Жетім балалар үшін баспана алуға қажетті үш жылдық тіркеуде тұру талабы жойылды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов сенатор Андрей Лукиннің сауалына берген жауабында айтты, – деп хабарлайды kursiv.media
Сенатор өз сауалында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын.
Олжас Бектеновтың айтуынша, жетім балалардың коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған баспананы бірінші кезекте алуға құқығы бар.
«Жетім балаларды есепке қою үшін республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада үш жылдық тіркелуінің болуы туралы талап жойылды. Бір облыс шегінде тұрғылықты жері өзгерген жағдайда, олардың есепке тұрған бастапқы күні сақталады, сондай-ақ баспана алғанға дейін оларды тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығаруға жол берілмейді», – деді Бектенов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, «Қазақстан балалары» 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында жетім балаларға арналған ұйымдардың түлектеріне көмек көрстеу қарастырылған. Жасөспірімдер үйлерін әлеуметтік бейімдеу орталықтарына айналдыру да көзделіп отыр.
Мемлекеттік қолдау шаралары және жеңілдікті ипотека
Премьер-министр «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын нақтылады.
Оның ішінде мұқтаж жандарға коммуналдық қордан немесе әкімдік жалдаған жеке қордан баспана беріледі, сондай-ақ жеке үйді жалдау ақысының 50 пайызы субсидияланады.
Бұдан бөлек, «Отбасы банк» арқылы 2% және 5% мөлшерлемемен, ал «Наурыз» бағдарламасы бойынша 7% жеңілдікпен ипотекалық несие алуға және 1,5 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификатына ие болуға мүмкіндік қарастырылған.
Айта кетейік, 2025 жылы жетім балаларға 447 жеңілдікті қарыз берілді. Оның ішінде 259-ы – 2 пайыздық, ал 188-і – 5 пайыздық мөлшерлемемен үлестірілген.
Бұдан бөлек, 109 балаға жалдау ақысын субсидиялау мүмкіндігі берілсе, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 36 тұрғын үй сертификаты табысталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
