Сейсенбі, 19 наурыз, 08:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22(2032)
16.03.2024
PDF мұрағаты

Әлия Назарбаева 12 адамға бір миллион теңгеден берді

04.03.2021

7236 0

Әлия Назарбаева ADAM BOL Аwards жүлдесінің жеңімпаздарына өз атынан 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлық берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Марапатты табыстау рәсімі 1 наурызда Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет мәрттік пен ерлік істер жасаған, басқа адамдардың өмірін құтқарған батырлардың есімі тұтас елге танымал болды. Жүлде лауреаттары адам бойындағы ең асыл қасиеттерді – мәрттік, жомарттық, ерлік, мейірім мен әділдік, махаббат пен даналық, сенім мен үміттің символы», – делінген ұйымдастырушылар таратқан ақпаратта.

Осылайша, халықтың дауыс беруі мен сарапшылар кеңесінің шешімі бойынша 12 адам жеңімпаз атанды:

1. Нұр-Сұлтан қаласының 18 жастағы тұрғыны Надир Омарғазыев 2019 жылы 15 ақпанда астана көшелерінің бірінде кәріз құдығына түсіп кеткен 4 жасар баланы құтқарып қалған. Суық су ішінде басы ғана көрініп тұрған балаға ойланбастан құдыққа түсіп, көмек берген. Ол кезде мектеп оқып жүрген Надир қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті.

2. 12 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Иманғали Баймырза осыдан төрт жыл бұрын ерлік жасаған. 8 жасында суға батып бара жатқан 4 жасар қызды құтқару үшін ойланбастан бассейнге секірген.

3. Жеңімпаздар арасында Алматы қаласының 42 жастағы тұрғыны Сергей Снигирев те бар. Ол көпшілікке жануарларға қамқорлық танытушы ретінде мәлім. 2020 жылдың 5 ақпанында Comes қоғамдық одағының жан-жануарларға арналған баспанасында өрт шыққан. Жануарларды қорғаушы Сергей Снегирев жанып жатқан аңғардың ішінен 22 итті алып шықты. Көп түтін жұтып қоюына байланысты ауруханаға түсіп қалды. Түтіннің иісін сезе салысымен Сергей торлардың есігін ашуға кіріскен, бірақ біраз ит ол уақытқа дейін есінен танып қалған, Сергей олардың барлығын далаға алып шықты.

4. Қазақстанның Ұлттық гвардиясының әскери қызметкері, 28 жастағы Андрей Петров Ақтөбеде тұрады. Түнгі үште таза жұту үшін балконға шыққан Андрей Петров көмек сұрап, айғайлаған әйел дауысын естіген. Ол киініп, бірден далаға жүгіріп шыққан. Айғай шыққан жаққа барғанында қызды зорламақ болған ер адамды көрген. Андрей қылмыскерді ұрып жығып, қолын қайырып, полиция шақырған. Полиция келіп үлгергенше Андрей қылмыскерді тапжылтпай ұстап отырған.

5. Жеңімпаздар арасында ақтөбелік кәсіпкер Ақбота Аманғалиева бар. 44 жастағы әйел 2013 жылдың 3 наурызында жүкті әйелге көмектескен. Өз жұмыстарымен барған жерде бейтаныс келіншектің толғағы басталған. Алайда жедел жәрдем үлгермей жатқан. Ақбота медициналық білімі болмаса да, бірден көмектесуге кіріседі. Алайда бала жансыз туған. Ақбота еш кідірместен баланың жүрегіне массаж жасайды, содан бала тыныс алып, жылаған. Сол жерге жедел жәрдем 30 минуттан кейін келді. Қазір сол бала 8 жаста, денсаулығы жақсы, мектепке барып жүр.

6. Ержан Амарханов Семей қаласында грек-рим күресінің жаттықтырушысы болып жұмыс істейді. 2018 жылдың 10 тамызында ер адам жанып жатқан автобустың ішінен 48 адамды алып шыққан. Оның ішінде 12 бала бар. Өрт бәрі ұйықтап жатқанда басталған. Ержан бірінші оянып кетіп, барлығын оятып, терезелерді бұзып, бәрін өрттен алып шыққан.

7. Ақтау қаласында еңбек ұйымдастыру бойынша бас инженер болып жұмыс істейтін 31 жастағы Ардақ Байманасов түнде өрт шыққан үйге кіріп, ер адам мен екі әйел адамды оятып, аман-есен алып шыққан.

8. Өскемендік студент Артем Боровиков 20 жаста. Ол Ертістен су алуға барамын деп, мұз астына түсіп кеткен 61 жастағы зейнеткерге көмектескен. Бозбала он метрдей жүзіп барып, батып бара жатқан адамды ұстап үлгерді. Мұз қабаты жұқа болғандықтан, жағаға бірден алып шығу қиын болған. Құтқарушылар келгенше бозбала су ішінде зейнеткерді ұстап тұрған.

9. Александр Шахов Теміртау қаласында тұрады. 2016 жылдың көктемінде Атырауда келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүрген Александр әріптесі екеуі бірігіп жүріп жанып жатқан үйден кішкентай сәби мен келіншекті алып шыққан.

10. 28 жастағы Әлиакбар Юлдашев – Түркістан қаласының тұрғыны. 23 наурызда корейдің Янъян қаласында жатақханада өрт шыққан. Әлиакбар көршілерін оятып, оларға көмектескен. Содан соң пәтері отқа оранған 50 жастағы әйелді құтқаруға ұмтылған. Құбыр, кабельдердің көмегімен екінші қабатқа көтеріледі, бірақ құтқарып қалуға үлгермейді. Алайда басқа 10 адамды құтқарып қалады. Өрт кезінде Әлиакбарды күйік шалған, бірақ депортациядан қорыққандықтан өрт болған жерден кетіп қалды. Алайда арқасы мен мойнындағы күйік жазылмай, ауруханаға баруға мәжбүр болады. Қазақстандық батырдың көршілері оған емделуге қаржы жинап берген.

11.  Павлодар қаласының тұрғыны Александр Жұмабаев 2018 жылдың 21 қазанында Александр жұмыстан қайтқан жұбайын күтіп алуға шыққан. Көпқабатты бір үйдің жанынан өтіп бара жатқанда біртүрлі дыбыс естиді. Басын көтеріп қараса жоғарыдан шіркейге арналған тор мен кішкентай қыздың құлап келе жатқанын көреді. Кішкентай қызды қағып алып үлгереді, бірақ бала тыныс алмай тұрған. Александр сол жерде көмек көрсетіп, баланы аман алып қалды.

12. 2020 жылдың 15 тамызында Алматыда көпқабатты үйде өрт шыққан. 33 жастағы тұрғыны Дәурен Рымқұлов өз қарындасын өрттен алып шыққан. Солар далаға шыққан сәтте сол жердегілердің бірі 4-қабатта бір пәтерде бес бала қалғанын айтады. Дәурен жанып тұрған отқа қайта кірген. Алайда балалардың қай пәтерде тұратынын білмей, барлық есікті қағады. Қорқып қалған балалар есік ашқан. Ол бес баланы да аман алып шықты.

Сонымен қатар марапаттау кешінің соңында 12 лауреат өзара жабық дауыс беру арқылы араларынан нағыз лайықты жеңімпазға MYQTY ADAM деген атақ берді. Бұл атаққа өскемендік Артем Боровиков лайық деп танылды.

Айта кетейік, марапаттау рәсіміне Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова, киноактриса Альмира Тұрсын, композитор Ренат Гайсин, қостанайлық полиция қызметкері Амантай Байжанов, гроссмейстер және мәслихат депутаты Жансая Әбдімәлік қатысты.

ADAM BOL AWARDS жүлдесінің құрылтайшысы – Қоғамдық маңызды бастамалар қорының жетекшісі, әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлия Назарбаева.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: