Сейсенбі, 05 мамыр, 13:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 (2245)
05.05.2026
PDF мұрағаты

Әзиз Батырбеков: «Шығар биік көп болсын, әріптестер!»

05.05.2026

31 0

Фото: kyzylorda-news.kz

2024 жылғы 11 наурыз. Дүйсенбі болатын. Хатшы қыз қоңырау шалып, бас директор Марат Жайылханұлы шақырып жатыр деген хабарды жеткізген. Ол кезде Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторымын. Бас директор көп созбалақтамай шақырған себебін бірден айтып, «Қызылорда ньюс.кз» ақпарат агенттігіне бас редактор етіп ауыстырғысы келіп отырғанын мәлім етті.Содан не керек, сайтта да жұмыс істеп көрейік деп, білек сыбана кірістік те кеттік, – деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz

Күн сайын жиналыс

Бұрын істеп көрмеген адамға сайттың жұмысы аз секілді көрінеді. Газетте аптасына екі нөмір шығарып, мақалаларды соған лайықтап дайындайтынбыз. Бұл жерде минут сайын ақпараттар алмасып жатады. Оқып үлгеру қиын. Бас редактор болған соң шыққан әр мақалаға жауаптысың. Оның грамматикалық, стилистикалық қатесінен бөлек, саяси жағы тағы бар. Сайт қаралымын арттыруға сеп болатын жарқ еткен дүниелер өтімдірек. Тіпті әншілердің өміріне қызығатын, күнделікті бақылайтындар көп екен. Әйтсе де аудитория солай екен деп, жылтырақ дүниелерді беруге де болмайды.

Жұмысты жетілдіру үшін ұжым болып іздендік. Басқа сайттар не істеп жатыр? Қандай мақала оқылымды? Қаралымды қайтіп көбейтуге болады? Міне, осы сұрақтардың жауабын іздей бастадық.«ҚазАқпарат», «Тенгри ньюс. Кз» сынды алдыңғы қатарлы сайттардың қандай мақала беріп жатқанын, тіпті қайсысы көп оқылғанына дейін сараладық.Редакциядағы жігіттер мен қыздар түгел жұмылды. Күн сайын ақылдасамыз. Бір мәселенің түйінін тарқату үшін әр пікірге мән бердік. Әлеуметтік желілердегі жұмысты күшейту жағын да кеңестік. Редакциядағы Фариза Омарова, Аида Маратбекқызы, Айжан Жарманова, Мөлдір Сабыржанқызы, Аружан Ералы сынды қыздар мен Айдос Мырзалы, Азамат Абимолда, Қуаныш Мұстафаев, Балтабай Тұраровтай жігіттер жанымнан табылып, қиын деген мәселенің өзі оңайға айналды.

Ньюс.jpeg

3 теңгенің жыры

Жаңа редакцияға үйренемін дегенше мемлекеттік тапсырыс та келді. Мемлекеттік тапсырыс аясында 20 млн теңгені игеру керек болды. Оның үстіне әр мақала кемі мың белгіден тұруы керек деген талабы бар.

Мемлекеттік тапсырыс болған соң облыстық, аудандық әкімдіктердің атқарған жұмысын ақпараттандыру керек. Күн сайын мемлекеттік мекемелерге хабарласып, департамент, басқарма басшыларымен сөйлесеміз. Олардан келіп жатқан ақпаратта да есеп жоқ. Сықиған цифр,  болмаса жылдық не алты айлық есеп. Бірақ соны өңдеп, мақалаға айналдыру керек. Құрығанда әр белгіге 3 теңге 25 тиыннан төлейді екен. 20 млн белгісі бар мақалаларды жазып боламын дегенше өзіміз де бір сияқты болдық. Мың белгіден тұратын мақала жазғанның өзінде 20 мың мақала жазуымыз керек екен. Көлемді сараптамалық мақалалар мен сұхбаттарды көбейтпесек, өнбейтінін білдік. Бұл жолы «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты барлық редакцияның сайт мамандары түгел көмекке келді. Әрқайсысына тапсырма беріп, меже бекіттік. Күн сайын есебін аламыз, күн сайын сараптап, қанша белгі қалғанын санаймыз. Әйтеуір не керек, 3 теңгенің жыры біткенше тоқтаусыз жұмыс істедік.

Сол жылы әкімдікке хат жазып, мемлекеттік тапсырыс аясында жарияланған мақалаларға басқа аймақтарда бізден әлдеқайда көп төленетінін жеткіздік. Нәтижесінде мемлекеттік тапсырыс аясында сайтқа жарияланатын материалдағы әр белгі үшін 17 теңгеден төленетін болды.

Жаңа жобалар нәтижесін берді

«Қызылорда ньюс.кз» ақпарат агенттігіне бас редактор болып тағайындалған күні видеостудия ашу жайлы тапсырма берілді. Алдымен студияға қажетті құрал-жабдықтар тізімін дайындадық. Көп ұзамай барлығы алынды. Студияны Айдос Мырзалы мен Қуаныш Мұстафаев әрледі. Кейін Балтабай Тұраров деген азаматты жұмысқа алдық. Үшеуі бірігіп, алғашқы жобаларды жүзеге асырды. «5 жаңалық», «Қазақтың сөзі», «Мамандықтар әлемі», «Өзіңдей бала», «Спорт-11» деп аталатын жобаларды жүргізіп, нәтижесін көре бастадық. «5 жаңалықты» Айдос Мырзалы мен Айжан Жарманова жүргізді. «Мамандықтар әлемі» мен «Спорт-11»-дің тізгіні Қуаныш Мұстафаевта болды. Айдос Мырзалы «Өзіңдей бала» арқылы талай жасты үлгі етті. Осының барлығын түсіру, монтаждау, көрерменге сапалы дүние ұсыну Балтабай Тұраровтың мойнында екенін айта кеткен жөн.

Осыдан 15 жыл бұрын, яғни 2011 жылдың 5 мамырында «Қызылорда ньюс.кз» ақпарат агенттігінің негізі қаланған. Бүгінде тәжірибелі журналист Айжан Абдуллаева басқаратын ұжымды «Қызылорда ньюс.кз» ақпарат агенттігінің 15 жылдығымен құттықтаймын. Әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін. Ең бастысы, шығар биік көп болсын! Өсіп-өркендей беріңіздер!

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

«Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: