Жексенбі, 22 желтоқсан, 13:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада «Qyzylorda urban fest» фестивалі өтті

12.08.2024

663 0

Бүгін Қызылорда көшелері жалынды жастар рухымен серпіліп, Жастар күні мерекесінің ыстық лебімен шарпылды.

Өздеріңізге белгілі, 12 тамыз – халықаралық жастар күні қарсаңында жастардың арасында атаулы күннің мәні мен маңызын арттыру мақсатында облыс, қала көлемінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Бүгін арнайы бекітілген жастар апталығының қорытындысы – «ЖАСТАРМЕН БІРГЕ!» азаматтық бастамаларды қолдау және әлеуметтік белсенділікті насихаттау күнінде «Urban Park» спорт алаңында «QYZYLORDA URBAN FEST» фестивалі өтті.

Фестиваль аясында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың қатысуымен шығыс жастарының жалынды жетекшісі болған Ғани Мұратбаев ескерткішіне жастармен бірге тағзым гүлін қою рәсімі, «BookCrossing» қала тұрғындары мен келушілер арасында кітап айырбастау, «Шыңды бағындыр» турникке тартылу қалалық сайысы, «Силомер» аппараты арқылы күш сынасу, «Қызылорда – жастар қаласы» жастар туралы фоторепортаж, «Street dance» заманауи би топтары мен жекелей би сайыстары өтті. Одан бөлек, «Qosyl acustic» жанды дауыстағы ән орындау шарасы Қызылорда кешін думанға бөледі.

Қызықты кешке қатысқан қала әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы қала жастарын мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

«Тәуелсіздікті тұғырлы ету, қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлесін қосу, ынтымағын нығайтуға үлгі болу – жастар болмысына тән жарасымды қасиет. Себебі, жалынды жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау жас буынның қасиетті парызы. Қай заманда, қай елде болмасын, жастар асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы болған. Өйткені, жастар – жердің, елдің иесі. Сол себепті Сіздерге сеніммен қараймыз» деген қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің бастамасымен ел болашағы жастардың игілігі үшін шаһарда жасалып жатқан толымды тірліктерге тоқталып өтті.

Содан соң түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген жалынды жастар Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығымен, жас мемлекеттік қызметкерлер шаһар басшысының арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, соңғы 3 жылдан бері студент және кәсіби салада жұмыс істеп келе жатқан жастар арасында «Самғау» жастар сыйлығы аясында «Құрылысшылар», «Тігіншілер», «Дәнекерлеушілер», «Электриктер» мен «Аспаздар» байқаулары ұйымдастырылып, әр жеңімпазға 150 000 теңге көлемінде сыйақы тағайындалып келеді.

Дархан Есалыұлы өңірлерді абаттандыру, көркейту-көгалдандыруды көздейтін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ересектермен қатар, жасөспірімдер де белсенді әрекет көрсеткенін тілге тиек етіп, қала мектептерінің оқушыларынан құрылған «Тазалық патрулі» волонтерлік тобының мүшелерін марапаттап, алғысын жеткізді.

Ел Президентінің, Үкіметтің және аймақ басшысының тұрақты қолдауын сезінген Сыр жастары, кешегі Ғани Мұратбаевтың бүгінгі ізбасарлары еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатыса бермек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: