Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда биылғы оқу жылының аяқталуы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, суға шомылу мезгіліндегі сақтық шаралары талқыланды. Бұл жиындағы міндеттер бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Биыл қала бойынша 4 436 оқушы 11 сыныпты аяқтауда. Осыған орай, орта білімі туралы аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімін жоғары деңгейде ұйымдастыру, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселесі қатаң бақылауда болады. Ал, шомылуға тиым салынған су айдындарында күнделікті рейдтік шараларды жүргізу, қала тұрғындары мен ата-аналарға профилактикалық түсіндірме жасау – басты талап.
Сондай-ақ, аумақтардың стихиялық қоқысқа айналуын болдырмау, шаруашылықтар мен ауылдарды аяқ сумен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе.
– Қала – ортақ үйіміз. Республика бойынша Қызылорда қаласы ең таза қала атағына ие болғанын жақсы білесіздер. Сол үшін санитарлық тазалық күн тәртібінен түспейді. Әсіресе, еңбек адамдарының жасаған жұмыстарына құрметпен қарап, тазалық сақтауға барлық тұрғындарды шақыру қажет. Сондай-ақ, айтылған барлық мәселе сапалы әрі уақтылы орындалуы тиіс, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
