Дүйсенбі, 25 қараша, 08:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Сол жағалау: Магистральді көше салынуда

27.02.2021

7598 0

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Қызылорданың ажары – оның көшелері. Қызылорда үшін биыл тағы бір қуанышты жаңалық болғалы тұр. Атап айтқанда, жағалауды бойлай 8,4 шақырымды құрайтын бөгет бойымен салынып жатқан магистральді көше құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 3 млрд 391 млн теңгені құрайды. Көшенің біршама бөлігі салынып біткен. Құрылыс жұмыстарын «УАД» ЖШС жүргізіп жатыр. Мамандар бұл көшені салудағы ең басты мақсат қала ішіндегі көлік кептелісінің алдын алу екенін айтуда.
Соңғы жылдары қалада 840 шақырымды құрайтын 1 мың 177 көше жөндеуден өткен. Жаңадан салынып жатқан көше сол жағалаудағы тұрғын үйлерді айналып өтеді. Мердігер мекеме жобаны маусым айында бітіруді жоспарлап отыр. Аталған жобада жол ғана емес, көше жарығы, жаяу жүргіншілер жолы және арнайы веложол бар. Бүгінде көшенің жұмыстарына мекемеден 50 адам және 30 техника жұмылдырылған.
– Жоба бойынша салынатын жолдың ұзындығы 8,4 шақырымды құрайды. Арнайы құжаттар дайындалып, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз болған мердігер компания жұмысын бастап кетті. Жолдан бөлек, көше бойына жаяу жүргінші жолдары мен түнгі жарық бағаналары салынады. Барлық жұмыстың қаражаты толық қаралған. Бұл жұмыстар жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай туғызатынына сенімдімін, – деді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.
Алаштың анасы атанған аймақтың алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық жағдайы одан әрі жақсара түспек. Себебі осы саладағы жеткен жетістіктердің барлығы болашаққа бағытталған тың істерге жол ашатынына сеніміміз мол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: