Соттың жекеше қаулысын орындау – мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және ұйымдар үшін міндетті талаптардың бірі болып табылады. Жекеше қаулы сотпен заң бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын жою мақсатында шығарылады. Сондықтан оны елемеу немесе орындамау заңмен жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 664-бабында соттың жекеше қаулысын немесе ұйғарымын орындамау үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Аталған бапқа сәйкес, соттың жекеше қаулысын қараусыз қалдыру, белгіленген мерзімде жауап бермеу немесе тиісті шаралар қабылдамау әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.
Жекеше қаулының негізгі мақсаты – заң бұзушылықтардың алдын алу, құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептерді жою және мемлекеттік органдардың қызметіндегі кемшіліктерге назар аударту. Сондықтан мұндай қаулыларды уақытылы қарап, нақты шара қабылдау заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Сот актілерінің орындалуы сот билігінің беделі мен заң үстемдігінің маңызды кепілі болып саналады. Осыған байланысты жекеше қаулылардың орындалуына жауапты тұлғалар заң талаптарын қатаң сақтауы қажет.
Н.Ибраев,
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Аға сот приставы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
