Жұма, 29 наурыз, 15:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Еңбегі ерен ер еді…

28.05.2022

1079 0

Адам өмірі қай кезеңде де тікелей еңбекпен байланысты. Қоғам және адам­ның түрлі өзгерістер арқылы дами­­тынын бәріміз білеміз. Алайда мұн­дағы негізігі фактор – еңбек. Міне, сол еңбекпен елдің еңсесін тіктеп, туған өлкенің өзгеше түлеуіне үлес қос­қан тұлғалар жетерлік. Соның бірі – ақжармалық Рахматулла Қайыпқожаұлы Бақбергенов.

Рахматулла Қайыпқожаұлы 1934 жылы 21 желтоқсанда Қызылорда облы­сының Сырдария ауданында дү­ниеге кел­ген. Заманның қиын-қыстау кезеңінде өмір есігін ашқан оның балалық шағы оңай болған жоқ. Өйткені ол өмірге келген кез 1930-1933 жыл­дардағы ашар­шылықтан кейінгі жыл еді. Ел нәубеттен еңсе тіктей алмаған кез бұл.

Қазақстанда жүргізілген сталин­дік-голощекиндік реформа, содан туын­даған шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жою, бас көтертпес ет, астық тағы да басқа ауыл шаруа­шылығы өнімдері салықтары, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруа­ларын жаппай және күшпен отырық­шыландыру науқандарының салқыны кете қоймаған шақ. Ашаршылық аздай, кейін бұған Ұлы Отан соғысы қосылды. Кейіпкеріміз қасіретті кезеңде майдан даласында қан кешпесе де, тылда жүріп, жеңісті жақындатуға еңбегімен атсалысқан.

Осындай қиын кезеңмен өмірі тұс­па-тұс келген Рахматулла еңбекке ерте араласады. Әлі буыны қатпаған бала­лық шағында тұрмыстың да, дәуір­­дің де қиыншылығын бір кісідей көр­ген кейіпкеріміз еңбек жолын 1955 жылы облыстық санитарлық-эпидемиология­лық станциясында жүр­гізуші болып бастайды. Тек 1966 жылы ауылына оралып, Қызылорда машина сынау станциясында жүргізуші болып орналасады. Кейін аталған мекемеде механизатор болып қызмет атқарады. Осы уақыт аралығында адал еңбек, біртоға мінезімен ортасына таныла түседі. Айналасындағылар оның ең­бекқорлығына ілтипатпен қарайды. Қандай істің басында жүрсе де, әр ісін тиянақты істейтін ол ел сеніміне ие болады. Оның қабілетін аңғарған бас­шылар түрлі қызмет те ұсынады. Содан араға біршама жыл салып, 1974 жылы шаруашылықтағы күріш бригадасының бригадирі болады. Осы жылдары елге елеулі еңбегі сіңгенін жерлестері әлі күнге ұмытпай айтып жүр.

– Осы МИС-ке жоғарғы оқу орнын бітіріп жолдамамен келгеніме де 50 жыл­дан асып кетіпті. Ол кезде ауыл қа­зір­гідей емес, шағын болатын. Бірақ қанша жыл өтсе де, ауылдың қазығын қадап, шаруашылықтың негізін қалаған Рахматулла ағамыздың жарқын бейнесі есімде жақсы сақталыпты.

Ғ.Мұратбаев көшесінде тұрамыз. Ол кезде мен отызға тола қоймаған жас жігітпін, инженер-сынақшы болып жұ­мыс істеймін. Ақ-сары келген, келбетті, жүзінен қарапайымдылығы байқалып тұратын ағамыз осы көшемізбен күн­де өтеді. Үйдегі үлкендерге сәлем беріп кетеді және күнде осы қалпынан танбайтын. Адамгершілігі мен кіші­пейлділігі ғой.

Ол кісі шаруашылықта жүргізу­ші, механизатор, күрішші болып жұмыс істеді. Іскерлігінің, жұмысына жан-тәні­мен берілгендігінің арқасында күріш бригадасының бригадиріне дейін көте­рілді. Табандылығы, адам­дарға қамқор­лығы мен талап қоя білетіндігі шаруа­шылықтың көшін біраз ілгерілетті, – дейді ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Жанахмет Түленов.

Иә, еңбек есейткен кейіпкеріміздің еткен еңбегі жайлы айтар сөз, келтірер дерек аз емес. Дегенмен көзін көрген кісілерден артық кім айтсын?!

– 1970 жылдан бастап Рахматулла аға­ның еңбек жолымен таныспын. Себебі ол кісі 30 шақырым әріде ор­наласқан Тасбөгеттегі №172 орта мектебіне көп жылдар бойы ауылдың оқушыларын тасымалдады. Ағаның қарапайымдылығы, балаларға жайлы­лығы сондай, бүгінде оны білетіндер  ол кісінің адамдығын ұмытпаған. Әлі күнге айтып жүреді. Көктемгі қайнаған тіршілікте таң сәріден егіс алқабын аралап, қас қарая отбасына оралатынын бәріміз көргенбіз. Еңбекқор кісі еді ғой, –  дейді ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Мереке Асанбаева.

Ғұмыр бойы адамдық қалпынан айнымай, адалдықтың ақ туын жықпай өткен бұл кісінің ел үшін еткен еңбегін кейінгі ұрпақ ұмытпақ емес. Ауыл тұр­ғындары оның табандылығына риза болатын. Бұлай деуімізге себеп жоқ емес. Күріш бригадасының бри­гадирі болып тағайындалған соң, тәуір нәтижеге жеткенше, сонда табан аудармай 1982 жылға дейін 8 жыл еңбек етеді. Осы жылдары еткен еңбек, төккен тер ақталып, оның басқаруымен ұжым жоғары көр­сеткіштерге қол жеткізіп, егістен мол өнім алады.

Оның бұл еңбегі елеусіз қалмай, ара­ға жылдар салып халқының құр­метіне бөленеді. Санамалап айтсақ, оның еңбегін мемлекет жоғары ба­ға­лап, 2 мәрте ІІ-ІІІ дәрежелі социа­листік жарыс жеңімпазы ме­далі­мен марапатталған. Кейін «Бес жыл­дық» озаты төсбелгісімен және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ор­денімен, «10 жыл­дық» төсбелгісімен марапатталады. Оның еселі еңбегін байқаған болу керек, кезекті бір марапат кезінде оған кезектен тыс «Москвич» автокөлігін сыйға тар­тады. Бұл да оның жемісті еңбегіне деген алғаусыз алғыс еді.

Иә, Рахматулла Бақбергеновтің есі­мі Сырдағы шаруа халыққа жақсы таныс. Ол елге еселі еңбек етті, әлі де еңбек етер еді. Бірақ 1987 жылы 18 шілдеде ұзаққа созылған аурудан өмірден озды. Алайда Рахматулла аға­мен оның жары Шартай апаның артында 9 баласы қалды. «Алтынның сынығындай» сол балалардан бүгінде 19 немере, 47 шөбере тараған. Ал сексеннің сеңгіріне шыққан Шартай апа – батыр ана. Балалары әке ізін қуып шаруашылықпен айналысқан.

Бүгінде Қызылорда қаласына қа­­расты Баймұрат батыр ауылында Рахматулла  Қайыпқожаұлының атын­да мешіт бар. Осыдан 10 жыл бұрын іргетасы қаланған қасиетті үйге ха­лық бірауыздан «Рахматулла» атын берген.

Қазақ жақсының қадіріне жете білген халық. Әрлі-берлі тарихтан сөз тартып, бұл кісінің жасаған жақ­сылығын бұлдау ойымызда жоқ. Де­­ген­мен ауыл тұрғындары талай ұрпақтың кіндік қаны тамған жердің қазығын қағып, негізін қалаған еңбегі ерен тұлғаға ауылдан көше аты берілсе дейді. Бұл Рахматулла Қайыпқожаұлының ел үшін еткен еселі еңбегінің, қиындыққа толы өмірінің өтеуіндей болар ма еді?!

Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: