Қала әкімдігінің баспасөз орталығында Төтенше жағдайлар басқармасының аға инспекторы Елдар Есенгелдиев суға шомылу маусымының өту барысы мен судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.
Брифингте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілгені айтылды. Қалада «Эдельвейс» және «Сыр толқыны» жағажайлары жұмыс істеуде. Ал, суға түсуге тыйым салынған 16 қауіпті учаскеге 46 ескерту тақтайшасы, 12 баннер және 25 трафарет орнатылып, күн сайын құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылуда.
Судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру үшін сауда орталықтарында дауыс зорайтқыштар арқылы ескерту хабарламалары беріліп, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жариялануда.
Жазғы демалыс кезінде 52 білім беру ұйымында 15 628 оқушыны қамтыған қауіпсіздік тақырыбындағы интерактивті және практикалық сабақтар өткізілді.
Жыл басынан бері тыйым салынған орындарда суға түскені үшін 8 құқық бұзушылық анықталып, кінәлі тұлғаларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес шара қолданылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
