Сенбі, 21 желтоқсан, 19:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тәжімұрат Әлжанов, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі: Жақсы дүниені жалқы жасау мүмкін емес

27.06.2020

1858 0

Сыр өңірі журналистикасындағы белгілі есімнің бірі –Тәжімұрат Әлжанов. Бүгінде аймақтағы телеарнаның арнаулы тілшісі түрлі саланың тыныс-тіршілігін халық назарына ұсынуда аянбай еңбек етіп келеді. Кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде көптеген республикалық байқаудың да жүлдегері атанды. Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте еңбек еткен журналиске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған «Халық алғысы» медалі бұйырды. Бізге мереке қарсаңында уақыт тауып, тілшімен тілдесудің сәті түсті.

– Жақында Мемлекет басшысының тағайындаған «Халық алғысы» медалін иелендіңіз. Құтты болсын! Марапаттың артар жүгі қандай?

– Рахмет! Телеарна саласында жақсы дүниені жалқы жасау мүмкін емес. Телеоператор, монтаж маманы, режиссер, шеф-редактордың көмегінсіз тұщымды нәтиже күтпеуге де болады. Дерек пен кадр негізгі рөл ойнайтындықтан, оператордың қырағылығы, журналиспен үйлесімді жұмыс жасауы мен өзара байланысы ғана сапалы жұмысқа  жол ашады. Сондықтан, бұл марапат – тілеулес әріптестерімнің ортақ жеңісі, ұжымдық еңбектің жемісі.

Ал марапаттың салмағына келер болсақ, Президент пен Елбасының медалін иелену өзім үшін де күтпеген сый еді. Расымен көңілде қуаныш басым. Әрі қарай да міндет мол, салмақ еселене түсетінін сеземін. Қандай марапат болмасын алға ұмтылуға жетелеп, шабыт сыйлайды ғой.

Тәжімұрат Әлжанов, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі: Жақсы дүниені жалқы жасау мүмкін емес

– «Халық алғысын» халықтың шынайы алғысы деп санауға бола ма?

– Марапат алатынымды естігенде таңқалғанымды жасырмаймын. Бірақ, әріптестерім демеу көрсетіп, қолдау білдірген сәтте сенім пайда болды. Оған қоса, өзіңді кәсіби тұрғыда сынау үшін қажетті ынталандыру екені белгілі. Естелік немесе ұрпағыңа мақтан болуы мүмкін. Бірақ, әрбір тілші үшін халықтың шынайы алғысы алғашқы орында. Мен үшін де елдің батасы, көптің тілегінен артық бақыт жоқ. Сондықтан, аталған құрмет мерейін бұқараның сенімі деп қабылдадым.

– Кері байланыс орнатуға қаншалық көңіл бөлесіз?

– 2007 жылы қызмет жолымды газеттен бастадым. Әрбір оқырманмен хат, телефон арқылы байланыс орнататын едік. Сол дағды бүгінгі күнге дейін бойымда бар. Шығармашылыққа деген көрерменнің пікірін тұрақты бақылап отырамын. Қазір әлеуметтік желі дамыған. Жұртшылық бағдарламаны сол сәтінде тамашалап, әлеуметтік желі, сайт арқылы пікір білдіріп отырады. Түрлі көзқарастарға куә боламын. Айтылған сыннан кем-кетікті түзеп, жаңаша түрлендіруге жұмыс істеймін. Кері байланысқа мән беру – кәсіби дамудың алғышарты. Бұл көрерменнің көңілінен шығуға, ойын дөп басуға көп көмегін тигізеді.

– Көптеген сюжетіңізді күрделі жағдайда (экстремалды) түсірген екенсіз. Мұндай қадам тақырып мазмұнын ашуға мүмкіндік берері сөзсіз. Алайда, денсаулығыңыз бен қауіпсіздігіңізге алаң болмай ма?

– Сұрағың орынды. Соңғы жылдары күрделі сюжеттер түсіруге әуестендім. Оған ешнәрсе түрткі болған жоқ. Барлығы тақырыпты қызықты етіп жеткізудің амалы. Жаңалықты бірнеше арна бірдей әдіспен ұсынса, көрерменді жалықтырып алуы ықтимал. Күрделі сюжеттер де осы бағытта дүниеге келді. Ең бірінші мұзға түсуден басталды. Оны атыраулық әріптесіміз жүзеге асырған болатын. Мен басқа нұсқасын жасауға тырыстым. Осы орайда, түсірілімге қолдау білдірген Төтенше жағдай департаментіне алғысым шексіз. Құтқарушы мамандар жұмысына жауапты әрі қиындық туса көмек қолын созатынын сезгендіктен, денсаулығыма алаңдаушылық болмады. Әрине, тиісті қауіпсіздік шарасын сақтауды ұмытпадық.

Мақсат, көрерменді қорқыту емес. Қиын сәтте жағдайдан шығу жолдарын ұсыну еді. Тіпті, кейбір азаматтарға осы бағыттағы шығарылымдардың көмегі тиген кездері болды. Сонымен қатар, өрт сөндіруші, құтқарушы маман жұмысы қарапайым халыққа оңай көрінетіні белгілі. Шындығында, нағыз күрделі де қауіпті қызмет иелерінің еңбегін, маңыздылығын көрсетуге талпындым. Суға батып, өртке түскен әрекеттер – ізденістің жемісі.

Тәжімұрат Әлжанов, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі: Жақсы дүниені жалқы жасау мүмкін емес

– Әріптестеріңізге бұл әдісті қолдануға қаншалықты кеңес бересіз?

– Реті келсе, қолданған дұрыс. Бұл – заман талабы. Әлемдік журналистикада мұнан да өзге шынайы және қауіпті тәжірибелер, арнайы репортаждар түсірілуде. Біз де көштен қалыспауымыз керек. Аймақтағы тілшілер арасында мұндай әдісті қолданатын жалғыз мен емес. Еламан Жаматов, Гүлсім Нұрланқызы секілді білікті әріптестерім де сәтті сюжеттер жасап жүр. Бәрімізге тәжірибе болары сөзсіз. Алайда, қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауды ұмытпасақ болғаны.

– «Журналисті аяғы асырайды» деген қағида барын білесіз. Осы сәтте сапар барысында есте қалған ерекше сәттер болды ма?

– Телеарнаның техникалық мүмкіндігі жылдан-жылға дамып келеді. Облыс төңірегінде кез келген уақытта тікелей эфирге шығуға жағдай жасалған. Тілші де ел кезіп, жер көріп ғана дамиды. Сондықтан, эфир кезінде, түсірілім барысында қызықты оқиғалар болып тұрады. Солардың бір-екеуін айтайын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінде жұмыс істедім. Сол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Арал ауданындағы шалғай елді мекендерді аралайтын болды. Тілшілер бір көлікпен жолға шықтық. Көктем кезі еді. Ол маусымда Арал өңірінде қар еріп, жол қатынасы қиындайтыны белгілі. Межелі ауылға екі шақырым қалған шақта, көлік батпаққа батып қалды. Тілшілер абдырап, не істерімізді білмедік. Арамыздағы үлкеніміз – Қазбек аға Ботаев. Күн батып келеді, ұялы байланыс толқыны да (сеть) ұстамайды. Солай бір түн көлікте өткіздік. Далаға от жағып жылынып, таң атырдық. Ертеңіне түске таяу бір көлік кездесіп, оператор мен Қазбек Ботаевты мінгестіріп жібердік. Ол кісілер барып шараны түсірді. Үлгеріп эфирге дайындадық. Есте қалар қызықты сәттің бірі сол кезде өтті.

Реті келгенде коронавирус кезінде бастан өткен оқиғаны еске түсірейін. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы сәт. Оператор Бауыржан Қожамұрат екеуміз жедел-жәрдем қызметі туралы түсірілім жүргіздік. Арнайы қызметтік киім киіп, келіп түскен қоңыраулар саны, дайындық барысын, құрылғылар сапасы мен мамандар пікірін білген едік. Қайтар жолда жұқпалы науқастарға арналған эскафандрды ұстағанымыз есімізге түсіп, дереу киім ауыстырып, жуынып, тазалық жүргіздік. Үрей туып, тіпті, әріптестеріміз де бізден қорқып, біразға дейін алшақтап жүрді. Сондай қызықты оқиға болды.

                – Қызмет барысында әлеуметтік мәселемен бетпе-бет кезігесіз. Заманауи журналистикада ашықтық пен сөз бостандығы қаншалықты сақталады? Қазіргі таңда қоғамдағы келеңсіздікті көгілдір экраннан көрсетуге толық мүмкіндік беріледі деп санайсыз ба?

– Рас, телеарнада ой-пікірімізді еркін айта аламыз, жаза аламыз. Бірақ белгілі бір дәрежеде шектеу кездесетінін жасырмаймын. Кейде дайын өнім эфирге шықпайтынын естігенде іштей қынжыламыз. Алайда, ел бірлігі алғашқы орында екенін ескеру керек. Қоғамдық алауыздық тудыратын мәселеде билік тарапынан бақылау болады. Тілші де өз кезегінде мәселені саралап, сүзгіден өткізіп, бейтарап ұстанымда ұсынуы қажет. Сондай-ақ, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның міндеттемелерін сақтай отырып әрекет жасау маңызды.

Бірақ, жағдай соншалықты шиеленісті деп есептеуге де болмайды. Қоғамдағы келеңсіздік көрсетіліп отырады. Оған мысал ретінде, карантин кезіндегі олқылықтар мен әлеуметтік мәселе, инфрақұрылым туралы бүкпесіз берілген ақпараттарды айтуға болады. Билік назарынан тыс қалған келеңсіздікті дер кезінде байқауда тілшілердың еңбегі ерекше. Бұл бағытта табандылық танытып жүрген әріптестерімді мақтан тұтамын.

Халық сенім білдіріп, мұң-мұқтажын айтады, көмек сұрайды. Біз де мәселені жіті зерттеуге, қыр-сырына қанығуға тырысамыз. Жергілікті әкімдіктен нақты ақпараттар сұраймыз. Соның бір мысалы, жақында көпбалалы Нұргүл есімді азаматша көмек сұрай келді. «Эдельвейс» саяжайындағы бір бөлмелі үйде тұрады екен. Арнайы түсірілім тобымен барып, мән-жайға қанығып, әкімдіктен әлеуметтік көмек, үй кезегі туралы ақпарат алдық. Жұмыссыз ананың жағдайын эфирден көрсеткен соң, жомарт азаматтар хабарласып, көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. Қоғамдағы келеңсіздікті көрермен назарына ұсынуда бірізділік қалыптасып келеді.

Тәжімұрат Әлжанов, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі: Жақсы дүниені жалқы жасау мүмкін емес

– Кәсіби қызметтің қыр-сырына баулыған ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Қолыма қалам ұстатып, қызығушылығымды оятқан – «Халық» газеті. Басылыммен оқушы кезден тығыз байланыс жасап, студент шақта үлкен ұстаханаға айналды. Ақпаратты жеткізу әдістері, байланыс орнату, кәсібилік төңірегінде теңдесіз тәлім алдым. Тілшілік қадамымның әліппесі де – осы «Халық» газеті. Сонымен қатар, Аманжол Сақыпұлы, Нұрлан Көбегенұлы секілді аға буын өкілдері ақыл-кеңес айтып, көп көмегін тигізді.  Телеарнада Жағыппар Қарабала, Несібелі Рахметова, Мөлдір Құлмырзаева, Айсұлу Қасымова ерекше талап қоя біліп, кәсіби бағыт-бағдар берді. Жаңалықтар қызметінде азғантай көзге көрініп, жетістікке жетсем, осы кісілердің арқасы дер едім. Сондай-ақ, ұжымнан да үйренгенім көп. Бір қуанарлығы, шақырту алған қызметімде әріптестерім жылы қабылдады. «Халық» газеті, облыс әкімдігі, телеарнаға қызметке ұсыныс алған сәтте білікті маман болуға жетелеген көптің ықыласы еді. Сондықтан, мені бауырмал ұжым тәрбиеледі деп санаймын.

– Әріптестеріңізге деген мерекелік лебізіңіз…

– Барлық тілшілер қауымын мерекемен құттықтаймын! Сыр журналистикасы – еліміздегі алдыңғы қатарлы дамыған сала. Қиын-қыстау сәтте бірлігіміз жарасып, шығармашылық байланысты жандандырып келесіздер. Қазақылықтың қазаны қайнаған өңірдегі бірлігі бекем әріптестеріме берекелі еңбек, шаттыққа толы күн тілеймін! Аға буынның ақыл кені мен ізімізге ерген жас тілшілердің қажыр-қайраты сарқылмасын. Мереке құтты болсын!

– Әңгімеңізге рахмет! 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: