Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Елге үлгі болған әз-әже

19.01.2021

3585 0

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болатынын айтып өтеді. «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» дейді Н.Назарбаев. Осы ретте Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Зере  анамызды сөз етіп, көпке үлгі қылғанды жөн көрдік.

Зере десе есімізге бірден хәкім Абайдың әжесі түседі. Жұрт жадында ел анасы ретінде сақталған осы бір әз-әженің есімін бүгінде мыңдаған аруларымыз иеленіп жүр. Сондағысы қыздары  Зередей  көптің қадірмендісіне айналсын деген ата-аналардың ақ-адал ниеттері.

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы Зере  әжеміздің бейнесін тамаша берген.  Оны  ұлттың берекесі мен елдің ынтамағына ұйтқы болатын қазақ әже­ле­рінің керемет қасиеттері арқылы бей­нелеген. Сөйтіп, халықтың шын мәніндегі ел анасы екенін көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, Әуезов қазақ әжесінің жиынтық бейнесін Зере арқылы сомдаған. 

Ұлтқа үлгі болған жанның азан шақырып қойған аты Тоқбала екен. Ол шамамен 1785 жылы дүниеге келген. Қолда бар деректерге сүйенсек, ол Өскенбай бидің бәйбішесі, атақты Құнанбайдың анасы. Қартайған шағын­да құлағы естімей қалған ел анасы неме­релеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Сондай кездерде Абай әжесін өлеңмен үшкірген. Жүрегі мейірімге толы Зере немерелерінің ішінде Ибраhимді ерекше жақсы көріп, оны Абай деп еркелеткен. Оның болашақта дана да, дара ақын болуына  әжесінің септігі тиген.

Зере анамыз 1873 жылы қайтыс бол­ған соң, баласы Құнанбайдың ұй­ғаруымен Жидебай қыстауының жанына жерленген. Абай ауылының аза­маттары 1986 жылы қабір айналасын қайтадан жөнге келтіріп, Зере бейітінің басына Шығыс үлгісімен алты қырлы кесене тұрғызды.

Бүгінгідей рухани жаңғыруға бет алған елімізде көпке үлгі болатын әз-әжелеріміз аз емес. Сол себепті жұртшылық өмірге келген сәбилерінің есімдерін Зередей ананың атымен атауда. Лайым, қазақ жерінде сондай аналар көп болсын деп тілейік. Сонда бізден Құнанбай да шығады, Абай да туады.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: