1 шілдеден Қазақстанда тауарлық газ бағасы 33%-ға дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды kursiv.media
Тұтқышбаевтың айтуынша, тариф алдағы жылыту маусымына дайындық пен газ инфрақұрылымын жаңартуға байланысты көтеріледі.
Сонымен қатар соңғы айларда Теңіз секілді ірі кен орындарының жұмысы тоқтап, газ өндіру көлемі төмендеген. Дегенмен мемлекет ішкі сұранысты транзит газ есебінен жауып отыр.
Осы ретте елде газ жүргізу мен газ тұтыну көлемі де тұрақты артып келеді. Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы Қазақстанда газ тұтыну көлемі тағы 1 млрд текше метрге артады.
2025 жылы 2 мың шақырымнан астам газ құбыры тартылып, 94 елді мекен табиғи газға қосылған. Нәтижесінде 20,5 млн тұрғынның 13,1 млн-ы көгілдір отынды пайдаланып отыр.
Дегенмен аймақтар арасында теңсіздік әлі де сақталған. Батыс өңірлерде, Жамбыл облысында, Алматы және Шымкент қалаларында 90% газ жүргізілсе, Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш 60%-дан төмен.
Сол үшін газ тасымалдау жүйесін дамытуға бюджеттен 27,3 млрд теңге бөлінді, бұл қаражат тағы 32 мың адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ресми статистикаға сәйкес биыл иабиғи газ өндірісі де азайды. Қаңтар–мамыр аралығында 25,3 млрд текше метр газ өндірілып, былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға төмен.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
