Қазіргі таңда дүкен сөрелеріндегі тауар түрлері өте көп. Әрбір тұтынушы сапалы әрі қауіпсіз өнімді таңдауға құқылы. Осы ретте өнімнің таңбалануы маңызды рөл атқарады. Таңбалау – тұтынушыға өнім туралы толық әрі нақты ақпарат беретін негізгі құрал.
Өнімнің қаптамасындағы мәліметтерді оқу арқылы оның сапасын, жарамдылық мерзімін, құрамын және сақтау шарттарын білуге болады. Сондықтан кез келген тауарды сатып алмас бұрын таңбалануына назар аудару қажет.
Таңбалауда қандай ақпарат болуы тиіс?
Өнімнің заттаңбасында төмендегі мәліметтер көрсетілуі керек:
- өнімнің атауы;
- өндіруші ұйымның атауы мен мекенжайы;
- шығарылған күні;
- жарамдылық мерзімі;
- сақтау шарттары;
- өнімнің құрамы;
- тағамдық құндылығы;
- салмағы немесе көлемі;
- техникалық регламенттерге сәйкестігі туралы белгі.
Егер бұл ақпараттар көрсетілмесе немесе түсініксіз жазылса, мұндай өнімді сатып алудан бас тартқан дұрыс.
Таңбалану не үшін қажет?
Таңбалау тұтынушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған. Әсіресе:
- аллергиясы бар адамдар үшін өнім құрамын білу маңызды;
- жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдер улануға әкелуі мүмкін;
- сақтау талаптары сақталмаған өнім сапасын жоғалтады.
Сонымен қатар таңбалау жалған немесе сапасыз өнімдерді анықтауға көмектеседі.
Тұтынушылар нені ескеруі керек?
Сатып алу кезінде:
- қаптаманың бүтіндігін тексеріңіз;
- мәтіннің анық жазылуына назар аударыңыз;
- жарамдылық мерзімін міндетті түрде қараңыз;
- күмәнді, өшірілген немесе қайта жапсырылған заттаңбасы бар өнімдерді алмаңыз.
Балалар тағамы, сүт өнімдері, ет және тез бұзылатын тауарларға ерекше мұқият болған жөн.
Заң талаптары
Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері мен санитариялық талаптарына сәйкес өнім таңбалануы мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылуы тиіс. Ақпарат нақты, түсінікті әрі оқуға ыңғайлы болуы қажет.
Өнімдердің дұрыс таңбалануы – тұтынушы құқығын қорғаудың және халық денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі. Сондықтан әрбір азамат тауарды сатып аларда оның таңбалануына бейжай қарамауы керек.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен өнімдер қауіпсіздігін мониторингілеу аясында тауарлардың таңбалануы да назарға алынады. Жыл басынан бері
мониторинг барысында зерттеуге алынған 659 өнім сынамасынан 112 сәйкессіздік анықталып, оның басым көпшілігі, яғни 108 өнім осы таңбалану бойынша талаптарға сай болмай шықты.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
