Бейсенбі, 28 қараша, 05:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Өмірі өнегеге толы

11.04.2022

682 0

Зиялылық – адамның жо­ғары мәдениеттілігінің ақыл-парасаты мен адамгершілік қасиеттерінің жиынтығын біл­діретін ұғым.

Бұл орайда Қазақстан Журна­листер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қызыл­орда облысын Жалағаш ауда­нының Құрметті азаматы Сәбит Иманғалиевті зиялылық пен парасаттылық тұ­ғырындағы тұл­ғалық болмысы тұрғысынан бағалаймыз. Сексен жастың сеңгіріне көтерілген абыз ақсақалдың ғұмырнамасындағы еңбек белестері ата-бабалық өнегелі өмір сүру ұлағатын айқын аңғартады.

Сәбит аға ғұмырнамасының алтын арқауы – туған жеріне, ауылына, сол арқылы кең-бай­тақ Отаны Қазақстанға арнал­ған перзенттік-азаматтық ма­хаб­баты. 1942 жылы Қазалы ауда­нының К.Маркс атындағы кол­хозда мектеп директоры бо­лып қызмет істеген Иманғали Жұмағұловтың отбасында ел ара­лап шығармашылық іссапарда жүрген классик жазушымыз Сәбит Мұқанов құрметті қонақ болыпты. Қаламгердің әйгілі «Сырдария» романын жазуы үшін Сыр өңірін аралап жүрген кезі шығар. Халық жазушысы құрметті қонақ болған сол кеште дүниеге келген нәрестеге Сәбит есімі қойылыпты.

Ол Мақпалкөл ауылында ағартушы-ұстаз Иманғали мен абзал ана Мәрияның көпбалалы отбасында тәрбие алып өсті. Әкесі Иманғали көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновпен бірге өсіп, отызыншы жылдары Таш-кенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде бірге оқып ағар­­ту­шылық жұмысында қыз­мет­тес-әріптес болған. Әке­нің кейін мектеп директоры болып, балаларының оқып білім алуына, зиялы, парасатты болып өсуіне ықпалы тигені анық. Бұл – тек­­тілік қасиеттің бала бойына дарып, ағартушылық қызметтегі өркениеттің гуманистік дәстүрі десе болғандай. Сәбит 1959 жылы орта мектептен соң Қызылорда қаласындағы меди-цина училищесін фельдшерлік ма­мандығы бойынша бітіреді. Мұнан соң Жаңаталап колхозын­да фельдшер, кейін көрші Аққыр ауы­лында жаңадан ашылған ауру­хана меңгерушісі болып еңбек етеді.

Мұнан соң Сәбит Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен «Қазақ тілі мен әдебиеті» маман­дығы бойынша жоғары білім алады. Медициналық және фило­­ло­гиялық-педагогикалық қос мамандықты игерген оның енді­гі еңбек жолы ауылындағы №188 орта мектептің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі одан кейін «Мәдениет» совхозындағы орта мектептің директоры қызмет­терімен жалғасты.

Сол кезеңдегі кеңестік басқару жүйесіндегі саясат қазақ жастарын онжылдықты бітіргеннен кейін қой бағу, егін егу жұмыстарына еріксіз қалдырып, талай дарынды жастардың  әлеуетін танытуына кедергі жасалды. Бұл Сәбит аға­мыздың азаматтық көз­қара­­сындағы намыс отын тұтатқан ай­рықша саяси-әлеуметтік жағдай болды.

Мұны жаңа буын ұрпақтың өркендеуін дамытуға арналған жаңа қызметтері арқылы жүзеге асыра бастады. Сөйтіп, 1980 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, «Қазақ тілі» қоғамын басқарған тоқсаныншы жылдары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жолға қоюда көптеген іс-шаралар ұйымдастырды. Ук­раинадан жазу машинкаларын алдырып, оған қазақ әріптерін ен­гіздірді. Мерзімді баспасөз бет­терінде өзекті мәселелерді кө­теріп, бірқатар мақала жариялады. Облыстық радио мен телеарнадан арнайы сұхбаттар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарының жиындарын­да қазақ тілінің мәртебесі ту­ралы мазмұнды баяндамалар жасады. 1967 жылдың күзінде шаңырақ көтеріп, жары Зүбай­ра Қыстаубаева екеуі ата-баба­лар­дан жалғасқан ұлағатты дәс­түрін лайықты деңгейде да­мыт­ты. Зүбайра Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атын­дағы педагогикалық училищені, одан кейін Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтты «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген жоғары білімді, білікті маман. Ол өзі туған Жалағаш ауданындағы «Аққыр», «Мәдениет» ауылдарындағы орта мектептерде ұстаздық еңбек жолында тиянақты қызмет етуі­мен танылды. Жас маманның ұйымдастырушылық қабілетін байқаған аудан басшылығы Жалағаш аудандық комсомол ко­митетінің бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындаған еді. Бұдан кейін ол Қызылорда қаласындағы жұмысшы жастар кешкі мекте­бінде ұстаздық еңбек жолын жалғастырды. Осы қызметте жүріп, Алматыдағы көрнекті филолог ғалымдармен бірлесіп, жоғары сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулығын шығарды. Осы еңбегінің нәтижесінде 1989 жылы өзі жоғары білім алған Қызылорда мемлекеттік педагогикалық инс­титутының аға оқытушысы қыз­метіне қабылданып, көп ұзамай Қазақстан білім беру ісінің үздігі атанды. 1999 жылы олардың отбасы Алматыға қоныс аударғаннан кейін отаға­сы Сәбитпен бірге Алматы эко­но­мика және статистика ака­демиясында, сонымен қатар өзі Қазақ-Америка университетінде аға оқытушы болды. Ерлі-зайыпты қаламгер ұстаздардың бірлесіп жазған «Қызылорда көшелері» атты та­нымдық-анық­тамалық кітаптары тілтану, ел­тану тұрғысындағы маңызымен жұртшылықтың ықы­ласына ие болды. Он мың сөз­ден тұратын «Орысша-қазақша сөздік» еңбегіндегі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру мақсатындағы іс қағаздарының қазақша үлгілері мен тіл дамыту тараулары халықтың әлеуметтік топтары мен тіл үйірмелері үшін таптырмайтын пайдалы кітап болды. Ол халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арқылы республиканың облыстарына та­ратылды. Үш тілде жарық көрген «Астаналардағы көшелер» атты көлемді еңбегі Қызылорда, Алматы, Астана қалаларына ар­налды. Еліміздің үш астанасы болған қалалары жайлы еңбек 2014 жылы Германияның және Түрікменстанның астаналарын­дағы халықаралық кітап көрме­леріне қойылып, құнды мате­риал­дар әлем халықтарына таныс­­тырылды.

Бүгінде 80 жасқа толған Сәбит аға мен 75-ке келген сүйікті жары Зүбайра – үлгілі отбасы иелері. Олардың отбасында үш ғалым, екі журналистер ода­ғының мүшесі, екі құрметті азамат, білім және мәдениет саласының екі үздігі және от­басы мүшелері жазған он жеті кітап жарық көрген. Өркениет кеңістігіндегі қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен қалыптасқан, домбырамен күй тартатын, ән салатын, бірнеше тілді меңгерген бұл отбасы – зиялылықтың, парасаттылықтың үлгісі.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: