Жұма, 26 сәуiр, 20:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Егемендік – ел тұғыры

08.12.2021

1583 0

Елдіктің тұмары Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толып отыр. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін дәлелдейтін маңызды белес. Бір қарағанда отыз жыл қас-қағым сәттей болып көрінуі мүмкін. Дегенмен бұл біз үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Қаншама уақыт «Тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерген қазақ халқының маңдайына қонған бағы. Тарихсыз болашақ жоқ. Өткенге көз жүгіртпей, келешекке батыл қадам жасай алмаймыз. Ұлан-ғайыр жері бар, байырғы бабалардың өнегелі ізі мен өміршең сөзі бүтін бітімімімен жүйелі қазынамызға айналды. Ендеше сондай ұлағатты ұрпағы бар қазақ халқы – Ұлы халық. Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі. Біз алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп төстеген айбарлы халықтың жалғасымыз. Жаңа Қазақстан аз уақыт ішінде халқымыздың сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдыра білді. Рухы биік, еңсесі тік, еңбегі ерен, бірлігі мығым мәңгілік елдің мәртебесі асқақ болуы үшін бізді үлкен мақсат жетелейді. Ұлы мұратқа жету жолында бәрімізді тәуелсіздіктің ұлы рухы біріктіре түседі. Бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады.

Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егеменді елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сер­гек, көзқарастары мен өмір салт­тары өзгеше. Ғылым қуып, білім іздеген жалынды жастардың алға қойған мақсаты айқын, қадамы нық. XXI ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Білім мен технология ел дамуының басты қозғаушы күші бола алады. Ұлы Абай атамыз «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсеменен оздым деудің бәрі  ақымақтық» деген. Олай болса, еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін әрбір жас буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі бізді қуантады. Бұл егемендік ұғымының жастардың санасына берік орныққанының дәлелі. Бірақ, тәуелсіздік құндылығы олардың жадына біржола шеге­леніп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі тиіс. Басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білу бір бөлек. Біз Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәубе деп, тәуекелмен бет түзеп келеміз. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» демекші, мызғымас мемлекетке айналамыз десек, жұдырықтай жұмылғанымыз дұрыс. Табысқа тоқмейілсімей, Тәуелсіздікті кейінгі ұрпаққа кемелді ету – ортақ парыз.      

Тәуелсіздік толғауы жас ұрпақтың жадында жаңғырып, биік рухы әрбір азаматтың жүрегінде тербелуі тиіс. Жарқын болашаққа қадам басып келе жатқан халқымыз үшін егемендігіміз мәңгі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Гауһар МОЛДАБАЕВА

Б.Ермекбаев атындағы №271

 орта мектебінің директоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: