Облыстың өнеркәсіптік өңдеу саласында 54,1 пайыздық өсім қалыптасып, Қызылорда облысы өңірлер арасында өсiм қарқыны бойынша бірінші орынға шықты. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлімдеді.
Үкімет отырысының күн тәртібінде 2023 жылғы қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселері талқыланды. Жауапты ведомство басшылары баяндама жасап, тиісті ұсыныстарды жеткізді. Оның ішінде, Сыр өңірінің өңдеу өнеркәсібін дамытудағы жоғары көрсеткішке қол жеткізгені ерекше аталып өтілді.Жиынды қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов алдағы уақытта назар аударылуы тиіс мәселелерді атап өтіп, жұмыс қарқынын әрі қарай күшейтуді тапсырды.Үкімет тапсырмаларын орындау бойынша селекторлық жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев экономикалық өсімді қалыптастыру бағытында бөлінген қаражатты уақытылы әрі мақсатқа сай игеру бойынша қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
«Облыс аумағында қаңтар айында 1,4 млрд.теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, өсім 35,9 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстары тек Қызылорда қаласында, Жалағаш және Сырдария аудандарында ғана жүзеге асырылған. Қалған аудандарда қаңтар айында құрылыс жұмыстары мүлде атқарылмаған. Сондықтан, облыстық басқарма басшыларына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша ай сайынғы өсімді қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді аймақ басшысы.Облыс әкімі көлік және қоймалау саласының даму көрсеткіші 94,7 пайыз ғана болып,меженің толық орындалмағанын сынға алды.– Бұл саладағы жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмегенінен және жауапты басқарма басшысы тарапынан бақылаудың жоқтығынан орын алған, – деді Н.Нәлібаев.
Осы кемшіліктерге жол берген облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пақуатдин Шамұратовқа қатысты тиісті шара қабылданбақ.Жиында өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қала, аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына бюджет қаражатын уақытылы әрі сапалы игеру қажеттігі ескертілді. Аймақ басшысы бюджетті атқару бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай мен Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменовке қатаң ескертті. Бұл жоспарлаудағы жүйесіздіктен және бақылаудың осалдығынан болғанын айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге қатысты айтсақ, биыл облыста «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жанынан құрылған «Қызылорда облысының даму орталығы» мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басшылығы бірлесіп жұмыс жасау керек. Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерде жергілікті ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыс нәтижелері мен ұсыныс-пікірлерін ескеруді тапсырды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!