Эльдар Күзенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда сервистік тәсілге негізделген көші-қон ағындарын реттеудің жаңа әрі бәсекеге қабілетті моделі қалыптасып жатқанын атап өтті, – деп хабарлайды KAZINFORM
Көші-қон комитетінің төрағасы Эльдар Күзенбаев көші-қон заңнамасын жаңғырту мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізді. Талқылауға Отандастар қорының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстанның көші-қон саясатын кешенді жетілдіру мәселесі болды. Қатысушылар шетелдік капитал тарту тетіктерін жаңғырту, жоғары білікті шетелдік мамандар, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін елге келу және ұзақ мерзімді еңбек қызметін жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау мәселелерін жан-жақты талқылады.
Эльдар Күзенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда сервистік тәсілге негізделген көші-қон ағындарын реттеудің жаңа әрі бәсекеге қабілетті моделі қалыптасып жатқанын атап өтті.
— Негізгі құралдардың бірі ретінде «Алтын виза» институты енгізіледі. Ол инвестициялық және жоғары білікті резиденттік жүйені қамтып, шетелдік инвесторлар мен сұранысқа ие мамандар үшін бірқатар артықшылықтар ұсынады. Бұл тетік экономиканың дамуына қажетті инвесторлар мен тапшы кадрлардың құқықтық мәртебесін ұзақ мерзімге бекітуге бағытталған. «Алтын виза» олардың Қазақстанда жұмыс істеуі мен қызмет жүргізуін едәуір жеңілдететін кең мүмкіндіктер пакетін ұсынады, — деді комитет төрағасы.
Кездесу барысында көші-қон үдерістерін технологиялық жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сервистік модельге көшу көші-қон қызметтерін терең цифрландыру арқылы жүзеге асырылады. Реформа жобасы аясында цифрлық резидент құжатын енгізу және e-Resident модулімен жабдықталған арнайы QazETA платформасын толық іске қосу жоспарланған.
«Отандастар қоры» КеАҚ шетелде кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін негізгі оператор ретінде белгіленді. Сонымен қатар қорға «Алтын виза» алуға ниет білдірген тұлғалардың өзекті тізімін қалыптастыру және жүргізу міндеті жүктелді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
