Бейсенбі, 30 сәуiр, 19:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2243)
28.04.2026
PDF мұрағаты

Сапа керуені: асфальт-бетон зауыттары өндірісті ұлғайтты

30.04.2026

44 0

Қызылорда облысында асфальт-бетон зауыттары өндіріс көлемін ұлғайтты. Бүгінде өңірде 20-дан аса кәсіпорын жол жабындысын шығарады. «Сапа керуені» жобасы аясында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары БАҚ өкілдерімен бірге зауыттардың жұмысымен танысып, бақылау жүргізді.

Сапа керуені: асфальт-бетон зауыттары өндірісті ұлғайтты

Аймақта жол құрылысы қарқын алып, асфальт-бетон зауыттарда қазір қайнаған тірлік басталды. Соның бірі, «УАД» ЖШС өндіріс орны. Алып компания италяндық технология бойынша асфальт шығарады. Мұнда битумға араласқан қиыршық тас 160 градуста қайнап, автоматтандырылған қондырғылар арқылы сапаны арттыратын түрлі химикаттар қосылады. Ал зауыттан шыққан ыстық асфальтты жүк көліктері лезде құрылыс аумағына әкетіп жатыр.

Бізде асфальт тек ыстық күйде барады. Оны жинап қойып ертесіне апара алмайсың. Нормативтік талапқа сай өзінің белгілі температурасы бар. Зауыттан 160-155 градуспен шығарамыз. Жол салатын аумаққа кемі 150 градусс ыстықта жетуі тиіс. Қазір жұмыс ауқымы өте көп. Күніне мың тоннадан аса асфальт шығарып жатырмыз. Біз бұған дайын болдық. Қыстай қажет шикізатымызды жинап, үлкен қор дайындап қойғанбыз,- дейді «УАД» ЖШС өндірістік учаске басшысы Алмас Қалиев.

Сапа керуені: асфальт-бетон зауыттары өндірісті ұлғайтты

Өңірдегі тағы бір ірі жол салушы компания «Қыран» ЖШС. Биыл республикалық маңыздағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының қала аумағында айналма жолдың құрылысын бастады. Мұнан бөлек, қалаішілік жолдар бар. Бүгінде кәсіпорынның өндіріс аумағында 10 мың тоннадан асатын шикізат қоры бар. Ал зауыттан сағатына 160 тонна асфальт шығып жатыр.

-Бізде украиналық зауыт қойылған. Тәулігіне 1500 тоннаға дейін ыстық асфальт жіберіп жатырмыз. Компания қазір аймақтағы жол саласына қатысты ірі жобаларды жүзеге асыруда. Өндіріс учаскесінде 20 адам еңбек етеді. Негізгі қондырғылардың басым бөлігі автоматтандырылған. Біздің операторлар тек жұмыс процесін бақылап отырады. Егер қандай да бір олқылық болса компьютерден анықтап, кемшілік түзетіледі. Жалпы сапалы асфальт өндіру үшін барлық қоспалар белгілі бір мөлшерде беріліп, сапасы қадағаланып отырады- дейді «Қыран» ЖШС асфальт-бетон зауытының басшысы Руслан Жүргенов.

Филиал мамандары жыл басынан бері аймақтағы асфальт-бетон зауыттарына бақылау жүргізіп, талапқа сай жұмыс істеуін ұдайы қадағалап келеді. Ең бастысы жол жабындысының сапасы.   

-Облыс бойынша барлығы 23 асфальт-бетон зауыты бар. Соның 12-сі қалада. Жыл басынан бері барлық өндіріс орындарына қадағалау жұмыстарын жүргізіп шықтық. Тексеріс барысында аз-кем ескертулер болды. Бірақ, қазіргі таңда зауыттар олқылықтарды түзеп, талапқа сай жұмыстарын істеп жатыр. Тіпті, асфальт құрамына қосатын қоспаларды бірінші орталық мамандары зертханада сынамадан өткізіп, оң қорытынды бергеннен кейін өндірісте қолданып жатыр. Бұл сапаның кепілдігі, – дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ҚОФ бөлім басшысы Ержан Усманов. 

Биыл облыс аумағында жол жөндеу жұмыстарына 40 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралған. Әсіресе, шеттегі ауыл-аймақтарға айрықша көңіл бөлінбек. Соның нәтижесінде, өңірдегі автожолдардың жағдайы жақсара түспек. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: