Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2026 жылғы 30 сәуірде болат дайындамаларын шығаруды реттеудің кейбір мәселелері туралы бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Осылайша, Қазақстан аумағынан барлық көлік түрлерімен алты ай мерзімге болат дайындамаларын шығаруға тыйым енгізіледі:
- құйма немесе басқа бастапқы формадағы темір және легирленбеген болат (7203 тауар позициясындағы темірден басқа);
- темірден немесе легирленбеген болаттан жасалған жартылай фабрикаттар;
- тот баспайтын болаттың құйма немесе басқа бастапқы формалары, тот баспайтын болаттан жасалған жартылай фабрикаттар;
- басқа да легирленген болат түрлерінің құйма немесе басқа бастапқы формалары, сондай-ақ олардан жасалған жартылай фабрикаттар.
Тыйым домна-конвертер әдісімен өндірілген болат дайындамаларын шығаруға қолданылмайды. Бірақ ол үшін 2026 жылғы 27 наурыздағы «Домна-конвертер әдісімен өндірілген болат дайындамаларының жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық беру мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес берілген айрықша лицензия болуы қажет.
Бұйрық 2026 жылғы 17 мамырдан бастап күшіне енеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
