Қазақстанда банктер мен микрофинанстық ұйымдар үшін биометриялық аутентификацияның жаңартылған ережелері бекітілді, – деп хабарлайды KAZINFORM
Тиісті құжат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2026 жылғы 3 сәуірдегі қаулысымен қабылданды.
Жаңа ережелер цифрлық қаржылық қызметтердің қауіпсіздігін күшейтуге және клиенттердің дербес деректерін қорғауға бағытталған. Құжат 2024 жылдан бері қолданылып келген бұрынғы нормалардың орнына енгізіліп отыр.
Биометриялық тексеру қалай өтеді?
Аутентификация клиенттің бет-бейнесі арқылы жүзеге асырылады және бірнеше кезеңнен тұрады:
құрылғы камерасы арқылы адамның ағымдағы бейнесін түсіру
жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу
мемлекеттік дерекқордағы немесе провайдердің расталған базасындағы эталонды суретпен салыстыру
жүйе арқылы автоматты сәйкестендіру
Қауіпсіздік күшейтіледі
Алаяқтықтың алдын алу үшін «тірі екенін тексеру» (liveness) міндетті болады. Жүйе пайдаланушыға кемінде үш кездейсоқ әрекет (мысалы, басын бұру, қимыл жасау) орындауды талап етеді.
Егер сәйкессіздік анықталса, тексеру қайта жүргізіледі. Үш рет сәтсіз әрекеттен кейін рәсім өтпеген болып есептеледі.
Қосымша талаптар
биометриялық бағдарламалар бұзудан және деректерді қолдан жасаудан қорғалуы тиіс
камераны алмастыру мен эмуляторларды анықтау қарастырылады
барлық тексеру кезеңдері электронды құжаттарға тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады
деректерді беру арналары міндетті түрде шифрланады
Қорытынды шешімді қаржы ұйымының өзі қабылдайды — тексеру нәтижелері мен ішкі талаптарға сүйене отырып.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 20 сәуірден бастап күшіне енеді.
Айта кетелік Ұлттық биометриялық сәйкестендіру жүйесіне қосылу және жұмыс істеу ережелері әзірленеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
