Республика күні қарсаңында отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Мерейлі отбасы» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары марапатталды. Сыр өңірінен қатысқан Байжановтар отбасы республикалық конкурста жеңімпаз атанып, аймақ абыройын асқақтатты.
Қазіргі таңда отбасында өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту маңызды болып отыр. Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру үлкен мәселеге айналды. Сондықтан да елімізде 2014 жылдан бері осындай өнегелі байқау жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
Байжановтар әулетінің үлкені – 99 жастағы Сәрсенбек Байжанов 38 жылдан астам уақыт ұрпаққа ұстаздық қызмет жасаған. Сонымен қатар «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері, «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Майдангер ұстаз «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағын да алған.
Құт қонған шаңырақта 11 бала, 38 немере, шөбере, 3 шөпшек өсіп, алып бәйтерекке айналған. Осылайша өнегелі отбасы «Балалы үй – базар» бақытын көпке үлгі етіп келеді.
Биыл мерейлі шараға облыстан 178 отбасы қатысуға ниет білдірген. Жыл сайын үлгілі отбасылардың саны артып келеді. Республикалық байқауда жеңімпаз атанған Байжановтар отбасын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Тағылымды тәрбиенің талбесігі отбасыдан қаланады. Бір-бірін бауыр деп мейір құшағында өсу, еңбекке жетелеп, жауапкершілікке жаттығу, досқа беріктік пен Отанға адалдық отбасының өнегелі дәстүрі. Сол дара дәстүрді дәріптеген Байжановтардың отбасы бағаланды, – деді аймақ басшысы.
Осындай үлгі тұтарлық мерейлі отбасылар көбейе түссе еліміздің іргесі сөгілмейтіні анық.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!