Бүгін облыстық мәслихат депутаты, Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Балжан Шәменованың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ, барлық басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 9 желтоқсандағы №199 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.
Аталған мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С.Мырзабек хабарлама жасады. Басқарма басшысы бірлескен отырыс алдындағы тұрақты комиссия отырысында депутаттар тарапынан көтерілген ұсыныстарға жан-жақты тоқталып, қолдау тапқан мәселелерді атап өтті.
Атап айтқанда, депутат І.Тілептің Әйтеке би кенті, Желтоқсан көшесіндегі автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жобасын аяқтауға; Қазалы ауданы Ақжона ауылдық округі, Майдакөл ауылындағы Алмас көшесін орташа жөндеу жобасын аяқтауға; С.Мұстафаның Кейден ауылдық округінде орналасқан дене шынықтыру-сауықтыруының және Келінтөбе аулында биыл жылы жаңадан ашылған дене шынықтыру-сауықтыруының штаттарын ұстап тұру үшін; «Мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасына, А.Абибуллаеваның отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мемлекеттік мекемесіне материалдық-техникалық базасын нығайтуға; М.Нәлібаевтың «Mass Alert» халықты орталықтандырылған шұғыл жаппай хабарландырудың автоматтандырылған жүйесі бойынша; туризм басқармасының ұстап тұру шығындарына және т.б қаржы бөлу туралы көтерген мәселелері қолдау тапты.
Отырыс барысында туындаған қосымша сұрақтарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов және басқарма басшысы Сәкен Мырзабек толыққанды жауап берді.
Депутаттар өз кезегінде өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау және бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын басты назарда ұстау керектігін жеткізді.
Отырыс соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, күн тәртібіне ұсынылған барлық мәселе бірауыздан мақұлданып, шешім жобалары сессия қарауына жіберілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
