Бейсенбі, 25 сәуiр, 21:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жаңаөзеннен басталған толқу

10.01.2022

1136 0

Бірнеше күн бұрын Жаңаөзеннің тұрғындары алаңға шығып, сұйытылған газдың бағасы 120 теңгеге қымбаттағанына байланысты наразылығын білдірді. Тұрғындар ең төменгі бағаны жалақы мөлшеріне сәйкес 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Әлеуметтік желілерде наразылық білдіру­шілер үйлеріне қайтпай, түні бойы алаңда тұрғаны жайлы ақпараттар тарады.

Басында газ бағасын төмендетуді талап етіп, жүз­деген адам көшеге шыққан. Жиналған халық бейнеүндеу түсіріп, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа үндеу жасады. Олар тез арада газ бағасын 50 теңгеге түсіруді, сондай-ақ газ тапшылығын болдырмауды талап етті.

Наразылық басталғалы желіде көптеген бейне­үндеулер жарияланды. Сол желіде тараған бейне­үндеулердің бірінде жиналғандардың бірі былай деді:

«Газды өндіретін өзіміз. Сол жерлерде көбіміздің ағайын-туыстарымыз жұмыс істейді. Солар күндіз-түні еңбек етіп, өндіріп отырған газдың өзімізге жетпеуі ақылға сыймайды. Алдымен өз халқын қамтамасыз етпей жатып, көрші елдерге шығарылмасын. Газдың бағасы елдің жалақысына сай болуы керек. Бағасын 50 теңгеден асырмасын», – дейді.

Осыдан соң Жаңаөзендегі халық наразылығы одан әрі жалғасып,  митингке шыққандарды Маңғыстаудың өзге де аудан, ауылдары қолдаған. Олар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және облыс әкіміне бейнеүндеу жолдап, халық көтерген мәселені шешуді талап етті. Бұл үндеулер Қазақстанның түкпір-түкпіріне әп-сәтте тарады. Міне, жағдай осы­дан соң тіпті шиеленісіп кетті. Араға көп уақыт салмай, еліміздің өзге де облыстары митингке шықты. Наразылық шаралары әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Тараз облыстарында белең алды. Кейін бұл тізімді Қазақстанның өзге де ірілі-кішілі қалалары толықтырды.

Осы тұста бұл мәселеге енді билік қалай жауап берді деген сұрақ туындары сөзсіз. Енді соған тоқталайық… Алғашқы сәтте аталған оқиғаға байланысты Маңғыстау облысының әкімдігі мен Қазақстанның энергетика министрлігі түсініктеме берген болатын. Билік өкілдері өңірдегі көліктердің біраз бөлігі отын ретінде пайдаланатын газ нарықтағы жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттады деп түсіндірді. Министрліктің мәлімдемесіне сүйенсек, елде жыл сайын сұйытылған газ тұтыну артып отырады, ал өндіріс көлемі өткен жылдардағыдан өзгермеген.

«Нарық механизмдері бәсекелестікті дамытуға оң әсер етеді. Электроды сауда-саттыққа көшкенге дейін сұйытылған газ өзіндік құнынан арзан бағамен сатылғандықтан өндірушілер шығынға батып келді», – дейді министрлік.

 Ал Мемлекет басшысы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ең алдымен атқарылатын шаралар туралы баяндады.

– Біріншіден, мен Маңғыстау бойынша Үкі­меттік комиссияның ұсынған шаралар кешенін мақұлдаймын. Екіншіден, монополияға қарсы органға Кәсіпкерлік кодекстің 119-бабына сәйкес сұйытылған газдың бағасын 180 күнге уақытша бағалық реттеуді енгізуді тапсырамын. Облыстарда халық үшін шекті бағалар өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен аспауға тиіс. Үшіншіден, Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді тапсырамын. Осы кезеңде нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді. Соның ішінде ең өзектілерінің бірі– «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру. Денсаулық және балалар мәселесін шешуге арналған аталған қор мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландырылатын болады.

Бүкіл елді елең еткізген оқиғаға байланысты қоғам белсенділері өз пікірлерін білдірген. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Президенттің үкіметке берген тапсырмаларына тоқтала келіп, елді сабырлы болуға шақырды.

Ел сабырға келіп, мәселенің заң аясында шешілгені абзал. Халықтың толқуы инфляцияның өршуімен байланысты. Және бұған Үкіметтің кінәсі бар екендігін Президент ашып айтты. Оған елдегі баға тұрақсыздығын қосыңыз. Халық тарапынан әлеуметтік-экономикалық талаптардың қойылуы мәселенің шиеленісіп кеткендігін көрсетеді. Сон­дықтан енді жасақталатын Үкіметтің алдында елдің әлеуметтік жағдайын реттеу міндеті тұр. Одан бөлек, газ, бензин, дизель бағасының қымбаттауы болды. Осы орайда еліміздің мұнай-газ саясатын қайта қарап, шұғыл реттеу керек деп ойлаймын.

 Халық заңға сәйкес бейбіт шеру өткізудің ережесін сақтау қажет. Сосын жастарды қызуқандылыққа бой алдырмауға шақырамын. Себебі арандатушылық пен төбелес мәселені шешпейді, керісінше тығырыққа тірейді. Сондықтан артық эмоциядан абай болған жөн. Бастысы, Тәуелсіздіктің тұтастығы мен халықтың амандығы», – деді Н. Жүсіп.

Ал жазушы Дулат Исабеков елдің арандатушыларға еріп кетпеу керектігін еске салды.

«Қымбатты жаңаөзендіктер, Маңғыстау мұнай­шылары!

Сіздердің талаптарыңызды өте орынды деп есеп­теймін. Газдың үстінде отырып газ қымбаттаса, мұнайға шомылып отырып жанармай қымбаттаса, қамба толы астықтың үстінде отырып нан қымбаттаса, халық наразы болмағанда қайтпек? Барыс жылының басында барысқа тән мінез көрсеткендеріңізді қолдаймын. Тек, араларыңызға араңдатушылар араласып кетпесін, содан сақ болғайсыздар.

Біздің үкімет өзін «еститін үкімет» деп жариялады ғой. Естіп, көріп отырған шығар бәрін. «Халық жазушылары мен халық артистері» халықтың жағында болатын шығар деп сенемін. Әділдікті талап ету жолындағы наразылыққа билік бұл жолы күш көрсете қоймас. Тек, араңдатушылықтардан сақ болғайсыздар!», – деді жазушы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзендегі халық нара­зылығына байланысты үкіметке тапсырма бергенімен елдегі наразылық басыла қоймады. Керісінше өрши түсті. Соңында еліміздің әр облысында бейбіт шеруге шыққан қарапайым халық арандатушылардың ізіне еріп кетті. Мұның соңы көтерілісшілердің облыс әкімдіктері мен құзырлы органдардың мекемелеріне шабуыл жасап, маңызды нысандарды өртеп, елге зиян тигізді. Тіпті әскери адамдарды өлтіріп, жер-жерді тонап, қарапайым тұрғындарға қоқан-лоққы көрсетуге ұласты. Көтерілісшілер қоғамдық тәртіпті бұзып, ел ішіндегі жағдайды ушықтыра түсті. Бұл оқиға біздің облысты да айналып өткен жоқ. Бүгінде өңірде экстремистерді басу шаралары қарқынды жүргізілуде.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: