Бейсенбі, 16 мамыр, 01:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Ажырасу неге көбейді?                                                            

01.08.2023

321 0

Өркені жайылып, өрісі кеңейіп, өз отауының сүттей ұйыған мызғымас тыныштығын сақтап отырған отбасылар аз емес. Ұрпақ өсіріп отырған алтын құрсақты аналарымыз бен шаңырақтың айбарындай ақылы кемел аталарымызды көр­генде бір марқайып қаламыз. Әулеттің бағына қарай келіндері инабатты, қыздары ибалы, бір-бірімен әзілі жарасып тұрса, сол үйдің түтіні түзу шығады. Осындай отбасылардың ауызбірлігі жарасқанына қарап бойымыз да, ойымыз да тазарып, рухани демалып қаламыз.

Осындайда кеше ғана айдай әлемге жар салып, некелесіп, екі елді туыстырып, жыл салмай ажырасып жатқан жас жұбайларды көргенде жадыраған көңілің су сепкендей басылады. Байқасаңыз, шаңырақ көтерген кез келген ерлі-зайыпты бастапқыда сезімі арнасынан тасып, бақыт құшағында өмір сүріп еді. Уақыт өте келе, күнделікті күйбең тіршілік бар, қала берді жауапкершілік көбейе түскен шақта арадағы сезім сөніп, бір-бірінен алыстай түседі. Өмірде кездесетін азғана қиындыққа қазіргі жастар тосырқай қарайды.

Әр нәрсенің қиюын тапса, бірлесіп шешілмейтін мәселе жоқ екенін түсінгісі келмейді. Бар қиындықты ата-анасына жүктеп, жауапкершіліктен қашқақтайды. Өзара түсінісу мен ұғынысу деген жайына қалып, екі жастың арасында ұрыс пен жанжал белең алады. Ал өрши түссе, ақырында жұбайлық байланыс үзіліп тынады. Сондықтан жаңа қосылған жас жұбайлар бір-бірінің айыбын санамалап, оны ұлғайтуға әрекет етпеуі тиіс. Кері­сінше, жұбының жақсы қасиетін көбірек тілге тиек етіп айтып отырған жөн. Ал кемшілігін жасыруы арадағы сезімнің суып кетпеуіне септігін тигізеді.

Тағы бір сақтанатын нәрсе, өзінің жұбын ортасындағы жора-жолдасы, ағайын-туысы немесе әріптесімен са­лыстыра бастайды. Соның салдарынан адам өз жұбының кемшілігін көріп, әрі оның наразылығын тудырады. Бұл өз кезегінде жұбайының жан дүниесін жаралап жатқанын сезбей жатады.

Адам болған соң, оның жақсы мінезімен қатар жағымсыз мінезі де қатар жүретінін ұмытпаған жөн.

Отбасылық өмірде проблема мен келіс­пеушілік орын алып тұруы заңдылық. Ал бұл келіспеушіліктің қайталана беруінің бірден бір себебі – ерлі-зайыптының ол мәселе жайлы ашық сөйлесіп, оның шешімін бірігіп тап­пастан, жылы жауып қоюында. Нәтижесінде арада жақтырмау, жек көру сезімі туады. Мұны шешудің жолы – келіспеушілік орын алған уақытты суытпай, рет-ретімен әр тақырыпты талдай отырып, ұрыс-керіссіз диалог түрінде өзара түсіністікке қол жеткізу.

Отбасылық одақта маңыз алатын кезең, жұбайлар жұмыс қаншалықты қауырт болса да, бір-біріне көңіл бөлуге уақыт табуы тиіс. Тіпті ол үшін кейде жұмысы тоқтап жатса да, бір-бірінің халін біліп, кеңесіп отырған келісімге бас­тайды. Әйтпесе араларында сызат пайда болады.

Тағы да ескеретін бір жайт, адамның өмірлік арманы мен мақсатын жүзеге асыру үшін жақынының қолдауы аса қажет. Алайда жанындағы адам оны түсінбесе, демеп жігерлендірмесе, сол жаман. Бұл да отбасылық қатынастың бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан ерлі-зайыпты бір-бірі­нің мақсат-мұратына құрметпен қарап, қаржылай болмаса да, рухани қолдау көр­сеткені дұрыс.

Дана халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекерден-бекер айтпағаны белгілі. Алып-ұшқан сезімнің жетегінде отау құрған жастардың бірлескен көші болашаққа жол тартып, бұралаң жолдан сүрінбей өтуі үшін талай тосқауыл мен сынаққа төзулеріне тура келеді.

Демек  «Отбасы – шағын мемлекет» дегендей отау тігіп, одақ құрудың оңай шаруа емес екенін есте сақтаған жөн.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: