«Қазақстанда әркім маңызды!». Бұл сөзді соңғы кезде жиі естіп, жиі оқып жүрген боларсыз. Бұл – биылғы ұлттық халық санағының ұраны. Өз елің үшін сенің орның бөлек. Сен өз еліңде ғана еркінсің. Мемлекетің үшін әрбір азамат маңызды. Бір ауыз сөздің мағынасы осыған саяды. Жүрекке жететін жылы сөз…
Әне-міне дегенше, халық санағы науқаны да аяқталып қалды. Санақтың өту барысы, сауалнамадағы сұрақтар қоғамда біраз талқыланып, уақыт өте ол да ұмыт бола бастады. Санақ қорытындысымен халық санының қанша болғаны жалпақ жұртқа жария болады да осымен санақ жұмысы тәмам. Жалпы халық санағы халық санын анықтау үшін ғана ма?
Қазақ елі үшін санақ жұмысы бірінші рет емес. Тәуелсіз қазақ елінің бірінші ұлттық санағы 1999 жылы, ал екінші санақ 2009 жылы өтті. Әр он жыл сайын өтуі тиіс кезекті санақ 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда әлемді жайлаған пандемия салдарынан науқан кейінге шегеріліп, биылғы жылдың күзіне бұйырды.
Биылғы санақтың ерекшелігі – онлайн өтуі. Пандемия сынағы халықтың цифрлық сауаттылығын қаласа да, қаламаса да арттыра түскенін айтсақ, халық санағынан өту кезінде де жалпы жұрт онлайн өтуге дайын болды десек, артық айтқандық емес. Себебі қай салада болсын, смартфон арқылы жұмысты бітіруге халық тез үйренді. Қолма-қол ақша ұстамаудан бастап, онлайн сауда, онлайн жұмыс, онлайн оқу жаңа технологияның жемісі екенін, оның тиімділігін түсінген ел халық санағының да онлайн өтуіне тосырқай қараған жоқ. Ең бастысы, интернет жылдамдығы іркілмесе болғаны.
Халық санағындағы қоғамда пікірталас қыздырған мәселе – ондағы сұрақтар мазмұны. Әсіресе «неше баланы тірі тудыңыз?» деген секілді сауалдар көпшілікке түрпідей тиді. Елдегі демографиялық жағдайды, халық денсаулығын, ана мен бала денсаулығына сараптама жасау үшін мұндай ақпараттар да қажет болар. Дегенмен сұрақтардың қойылуы да көпшілікті бей-жай күйге қалдырғаны рас.
Санақ сауалнамасындағы сұрақтың көптігі жайында «Ұлттық халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтып өтті. «Халық санағы – бұл елдегі халық өмірінің экономикалық, демографиялық және әлеуметтік аспектілері бойынша, оларды экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты айқындау, әлеуметтік бағдарламалар құру үшін. Сондай-ақ мемлекеттік билік орындарының функцияларын орындау, қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдалануға болатын ауқымды деректер алуға мүмкіндік беретін ауқымды шара. Санақ нәтижесі экономикалық және бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және дамыту үшін қажет, яғни құрылыс, баспаналарды бөлу, демографиялық көші-қон процестері, білім, денсаулық сақтау салаларында және жұмыс орындарын құру бағдарламаларын дамытуға көмектеседі. Халық санағы жұмыс орындары туралы, ал бизнес үшін маңызды және нақты тұтынушы туралы сипаттама береді. Халық санағына қатысқан әрбір тұрғын мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды жоспарлауға және әзірлеуге үлес қосады», – дейді ол.
Санақ барысында көпті алаңдатқан тағы бір мәселе жеке деректердің қауіпсіздігі. Көп көккейіндегі бұл сауалға ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов БАҚ-қа берген сұхбатында нақты жауабын берді.
– Ұлттық статистика бюросының ақпараттық жүйесі ақпараттық-комму-никациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізіміне енгізілген және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамында мониторингте тұр. Халыққа сұрау салу планшеттер арқылы және интернет желісі арқылы онлайн режімде өтеді. Планшетте санақ парақтарын толтыру кезінде шифрланған күйде сақталатын контейнер қалыптасады және деректерді Ұлттық статистика бюросының серверлеріне МОБТЖ (Мемлекеттік органдардың бірыңғай транспорттық жүйесі) бойынша қорғалған каналдар арқылы жолданады.
Sanaq.gov.kz сайтын қорғау үшін әлемдегі ең ірі арнайы коммерциялық сертификаттау орталықтарының бірі – Sectigo SSL сертификаты сатып алынды. Онда пайдаланушы мен сервер арасында деректер алмасу қорғалған https хаттамасы бойынша жүреді. Қазақстанның «Ақпараттандыру туралы» заңына сәйкес, тоқсан сайынғы негізде кемшіліктердің бар-жоғына зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар Ақпараттандыру саласындағы заңнама талаптарына сәйкес ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізілді және оң нәтиже алынды. Алынған деректердің құпиялылығы мен сақталуын Қазақстан заңнамасымен реттелетін процестер шеңберінде және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтаса отырып қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылады, – деді үкімет басшысының орынбасары.
Бүгінде халық санағы бойынша нақтылау шаралары басталды. Бұл жұмыс 8 қарашаға дейін жалғаспақ. Халық санағының 1 қарашадағы мәліметі бойынша елде 19450179 адам санақ жүргізу шарасымен қамтылған.
Халық санын ғана емес, тұтас бір мемлекеттің бет-бейнесін, халқының жай-күйін анықтайтын және санақ нәтижесіне қарай ел игілігіне қызмет ететін бағдарламалар мен шешімдер қабылданатын ұлттық санақ та мәресіне жеткелі тұр. Қазақтың саны көбейсін!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!