Достық үйінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті көшпелі баспасөз конференциясы өтті. «15 мамыр – Халықаралық отбасы күні» тақырыбына арналған жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов отбасы институтын нығайту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Спикердің айтуынша, 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген Халықаралық отбасы күні қоғам назарын отбасы құндылықтарына аударуға бағытталған маңызды дата. Осыған орай аймақта жыл сайын ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Биыл өңір бойынша 700-ге жуық мәдени-танымдық, тәрбиелік іс-шара өткізу жоспарланған.
«Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Сондықтан отбасы институтын нығайту мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Аймақта отбасы құндылықтарын дәріптеуге, жастарға сапалы тәрбие беруге ерекше көңіл бөлінуде», – деді Руслан Мұхамедәліұлы.

Баспасөз конференциясында қайырымдылық акциялары, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсету, «Отбасы ағашы» акциясы, «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауы, балаларға арналған спорттық және тәрбиелік жобалар туралы айтылды. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде психологтардың қатысуымен ата-аналармен кездесулер өткізіліп, отбасы тәрбиесінің маңызын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

«Өңірде ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда облыста 17 мыңнан астам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері, 48 мың көпбалалы отбасы бар. Мемлекеттік жәрдемақылар көлемі де жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ аймақта жастардың сапалы білім алып, кәсіби дамуына жағдай жасалып келеді. Наурыз айында Қызылордада еліміздегі алғашқы «Құзыреттілік орталығы» пайдалануға берілген. Заманауи нысан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен бизнес өкілдерінің ортақ алаңына айналып, халықаралық кәсіби жарыстарға мамандар даярлауға мүмкіндік беруде» – деді басқарма басшысы.

Жиында балалар мен жастарға арналған жаңа әлеуметтік нысандар да таныстырылды. Ертең Президент саябағы аумағында 300 орындық балалар тынығу лагері ашылмақ. Лагерьде спорт кешені, бассейн, амфитеатр, ойын алаңдары мен киіз үйлер қарастырылған. Сонымен қатар Ботаникалық білім беру орталығы салынып, балалардың экологиялық танымын кеңейтуге мүмкіндік жасалмақ.
Бұдан бөлек, «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа кешенде олимпиадалық бассейн, 2500 орындық спорт залы және түрлі форумдар өткізуге арналған конференция залы болады. Нысанды биылғы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.
Жиында спикер «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына да кеңінен тоқталды.
«2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жоба биыл 13-рет өткізілмек. Осы уақытқа дейін облыстан 3000-нан астам отбасы қатысқан. Былтыр барлық елді мекеннен 231 отбасы өтінім берген. Биыл конкурсқа құжат қабылдау 15 мамыр мен 15 маусым аралығында жүргізіледі. Бұл байқау отбасы құндылықтарын дәріптейтін бірегей жоба. Өнегелі отбасыларды насихаттау арқылы қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Биыл да жерлестеріміз республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетеді деп сенеміз», – деді спикер.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
