Бейсенбі, 28 мамыр, 15:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39 (2251)
26.05.2026
PDF мұрағаты

Мәжілісте қандастарды өңірлерге бағыттау мәселесі талқыланды

28.05.2026

37 0

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Мәжіліс отырысында қандастарды қоныстандыру және оларға қойылатын талаптарға қатысты мәселелер көтерілді, – деп хабарлайды KAZINFORM

Депутат Мұрат Әбенов мемлекет іске асырып жатқан пилоттық жобаларға байланысты қоғамда түрлі пікір қалыптасқанын айтып, қандастарға қатысты өзгерістер жөнінде сұрақтар барын жеткізді.

— Бұл заң жобасын қолдаймын. Осыдан он екі жыл бұрын «Серпін» жобасын бастадық. Оңтүстік өңірлердің жастарын солтүстікке оқуға жіберіп, техникалық мамандықтарға бейімдедік. Жоба өз нәтижесін берді. Сондықтан мұндай жүйелі тәсілді заң деңгейінде бекіту дұрыс деп санаймын, — деді депутат.

Сонымен бірге ол сыртқы көші-қон мен қандастарға қатысты енгізіліп жатқан өзгерістер қоғамда түсінбеушілік туғызып отырғанын айтты.

— Соңғы уақытта маған осы мәселеге байланысты бірнеше адам хабарласты. Пилоттық жоба келесі жылдың басынан енгізіледі екен. Бұрын қандастар қай өңірге баратынын өздері шешетін. Қазір тек белгілі аймақтарға бағыттайды деген әңгіме айтылып жүр. Осы мәселе нақты қалай болады? — деді Мұрат Әбенов.

Депутат қандастарға қойылатын тілдік талап мәселесіне де тоқталды.

— Қандастарға қатысты Қазтест енгізілген. Бірақ олардың кирилл қарпін меңгеру деңгейі әртүрлі. Бұл талап заңда нақты көрсетілмеген. Сондықтан көпшілікке түсініксіз болып отыр, — деді ол.

Сондай-ақ депутат қандас мәртебесінің мерзіміне қатысты сұрақ қойды.

— Қандас мәртебесі бір жылдан бес жылға дейін ұзартылды деген ақпарат бар. Бұл өзгеріс заңмен бекітілді ме, әлде әкімшілік деңгейде қабылданған шешім бе? — деп нақтылады ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев пилоттық жобаның мақсаты елдің экономикалық және демографиялық мүддесін ескере отырып әзірленгенін айтты.

— Сыртқы көші-қонға қатысты шаралар пилоттық жоба аясында іске асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты — еліміздің экономикалық және демографиялық мүддесін ескеру, — деді вице-министр.

Оның айтуынша, мемлекет ешкімді бөліп-жармайды.

— Қандас болсын, өзге шетел азаматы болсын, егер адам Қазақстанда өмір сүріп, болашағын осы елмен байланыстырғысы келсе, мемлекет азаматтық алу рәсімінде қолдау көрсетеді, — деді Ербол Тұяқбаев.

Сонымен қатар ол еңбек көші-қонын реттеу үшін азаматтарды жұмыс күші қажет өңірлерге бағыттау тетігі қарастырылып жатқанын айтты.

— Егер адамның келу мақсаты уақытша еңбек ету болса, біз оларды сұраныс жоғары өңірлерге жіберуді қарастырамыз. Бұл еңбек нарығындағы қажеттілікке байланысты, — деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, тіл білуге қатысты бастапқы талап та енгізіліп жатыр.

— Бұл дүкенде, қызмет көрсету орындарында қарапайым тілдесу үшін қажет. Мұндай талап халықаралық тәжірибеде де бар, — деді Ербол Тұяқбаев.

Ресми мәліметке сәйкес, тест тапсырғандардың басым бөлігі белгіленген талаптан өтіп жатыр. Жаңа жүйе қандастарға да, өзге үміткерлерге де бірдей қолданылады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: