Жұма, 11 қазан, 07:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Биыл Қызылордада 1575 пәтерлі 61 үй пайдалануға берілмек

04.03.2021

6685 0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен тұрғын үй саясатын жүргізудің жаңа тетіктеріне арналған мәжіліс өтті. Жиынға бірқатар сала басшылары мен онлайн селекторлық режимде қала және аудан әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы Президент Жолдауында айқындалған тұрғын үйге мұқтаж халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін жаңа тәсілдерді енгізу арқылы тұрғын үй саясатын жүргізудің жаңа тетіктеріне қарай жұмысты жетілдіру керек екенін атап өтті.

Мәжіліс отырысында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді енгізу бағытында негізгі басымдықтар туралы баяндады.

Бүгінгі күні тұрғын үй кезектілігі мәселесін шешу үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ негізінде «Отбасы банкі» құрылды. Бұл мақсатта «Отбасы банкі» базасынан «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» құрылады. Ол тұрғын үйге мұқтаждардың барлығын орталықтандырылған негізде есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің «қолжетімділік сатысына» сәйкес тұрғын үйді бөлуді жүзеге асырады. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың» базасымен жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорлары біріктіріліп, азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады. Бұл үшін тұрғын үй қорын басқаратын тұрғын үй құрылысының «Бірыңғай операторы» іске қосылатын болады.

Жиында басқарма басшысы жаңа тәсілде тұрғын үйге мұқтаждарды іріктеу нақты табыстары бойынша жүзеге асырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орта есеппен 1,6 мыңға өсіп, бүгінде 30 мың адамға жеткенін атап өтті.

Отырыста Бердияр Пірімбетов тұрғын үй саясатын енгізудегі екінші механизм яғни ауылдық жерлерде тұрғын үй салу тетігі бойынша алдағы міндеттерді баяндады. Бұл механизм Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдарда жұмысшылары үшін тұрғын үй салудағы жұмыс беруші шығындарының 50%-ын субсидиялауды көздейді. Субсидиялауға облыс және аудан орталықтары, моно және шағын қалалар, агломерация құрамындағы елді мекендер жіберілмейді. Аталған механизмді жүзеге асыру ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартуға және қалаларға тұрғындардың көшуін тоқтатуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні 5 аудан бойынша 9 елді мекенде 13 ауыл шаруашылығы құрылымдары 54 үй салуға ниет білдірген.

Отырыста «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй алуға ниетті азаматтардың үлесі мен салым салу мәселелеріне тоқталды. Сонымен

бірге, Қызылорда облысының құрылысшылар ассоциациясының төрағасы Манарбек Еспенбетов құрылыс мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Жиын барысында облыс әкімі Әділжан Сәулебаевқа Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үй саясатына енгізіліп жатқан жаңа тәсілдерді заңдылыққа сәйкес үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, 2020 жылы барлығы 408 пәтерді құрайтын 39 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде, 150 пәтерлі 5 үй жалға берілетін, 90 пәтерлі 30 кредиттік, 168 пәтерлі 4 коммерциялық тұрғын үйлер болып табылады. Ал, «Отбасы банкі» арқылы жеңілдетілген несиемен 548 отбасы баспаналы болды.

Аймақта биылғы жылы 1858 пәтерлі 99 үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл аяғына дейін 1575 пәтерлі 61 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына тұрғын үй құрылысы саласындағы жаңа тетіктерге қатысты мәселелерді пысықтауды және облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен және «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалымен бірлесіп, жаңа тетіктер негізінде облыс бойынша тұрғын үй кезектілігіне қатысты салалық министрлікке ұсыныс енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне барлық инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етілген тұрғын аудандарда коммерциялық, арендалық, кредиттік тұрғын үйлердің жобаларын орналастыру бағытында жұмыстарды жүргізуді міндеттеді.

Күн тәртібінде көтерілген мәселелердің орындалуын бақылауға алуды орынбасары Серік Сүлейменовке тапсырды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: