Қала әкімдігінің мәжіліс залында БАҚ өкілдерінің мерейлі мерекесіне арналған салтанатты қабылдау өтті. Айтулы күннің құрметіне орай, шаһар басшысы Нұржан Ахатов сала өкілдерінің қоғамдағы орны мен халық жүрегіндегі беделі туралы тілге тиек етіп, айшықты мерекемен құттықтады.
-Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде «Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек» деген болатын. Расында, бұқаралық ақпарат құралдары еліміздің бүгіні мен ертеңін қалыптастыруда, қоғамды демократияландыруда, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяси тұрақтылығын қалыпты ұстауда айырықша маңызға ие. Осы ретте, ұлт болып ұйысуға, ұлт жоспары мақсатында атқарылған шараларға белсене қатысып, ақпаратпен қамтудағы зор үлестеріңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын»,- деді Нұржан Сәбитұлы.
Содан соң шаһардың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелері мен жарқын жетістіктерін ақпараттандырып, халық пен билік арасында алтын көпір бола білген сала үздіктеріне қала әкімінің арнайы алғыс хаты мен қаржылай сыйлар табысталды. Сондай-ақ, «Халық» газеті мен Kiltmedia.kz сайтының тілшісі Рыскелді Сәрсенұлы мен «Шешім журналистикасы» ассоциациясының оңтүстік өңірлік үйлестірушісі, медиа тренері Нұрбек Сағатұлы қаламыздың ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ, «Qyzylorda» телеарнасының 35 жылдығы, «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «http://xn--yzylorda-l9g.news/» ақпараттық агенттігінің 15 жылдық мерейтойына орай аталған ұжымдарға сый-құрмет көрсетілді.
Ұлт мақтанышы Шерхан Мұртаза айтқандай, «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» сала өкілдерінің қадірін арттыру бағытында мереке қарсаңында көптеген мәні мен маңызы жоғары іс-шаралар ұйымдастырылды. Яғни, ерлер арасында бильярдтан, қыздар арасында үстел теннисінен өткен турнирлерді айтсақ болады. Жалпы, мұндай шаралар дәстүрге айналып, ұшқыр қалам иелеріне көрсетілер құрмет толастамақ емес.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
