Энергетика министрлігі елде жазғы және туристік маусымда жанармай тапшылығы болмайтынын, қажетті мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды kursiv.media
Министрлік елдегі мұнай өнімдерінің жиынтық қоры 1,1 млн тоннадан асатынын хабарлады. Оның ішінде АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин, сондай-ақ дизель отыны бар. Ведомствоның мәліметінше, қорлар отандық мұнай өңдеу зауыттарының қазіргі өндірісі есебінен тұрақты түрде толықтырылып отырады.
Ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау мақсатында мемлекеттік реттеу шаралары да жалғасуда. Атап айтқанда, биылғы 21 қарашаға дейін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға қойылған уақытша тыйым күшінде қалады.
Сонымен қатар, мемлекеттік шекарадан көлік құралдарының тәулігіне бір реттен артық өтуіне шектеу енгізілген. Ал 20 маусымнан бастап шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылау күшейтіліп, оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Қаржылық мониторинг агенттігінің бөлімшелері тартылған.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елдің ішкі нарығындағы жағдай Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.
Өңірлердегі ахуалды бақылау үшін әкімдіктер жанынан кәсіпкерлік басқармаларының қатысуымен әкім орынбасарлары жетекшілік ететін өңірлік штабтар жұмыс істеп тұр.
Жергілікті жерлерде негізгі бақылау жұмыстарын Мемлекеттік кірістер департаменттері, Экономикалық тергеп-тексеру департаменттері және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық бөлімшелері жүргізеді.
Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаеваның айтуынша, қазір аталған құрылымдар күшейтілген мақсатты тексерулер жүргізіп жатыр.
«Мамандар жанармай құю бекеттеріндегі жанармай қорының жеткіліктілігін бақылап, жанар-жағармайдың заңсыз тасымалдануына жол бермеу шараларын қабылдап, сатушылар тарапынан болуы мүмкін негізсіз әрекеттерге жедел ден қоюда», – деді ол.
Сонымен қатар министрлік Қазақстанда автокөлік отынының бөлшек саудадағы бағасын мемлекет реттемейтінін атап өтті. Жанармай бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай белгіленеді.
Айта кетейік, Ресей жанар-жағармай нарығындағы дағдарыс көрші елдің логистика саласын да тығырыққа тіреді. Дизель отынының қымбаттауы мен тапшылығы тасымалдаушылардың бағыттарын шұғыл өзгертуге мәжбүрлеп отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
