Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 19:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңғырған үйлер көпшілікке қуаныш сыйлауда

08.12.2020

1128 0

Алашқа ана атанған Сыр өңірінде әлеуметтің әлеуетін жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Жеті ауданға жекелеп тоқталмасақ та бір Қызылорда қаласындағы атқарылған тірліктің ауқымы кең екенін жұртшылық жақсы біледі. Тындырымды тірліктің қатарына ескі үйлерді жаңғырту жұмыстарын қосуға болады.

Екі ғасырдан астам тарихы бар сүйікті қаламыз күн санап құлпырып келеді. Көпқабатты үйлерден құралған жаңа шағын аудандарды айтпағанның өзінде жаңғыртудан өткен үйлер де көпшілікке қуаныш сыйлауда.

Қолда бар деректерге сүйенсек, Сыр өңірінің орталық қаласында  сол жағалаудағы үйлерді қоса алғанда 815 көп­қабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 426 көпқабатты тұрғын үй жөндеуді қажет етеді. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың  2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында шаһардағы тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізіліп, меншік иелеріне пайдалануға берілуде. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 37 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуде.

Бұдан бөлек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне 26 үйді жаңғыртудан өткізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылған.

– Қала әкімінің басты тапсырмасы – сапаға мән беру әрі жұмысты уақытылы жүргізу. Тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізуші мердігер мекемелер берілген тапсырманы сапалы орындауда. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында кей мекемелер жоба құжаттарында қаралмаған жұмыстарды өз жауапкершіліктеріне алған. Мәселен, көпқабатты тұрғын үй аулаларына орындықтар орнатып, ауланы қоршау жұмыстарын жүргізуде, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Негізі үйді жаңғыртудан өткізу үшін тұрғындардың белсенділігі қажет десек те болады. Өйткені бағдарлама талаптарына сәйкес ең алдымен тұрғындардың 3/2 бөлігінің келісімі, яғни 70%  қол қойылған құжаттары жинақталып, жоба-сметалық құжаттары әзірленеді. Бұл ЖСҚ әзірленген соң облыстық немесе республикалық бюджеттік бағдарламаларға ұсынылып, қолдау тапқаннан кейін тұрғындар тарапынан құрылыс монтаж жұмыстарын жасауға мердігер мекемелер таңдалады. Сонымен қатар тұрғындар арасынан белсенді топ мүшелері сайланады. Сайланған белсенді топ мүшелері жасалып жатқан жұмысты қадағалайды. Тұрғындар арасынан туындаған сын-ескертпелерді мердігерге жеткізіп, орындалған жұмыстардың қабылдау актілеріне қол қояды.

Мақаланың әлқиссасында Қызылорданың күн санап құлпырып келе жатқанын айтқан болатынбыз. Бұл сөзімізді қала тұрғындары да, Қызылордаға келген қонақтар да растауда. Біз өз кезегінде қаланың көрікті жерлерін тамашалап жүрген жерлестерді әңгімеге тартқан болатынбыз. «Өзім Сыр елінің тумасымын. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Қызылорда мүлде бөлек қалаға айналған. Зәулім үйлер бой көтерген. Қызылорданың бүгінгі келбетін көріп сүйсініп жүрмін», – деді Досхан Сынабаев есімді азамат.  Ал Сәрсенбай Аманбайұлы атты қала тұрғыны өзінің Қызылордада тұратынын мақтан тұтатынын жеткізді. Мұны Сыр бойындағы әсем қаланы жақсы көретін әрбір жанның сөзі деп білдік.

Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен  жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары бой көтерді. Үш ауысыммен оқытылатын мектептер азайды. Аудандарға да ерекше көңіл бөлініп  отыр. Осының өзі «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылордадан көруге болады» деген Елбасы сөзінің айғағы іспетті.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: