Бейсенбі, 02 мамыр, 10:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Төсек қатынасы да тең болуы керек: Қазақстанда бірнеше әйел алғандар кімдер?

07.08.2023

642 0

Елімізде көп әйел алғанын жасырмайтын тұлғалар бар. Соның бірі – Бекболат Тілеухан. Ол бұрын журналистерге берген сұхбатында «көп әйелі бар адаммын. Мен полигамды некедемін» деген еді. Жалпы полигамды неке деген не? Елімізде бұған заң жүзінде рұқсат етіле ме? Дін бойынша қанша әйел алуға болады? Бекболат Тілеуханнан басқа көп әйел алған кімдер? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп көрді. 

Полигамды неке немесе көп әйел алу тәжірибесінің тарихы тереңде. 

1921 жылы Түркістан АКСР Орталық комитеті көп әйел алуға тыйым салу туралы қаулы қабылдады. Бұл тыйым одақтық республикалардың, соның ішінде Қазақ КСР-інің заңнамасында да сақталды. Көп әйел алу қылмыстық заң бойынша жазаға тартылған.

Кейін Қазақстан тәуелсіздік алған соң, заңды түрде көп әйел алуды қайта қалыпқа енгізілмек болды. Мәселен, 2001 жылы экс-депутат Амангелді Айталы көп әйел алуды заңдастыру үшін «Неке және отбасы туралы» заңға өзгертулер енгізу туралы бастама көтермек болды. Бірақ басқа депутаттар бұл бастаманы мақұлдаған жоқ.

Кейін 2008 жылы «Неке және отбасы туралы» жаңартылған кодекс жобасына көп әйел алу туралы норма енгізілмек болғанда, депутаттар мақұлдаған жоқ. Кейін бұл идеяға экс-депутат Бақыт Сыздықова қарсы шығып, көп күйеуге шығуды да заңдастыруды талап етті. 

Елімізде заң жүзінде бірнеше әйел алуға рұқсат етіле ме?

Қазір Қазақстанда көп әйел алуға заңмен тыйым салынған.Алайда қоғамда заңдағы тыйымға қарамастан  бірнеше әйел алып жатқандар бар. 

Pinterest.com

Дін бойынша қанша әйел алуға болады?

ҚМДБ өкілдері көп әйел алуға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, дінімізде төрт әйелге дейін алуға рұқсат берілген.

«Алла Тағала Құранда былай дейді: «Егер (үйленгенде) жетім әйелдер жайында әділетсіздік істеуден қорықсаңдар, өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар немесе қолдарыңдағы күң де болады. Әділетсіздік болмауға жақынырағы осы» (Ниса сүресі, 3-аят). Бұл аяттан Алла Тағаланың ер кісіге әділдік ете алса 4 әйелге дейін рұқсат беретінін аңғарамыз. Алайда қазір дінде төрт әйел алуға рұқсат бар екен, сүннет екен деп екінші әйел алып жатырмыз деген адам көп. Бірақ оның шарттары қандай, қай жағдайда рұқсат береді, не үшін екенін аз адам ғана біледі. Ендеше екінші әйел алудың негізгі шарттарының бірі – әділдік. Ер адам барлық жағдайда екі әйеліне теңдей қарау керек. Баспана, киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек қатынасы, яғни отбасында болатын бүкіл жағдайда екі әйеліне бірдей қарауға тиіс. Өйткені Алла Тағала: «Егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар» деген», – деп келтірді имамдар.

Теологтар мәліметінше, егер ер адам екі әйеліне бірдей қарай алмаса, онда ақырет күні ер адамның бір иығы салбырап жүреді. 

«Осы шарттарды әрбір адам жақсы біліп алу керек. Ендеше күйеуі осындай әділдікті орната білсе, екінші әйел алуға шариғат рұқсат береді. Ал әйелі бұл жағдайда қарсылығын білдіре алмайды. Әйтпесе шариғаттың рұқсат берген нәрсесіне қарсы келген болады. Ал керісінше күйеуі әділдік ете алмаса, онда оған екінші әйел алуға рұқсат етілмейді. Жағдайына, шамасына қарамай тағы бір әйел алып, әділетсіздікке жол берілсе, онда ол қиямет күні бір жарты бейнеде тіріледі. Ол жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай баяндайды: «Екі әйелі бар кісі әйелдерінің біреуімен артығырақ қарым-қатынас жасап, әділетсіздікке жол беретін болса, ондай адам ақырет күні бір иығы төмен салбыраған күйде келеді» (Ахмад риуяты). Сондықтан ер кісі екінші әйел алмас бұрын осы нәрсе қатты мән беру керек. Рұқсат екен деп бәйбішесінен жасырынып некелеп алу – шариғатымызда құпталмайтын іс. Өйткені тұрмысқа шыққан әйел мен кімнің әйелі екенін еркін айта алуы керек. Сондықтан ер адамның екінші әйел алмақ ойын бірінші әйелі білгені дұрыс», – делінген жауапта. 

Айта кетейік, бұған дейін танымал имам әрі теолог Нұрлан Байжігітұлы Қазақстандағы тоқал және көп әйел алу туралы мәселеге қатысты жауап берген еді. Теологтың айтуынша, екінші, үшінші және одан кейінгі де әйелдерді «Қазақстанда ешкім де, ештеңе де қорғай алмайды». Ол, әдетте, бірінші әйелдер күйеуінің тоқалы не екінші әйелі барын кейін білетінін айтты. 

«Осыған байланысты отбасы бұзылады, балалар шеттетіледі, бірге өмір сүре алмайды. Сондықтан бұл – үлкен мәселе. Жалпы бұл туралы Құранда жақсы аят бар. Алла Тағала Құранда: «Ек, үш әйел алуға болады, бірақ бір әйел алған жақсырақ» деген. Ал еліміздегі көп ер адам бұл қасиетті аяттың көп әйел алу туралы айтылған бірінші бөлігін ғана үйреніп алады. Ал жалғасында: біріншісі бәрібір жақсырақ, бір әйелмен өмір сүрген жақсы» делінген, – деді ол.

Қазақстанда полигамияны кімдер қолдайды?

Елімізде Бекболат Тілеухан немесе Амангелді Айталы сынды экс-депутаттардан басқа танымалдар көп әйел алуға қарсы емесін айтқан. 

Жақында әнші, композитор Саят Медеуов елдің демографиясын көтеру үшін тоқал алу керегін жеткізген еді. Ол «ұлттың демографиясын көтеру үшін тоқал алу керек. Егер оны асырай алса, алсын. Қара көз қыздарымызды шетелдің азаматына бергенше сол қыздарымызды өздеріміз алып, дүниеге қазақ деген ұлтты әкелу керек деп ойлаймын» деген еді. 

Отандық әнші Майра Ілиясова күйеуіне екінші әйелді өзі алып бергенін де жасырмай айтқан еді. Ол бұл әрекетін «ортамызда бір ғана қыз болды, сосын мен қызым жалғыз болмасын деп, ризашылығымды бердім. Қалыңдық іздегенде әпкемнің қыздарының достарымен өзіміз таныстырдық» деп түсіндірді. 

Бұдан басқа, отандық кәсіпкер Батыр Сиябек екі әйел алғаны туралы ақпаратты растады. Оның айтуынша, екі жары да Түркия елінде тұрып жатыр. Ол бұдан он төрт жыл бұрын өмірден озған досының әйелін екінші әйелі етіп алған.

«Екеуі де Түркияда бір ауданда тұрады. Үйлері жақын. Екінші жеңгелеріңіз – жолдас баламның әйелі. 2009 жылы қайтыс болды. Денсаулығы болмады. Жақсы жолдас болдық. Кетіп бара жатып, аманат секілді қалдырды. Енді тікелей айтпаса да, балаларыма қамқор бол деп айтты. Оның алдында да әйеліммен жақын араласып жүрген еді. Сондықтан аса қиын болды деп ата алмаймын. Екіншіден әйелім әділдігіме сенген шығар, ниетімді көрген шығар. Бір-бірімен абысындар сияқты араласады», – деді ол. 

«Тоқалдық – көңілдесті заңдастыру». Ер адамға екінші әйел неге керек? 

Еске салайық, жақында әлеуметтік желіде шымкенттік жігіт бірден екі қызға үйленгені туралы ақпарат тараған еді. Көптеген адам бұған сенбеді. Алайда сол екі қыздың бірі – Фариза Massaget.kz тілшісіне шын мәнінде қазіргі жағдай қандай екенін әңгімелеп берді. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: