Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қалам құдіреті

05.01.2021

2661 0

Сыр өңірінің әдеби кеңістігінде фольклор мен жыршы-жыраулар мұрасы ғана емес, жазба ақын-жазушылар еңбегі де ұшан-теңіз. Ауыз әдебиеттің тірегі діни-ағартушылық, тұрмыс-ғұрыптық сана болса, жазба әдебиет заманауи мәдени болмысты шығармашылық өзегіне айналдыра білді. Кейінгі шығармашылық үрдістер де жазба әдебиет дамуынан сабақ алып, бағдар түзеді. Осы орайда Сыр бойынан шыққан ақын-жазушылардың бір парасын оқырман жадына оралтуды жөн көрдік.

Сыр жазба қаламгерлері туралы сөз қозғағанда алғы буыны санатындағы Әбділда Тәжібаевтың есімін атамау мүмкін емес. Сыр топырағынан шыққан тұлға тек аймақтағы жазу­шылардың емес, дүйім Алашқа бел­гілі ақындардың аузында жүрген аңыз адамға айналды. Көрнекті ақын, драматургтың оқырман қауымға «Көне қоңырау», «Құрдастар», «Толағай», «Жаңа өрімдер» секілді жыр жинағы мен «Оркестр», «Құтқару» атты поэмалары жақсы таныс. Әсіресе, «Сырдария» өлеңі сырбойылық жас­тардың жатқа оқитын тартымды жырына айналды. Қанша жыл өтсе де өзегін жоймай, маңызын арттыра білген өміршең өлең туған жерге деген махаббат пен сағынышты тоғыстыра білді. Туындыда ақын:

Жазса Тарас Днепрді,

Жазса Пушкин Еділді,

Неге маған жырламасқа

Сырда туған елімді,

– деп Отансүйгіштік, ұлтшылдық қасиетін өлең өрнегімен кескіндеуге тырысқан. Сондықтан Ә.Тәжібаев шығар­машылығы елім деген ұрпақтың мәңгі жадында жаңғырып келеді. Бүгін­де облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына қаламгер есімі берілуі де осы ойдың айғағы. 

Сыр өңіріндегі қаламы қуатты даңқты тұлғаның бірі – қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов. Оның аймақтың мәдени-әдеби дамуына қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі бүгінге дейін аңыз­дай айтылуда. Ақынның өлеңдері мен поэмалары, сықақ әзілдері баспа беті шыққан сәтте елдің назарына ілігіп,  «Еңбек жыры» алғашқы өлеңдер жинағы оқырманның оң бағасына ие болды. Оған қоса, проза саласында «Сыр диқаны», «Асыл азамат», «Қыран тұғырдан ұшады» повестері жарыққа шықты. А.Тоқмағамбетов саналы ғұмы­рында 70-тен астам кітап ұсынған. Қазіргі таңда аласармас ақынның болмыс бітімі өскелең ұрпаққа өнеге болып, Қызылордадағы Мәдениет үйі мен қала көшесіне А.Тоқмағамбетов есімі берілген.

Жалпы Мұхтар Әуезовтің сыр­бойылық ақынды «Қырғи тілді Асқар» деп атауы бекер емес еді. Асқар Тоқмағамбетов сатиралық өлеңдер мен фельетондары арқылы қоғамдағы моральдық қағидалар мен пендешілікті мінеген өткір әжуалар тудырды. Мысалы ол өзінің «Қағаз бен қалам» атты өлеңінде:

Қағазы бір ақынның

Айтып тұр арыз қаламға:

– Ақ бетімді боямай,

Тыныштық берші маған да,

Тыныштық болсын саған да,

Дегенде қалам қағазға,

Жауап берді ол табанда:

– Мен бетіңді боясам,

Жорыма, достым, жаманға,

Қаларсың мүмкін үлгі боп,

Кейінгі ұрпақ адамға.

Алғыс айтар сол кезде,

Саған да, жазған маған да.

– деп кезеңдегі түрлі ахуалды тұспалмен жеткізе білген.

Өңірдегі өрелі қаламгер тобында жазушылықтан өзге, аударма саласында іргелі еңбек еткен тұлға жетерлік. Қалмақан Әбдіқадыровтай жазушының «Қажымұқан» повесі, «Тапқыш», «Тәт­ті қауын» атты кітаптары балалар әде­биетін дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Жазушы «Мың бір түн» ертегісін қазақ тіліне сапалы аударып, аударма саласында еселі еңбек еткені ел есінде.

Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лау­реа­ты, Қалтай Мұхамеджанов пен Қазақстанның халық жазушысы Әбді­жәміл Нүрпейісов те көркем әдебиеттің көгінде түрлі жанрды алға сүйреді. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трило­гиясы, «Күткен күн», «Соңғы парыз» туындылары қазақ әдебиетінде ғана емес, әлемдік әдебиетке қосылған үлкен үлес болып табылады.

Сонымен қатар Әбдікәрім Оңалбаев, Әбдікәрім Ахметов, Тілеген Шопашев, Рақмет Батырбаев, Айтбай Хангелдин, Сақтапберген Әлжіков өнегелі өлеңдері, прозалық, сатиралық шығармалар ар­қылы әдебиеттің қалыптасуына жол ашты. Ал, Зейнолла Шүкіров, Қалжан Нұрмаханов, Сейділдә Төлешов, Әлішер Тоқмағанбетов, Жүсіп Қыдыров, Нәсіреддин Сералиев, Саид Баязитов, Жақсылық Түменбаев, Дархан Сапаров, Мешітбай Құттықов сынды қаламгерлер қазақ мәдениетін әлемдік деңгейде танытуға күш салды.

Сыр топырағынан шығып, өз туын­ды­ларында туған жер тарихы мен халық бейнесін кестелеген белгілі қалам­герлер легі бүгінгі күнге дейін үзілген емес. Оның ішінде Дүкенбай Досжанов, Жарасқан Әбдірашев, Адам Мекебаев, Өтеген Күмісбаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Молдахмет Қаназов, Иранбек Оразбаев, Шөмішбай Сариев, Жадыра Дәрібаева, және Есенғали Раушанов, Қуаныш Жиенбаев, Мағираш Серикова, Байбота Серікбаев шығармашылығын әдеби сұранысты қамтамасыз етіп келеді.

Сыр елі – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған құтты қоныс. Сондықтан қазақ әдебиетінің жауһарларын ұсынған тұлғалардың болмыс-бітімі туралы мақа­лалар жазып, оқырманға ұсынатын боламыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: