Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 15:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Байтұрсынов байқауының жеңімпазы

02.08.2022

937 0

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тіл үйретудегі өшпес мұраларын жалғастыру парызымыз. Биыл қазақ филологиясының негізін қалаушы тұлғаның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Мерейтой аясында Тіл саясаты комитетінің «Ш.Шаяхметов атындағы «ТілҚазына» ұлттық ғылымипрактикалық орталы­ғы оқытушылары арасында республикалық байқау ұйымдастырды.

Бұл байқау ұлы реформатор, тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-әдістемелік мұрасын насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Ұлт ұстазының өміршең ғылыми-әдістемелік ұстанымдарының өзектілігін сақтап, ұрпаққа жеткізу біздің міндет.  Жыл сайынғы дәстүрлі сайыс ұлы әдіскер ғалымның тіл оқыту, үйрету саласындағы еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгеруге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтауды және насихаттауды мақсат тұтады. Шоқтығы биік шара өткен аптада өз мәресіне жетті. Республикалық байқауға облыстық кезеңнен үздік атанған 12 үміткер қатысты. Оқытушылар байқауында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы Алтынай Орынбаева бас жүлде иеленді. Бұл – аймақ үшін зор қуаныш. Өз біліктілігін дәлелдеп, 12 облыстан озық шыққан Алтынайды қуанышымен құттықтадық.

Алтынай Романқызы 2020 жыл­дан бастап орталықта мемлекеттік тіл оқытушысы қызметін атқарып келеді. Ол өзіне тапсырылған істі жауапкершілікпен істейтін ізде­німпаз жас маман.

– Аймақ абыройын асқақтатқа­ныма қуаныштымын. Қуанышым әлі басылған жоқ. Облыста өткен іріктеуден жеңімпаз болып, рес­публикаға жолдама алдым. Ал үлкен байқаудан бас жүлде алғаныма сенер емеспін. Байқау 4 кезеңнен тұрды. Оның ережелері оңай болмады. 1-кезеңде этнос өкілдеріне 10 минуттық сабақ өткізіп, Facebook желісіндегі tilqazyna парақшасына жарияланды. Бұл арқылы тіл тағдырына немқұрайлы қарамайтын қалың оқырман қауымға пікір білдіру, баға беруге мүмкіндік туды. Келесі кезең қазақ тілін оқытудағы жинақтаған тәжірибеміз арқылы авторлық бағдарламаны қорғадық. Оған қазылар алқасы баға берді. Үшінші кезең Ахмет Байтұрсынұлының зерттеушілік мол мұрасына, еңбектеріне, ғылыми тұжырымдамасына қатысты дайындалған сұрақтарға жауап бердік. «Қазіргі таңда жаңартылған бағдарлама бойынша қалай оқытқан тиімді?» деген секілді сұрақтар қойылды. Соңғы шешуші кезең арнайы сынама топтың қатысуымен жағдаяттық түрде өтті. Біз тіл үйренушілерге сөйлеу әрекетінің төрт түрі оқылым, жазылым,  тыңдалым, айтылым бойынша тапсырма беріп, жұмыс істедік, – дейді Алтынай.

Алтынайдың жеңісі – аймақ абыройы. Облыстық тілдерді дамыту орталығы байқауға жауапкершілікпен қатысып, өз білімі мен тәжірибесін көрсете білген Алтынай Орынбаеваға алғыстарын жеткізді.

– Қазылар алқасының «Қызылордалық қатысушы жанкеш­тілікпен барлық кезеңде өз эмоциясын ұстап шықты. Біз оның білім деңгейіне тәнті болдық» деген сөздері маған ерекше көңіл-күй сыйлады. Әрбір адамды асқақ арман мен биік мұратқа жеткізетін тілі мен салт-дәстүрі екені ақиқат. Себебі тіл – халықтың рухани байлығы, ұлттық болмысы. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ана тілін ұмытқандарды осылай бір-ақ ауыз сөзбен сынға алады. Қарап отырсақ, мұның астарында мәнді мазмұн мен терең тағылым жатыр. Осылайша ол ана тіліміздің қазақ ұлтының жаны, өткені мен бүгінінің көрінісі екенін ашып көрсетеді. Біздің міндетіміз – өскелең ұрпаққа аға буын қалдырып кеткен мол мұраларды жеткізу. Оларды жаңа жаңартылған бағдарлама бойынша қазіргі жеткіншекке жеткізу. Тілімізді сақтап қалу, – дейді Алтынай Романқызы.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: