен С.Ысқақов атындағы колледжі арнайы аталымдармен марапатталды. Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, қала күні мерекесі бір ай көлемінде өткізіледі.

А.БЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: