Қызылорда өңірінде пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу, олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Облыстық қоғамдық даму басқармасы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар арқылы жаңа кәсіп ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың нақты нәтижелерін көрсетіп келеді.
Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін дәлелдейтін мысалдардың бірі ұялы телефон жөндеу қызметі. Жеке кәсіпкер 2025 жылғы 18 тамызда «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту онлайн курсын аяқтап, 1 572 800 теңге көлемінде грант иегері атанды. Бүгінде жеке кәсіпкер «Дулат» грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, ұялы телефон жөндеу қызметін жолға қойған. Қазіргі таңда ол халыққа сапалы қызмет көрсетіп, өз кәсібін дамыту арқылы өңір экономикасына өзіндік үлес қосуда.
Сол сияқты көпбалалы әке «Аль-Омар» жеке кәсіпкерлігі арқылы дәнекерлеу қызметін ұсынып, грант есебінен алынған құрал-жабдықтармен кәсібін табысты жүргізуде. Ол да мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп отырған азаматтардың бірі. Ол 2025 жылғы 5 мамырда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу курсын аяқтап, 1 572 800 теңге көлемінде грант жеңіп алды. Оның еңбегі тек отбасының әл-ауқатын жақсарту ғана емес, қала тұрғындарына қажетті қызмет көрсету арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға қосылған үлес.
Ал осал топ санатына жататын, ІІІ топ мүгедектігі бар азамат «Данияр» жеке кәсіпкер ретінде ерлерге арналған шаштараз қызметін ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ол өз кәсібін жүргізіп қана қоймай, қоғамға белсенді араласуға мүмкіндік алып отыр.
Аталған бастамалар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесі. Грант иегерлері өз кәсіптерін дамыта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңір экономикасының өркендеуіне үлес қосып келеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!