Жазғы мектеп демалысының басталуына жақын қалды. Осыған орай балаларды сауықтыру орындарын жазғы маусымға дайындау мәселелері аса өзекті болып табылады. Барлық сауықтыру ұйымдары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарына сай болуы тиіс.
Балалар келіп орналасқанға дейін барлық қала сыртындағы лагерьлер белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті.
Ашылу алдында шомылу орындарындағы ауыз су, бассейндер мен су айдындарының су сынамаларына зертханалық зерттеу жүргізіледі, топырақ пен құм тексеріледі.
Санитариялық қағидаларға сәйкес лагерьдің аумағы қоршалуы тиіс, объектілер үздіксіз ауыз сумен, ыстық сумен, кәрізбен, жарықпен, желдеткішпен қамтамасыз етіледі. Барлық үй-жайлар таза болуы тиіс, Қазақстан Республикасында рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күнделікті тазалау жүргізілуі қажет. Объектілердің жиһазы мен жабдығы балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келуі аса маңызды. Сауықтыру лагерлерінде күніне бес рет тамақтану көзделеді және медициналық қызмет көрсетіледі.
Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған кезде балаларды лагерьге қабылдауға жол берілмейді.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында дайындық кезеңінде жазғы демалысты ұйымдастырумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға келесі талаптарды қамтамасыз етуді ұсынады:
- ғимараттар мен құрылыстарға жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу;
- кеміргіштерге, жәндіктерге қарсы аумақты өңдеу, тазарту және абаттандыру;
- желдету мен ауаны баптау жүйелерін қоса алғанда, инженерлік желілердің жұмыс істеу тиімділігін тексеру;
- төсек-орын, ыдыс-аяқ, асхана жабдықтары мен мүліктің жеткілікті мөлшерімен жарақтандыру;
- персоналды оқыту;
- маусым ашылғанға дейін объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу.
Жазғы сауықтыру ұйымдарының негізгі міндеті – балалардың қауіпсіз демалуын және сауықтыруын қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылуы ұдайы бақылауда болуы тиіс.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
