Жұма, 22 мамыр, 18:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37 (2249)
19.05.2026
PDF мұрағаты

«Creative Day» жастарға кеңес беріліп, мүмкіндік ұсынылды

22.05.2026

49 0

Фото:

Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен өңір жастарына арналған «Creative Day» іс-шарасы өтті. Шараның мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, құқықтық және қаржылық сауаттылығын дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жұмыспен қамтуға қолдау көрсету және жастар арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, қоғам белсендісі Жасұлан Жақыпов, «Отбасы банкі» филиалы директорының орынбасары Дастан Тасыбаев, «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысындағы өкілі Балдырған Мәмен, кәсіби заңгер Жандос Абсат, облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ернұр Биқожаев, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының несие бөлімінің бас менеджері Бауыржан Серікбай және облыстық жастар денсаулығы орталығының маманы Гүлдана Алмурзаева қатысты.

Жиында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып, іс-шараның маңызын атап өтті.

«Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді, белсенді жастар. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Сондықтан жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсаттағы үш күндік шара кеше «Таза бейсенбі» экологиялық акциясымен басталды. Алдағы күндері жастарға арналған семинарлар, кездесулер және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастама жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігін нығайтуға бағытталып отыр», – деді Жандос Базартай.

Шара барысында қатысушылар баспана алу мүмкіндіктері, қаржылық сауаттылық, заң көмегі, кәсіпкерлік бастамалар, алаяқтықтың алдын алу, денсаулық сақтау және экологиялық мәдениет бағыттары бойынша сала мамандарынан нақты кеңестер алды. Сонымен қатар Мансап орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен танысты.

Айта кетейік, жәрмеңкеге 17 мекеме қатысып, жастар бағдарламалары аясында 295 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге қатысқан белсенді жас Жанерке Жаңабекова өзінің медициналық жоғары колледждің 4-курс студенті екенін айтып, ұсынылған бос жұмыс орындарымен танысқанын жеткізді.

«Бүгінгі ұйымдастырылған шарадан жақсы әсер алдым. Мұндай кездесулер жастарға үлкен мүмкіндік береді деп есептеймін. Жәрмеңке барысында түрлі мекемелер ұсынған бос жұмыс орындарымен танысып, еңбек нарығындағы сұраныстар туралы ақпарат алдық. Өзім медициналық жоғары колледждің 4-курс студенті болғандықтан, болашақ мамандығыма сәйкес келетін бағыттарға көбірек назар аудардым. Осындай шаралар жастарға тәжірибе жинақтап, алдағы кәсіби жолын айқындауға үлкен көмегін тигізеді», – деді Жанерке Жаңабекова.

Іс-шара аясында жастар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы жан-жақты ақпарат алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: