Сәрсенбі, 24 сәуiр, 10:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қазақтың Әбділдасы

02.02.2021

12263 0

Қазақ әдебиеті тари­хында көрнекті орын алатын ірі тұлға елімізге ғана емес, кезін­де Кеңес Одағына аты жайылған, шығармала­ры әлем халықтары тілдеріне аударылған Сыр бойынан шыққан әйгілі қаламгерлер аз емес. Кеңестік дәуірдегі әдебиеттің өкілде­рі – ал­дыңғы буын Қалма­қан Әбдіқадыров, Әбділ­да Тәжі­баев, Асқар Тоқмағамбетов, Мұхамет­жан Қаратаев, олар­дың ізбасарлары Әбді­жәміл Нұрпейісов, Зей-нол­ла Шүкіров, келесі лек – Оразбек Сәрсенбай, Дүкенбай Досжан, Тыным­бай Нұрмағамбетов, Бекділдә Алдамжаров, Қаржаубай Омаров, Сұлтанәлі Балғабаев, олардан кейін де әдебиетте өз сөздерін айтып келе жатқан жүзден астам ақын-жазушы, әдебиетші ғалым бар.

Соның ішінде Әбділда Тәжібаевқа тоқ­талсақ, көзі тірісінде-ақ үлкен де, кіші де мойындаған классик, қазақша ұғымға салсақ, әдебиетіміздің абызы атанды. Қазақ елінің астанасы 1925 жылдың көктемінде Орынбордан Ақмешітке көшіп келгенде жергілікті қала жастарының атынан құттықтау сөзін өлеңмен арнаған бір аяғын сылти ілбитін жұдырықтай талапты бала арада он жыл өт­кенде талантты ақын ре­тінде танылып, қазақ кеңес әдебиетінің марқасқаларымен қатарласа аяқ басты. Қазақ әдебиетінің асқар алыбы Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтсақ, Әбділда Тәжібаевтың өмірбаяны – бір есептен қазақ кеңес әдебиетінің өмірбаяны. Ол алыптар тобы – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтың ізін басып әдебиетке келген, сол алыптардың тобына өзі де қосылатын еді.

Әбділда Тәжібаев – көр­некті ақын, драматург, әде­биет, театр зерттеушісі, фило­ло­гия ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазу­шысы, Қазақстанның Мемлекеттік сый­лығының лауреаты.

Бүгінде Қызылорда қаласында көрнекті жазушылар Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, Қ.Мұха­меджановқа ескерт­кіш орнатылған. Қы­зылорда облыстық әмбебап ғы­лы­ми кітап­ханасы абыз ақынның есімімен аталады. Қалада Ә.Тәжібаев атындағы көше де бар.

Бала ақынның өмірі

Әбділда ақын Сыр өңірінде 1909 жылы ақпан айында туған. Әкесі Тәжібай Қарымсақов жастай жетім қалып, көп өмірін жалшылықта өткізген. Қала байының қора сыпырушысы болды. Одан кейін Шевков деген орыс мұға­лімінің ат айдаушысы болып жұмыс істеген. Осы ұстаз Тәжібайға орысша хат танытады. Сол азын-аулақ хат шолуды білгендіктен Тәжібай кейін қала байларына жалдама қызмет істейтін приказчик бола бастайды. Әбділданың балалық шағы қалада, ата-ана бауырында өткенмен, алты жасында әкесі өліп, жетім қалады. Ендігі тәрбиесі анасы Айманкүлдің қарамағында өтеді. Күнделікті еңбекпен тіршілік етіп отырған Тәжібай өлген соң Айманкүл жас баласымен мұқтаждық, жоқшылық күйге түседі.

Айманкүлдің нағашысы Сыр бойының ескі балықшысы, әрі егінші-диқаны Далдабай деген қарт еді. Сол кісі жетім-жесір болып қалған Тәжібайдың үй ішін өз қолына алуды жөн санайды. Ендігі бірталай жылы Қараөзектегі сол Далдабайдың аулында өтеді. Далдабай өз баласы болмай, жиені Айманкүлді бесіктегі шағында бала қылып, бауырына салып өсірген. Өзі мейірімді, есті әке болған. Айманкүлді 14 жасына дейін ауылдағы молдадан оқытқан. Хатқа жүйрік, парсы, шағатай әдебиетіне өте таныс қанықты оқушы етіп өсірген еді. Айманкүлді оқытушы Ділдәхан молда Бұхарада отыз жыл оқып қайтқан, ескі медресе тәрбиесі бойынша көп білім алған кісі деп саналатын. Сол молданың ықыласты шәкірті болып өскен Айманкүлді Далдабай аулындағы кәрі-жас­тың көбі «молда қыз» деп атап кеткен. Далдабай қарттан бастап, ауылдағы үлкен аға, кәрі жеңгейлерге шағатай, парсы тіліндегі ақындық шығармаларды Айманкүл көп оқып береді. Өзі де көп кітапты біліп, айналасында жүргендерді шығыс әдебиет үлгілерімен мол таныстыра жүрді. Кішкене Әбділда Далдабай ауылына жетім бала болып барған шағында анасының әрбір кештерде, жиын топқа арнап оқып отыратын қисса, дастандарын естиді. Шығыстың классик туралы әңгімелерін ықыласпен тыңдайтын. Бала ақын ақындықтың алғашқы әсерін осылай тәрбиеден алады.

Айманкүлдің кітап оқығыштық мінезін құп­таған Ділдәхан молда өзі әбден қартайған шағында «ең жақсы шәкіртім осы» деп, бар кітапханасын Айманкүлге сыйлайды. Сол кітапханада Низами, Науаи, Хафиз, Сайхали, Бәділ шығармалары болады. Осы шығармаларды Айманкүл өзі оқып, жұртқа тыңдатумен қатар, баласының санасында ақындыққа құмарлықты еге жүреді. Тілі көпшілікке ұғымсыз болған шығармаларды қарттар мен балаларға оқып беруде Айманкүл шығыстың бәйіт оқитын сұлу мақамдарымен жырлап жеткізеді. Онысы да тыңдаушыларына өз шамасынша көркемдік тәрбие беретін.Тәжібайды жоқтап Айманкүл өз жанынан алғашқы мұң-шер өлендерін де жазды. Өз мұңын өз тілімен жазған жоқтауын ақындарының кітапша сөздерін араластыра айтты. Жыл бойында осы жоқтауын көп айтып, кеңейте жүріп, Айманкүл өзі мен баласының мұңды күйін ұзақ поэмаға айналдыра бастады. Сол жоқтаудың ішінде:

Ашыла түсіп гүл солды,

Жаңа бір түсіп от сөнді, –

деген арманды шер шерткен жолдары жас Әбділданың әкесі турасындағы мұңы болып жадында жүрді.

Айманкүл баласын өзі оқытып, жеті жасқа толғанында толық хат танытады. 1920-1921 жылдары Сыр бойында көп жанның қазасына себеп болған оба ауруы тарағаны белгілі. Сол дерттен Әбділда мен шешесін асыраушы, қорған болып отырған нағашысы Далдабай қарт қайтыс болады да ашаршылыққа ілінген ана мен бала Ақмешітке қайта көшіп келеді.

1922 жылы ол жетім балалар интернатына түсіп, бір қыс шала-шарпы оқумен күні өтеді де жаз шыға үш-төрт бала қосылып Ташкентке кетеді. Әйткенмен онда оқу іздеген балалар көп болып, бұлар орналаса алмайды. Қайта қайтуға қаражат болмай, енді анық панасыз балалардың өміріне көшеді. Көп айлардан соң әлі оқуға да, өмірге де орналасып жәй таба алмай жүрген панасыз бала Қызылордаға қайта келіп, Ленин атындағы интернатқа орналасады. Жақсы оқушы, үлгілі пионер болып, білімді азамат болуға қадам басады. Комсомолға да қосылады. Әбділда 14 жасар кезінде осы мектепте өзінің ең алғашқы ақындық тәжірибесін бастайды.

Алғашқы жұмысы – пошташы

Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте оқыған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген. Еңбек жолын 1926-1928 жылдар аралығында «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде пошташы, содан соң корректор болып бастаған. 1927 жылы «Жұмысшының гудогі» атты тұңғыш өлеңі «Жұмысшы» газетінде басылады.

Әрі қарай өлеңдері «Жұмысшы» және «Еңбекші қазақ» газеттерінде шығып тұрған. 1932-1934 жылдары Қарсақбайдағы «Қызыл кенші», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде редактордың орынбасары қыз­меттерін атқарған. Жиырма бес жастағы Ә.Тәжібаев 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланған. 1930-жылдары ақын­­ның «Жаңа ырғақ», «Лирикалар» деп атал­ған тұңғыш жинақтары жарық көреді. Белгілі «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деп ба­ғалаған. Ә.Тәжібаев халықтық аңыздар мен сюжеттер негізінде жазылған «Мерген», «Кі­лемшілер туралы ертегі», «Аққу» «Күй ата­сы», тағы басқа біршама поэмаларды дүниеге әкелген. 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбылтану бөлімінің мең­герушісі қызметін атқарды. 1948-1958 жыл­дары шығармашылықпен айналысып, 1958-1960 жылдар аралығында «Қазақ әде­биеті» газетінің бас редакторы, 1960-1962 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы, 1962-1984 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театртану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қыз­меттерін атқарған. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болып сайланған. 1964 жылы ақынның «Жүректілер» атты пьесалар жинағы жарыққа шыққан. Бұл еңбекте «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Монологтар» сияқты драмалық туындылары, «Той боларда», «Дубай Шубаевич» тәрізді комедиялары жинақталған. Оның «Өмір мен поэзия» «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты монографиялық зерт­теулері, көптеген сын мақалалары жария­ланған. Ол «Қазақ әдебиетінің тарихы» ат­ты зерттеу еңбекті құрастыруға қатысып, соң­ғы басылымының редакциясын басқарған. «Жылдар, ойлар» атты еңбегінде Жамбыл, Нұрпейіс, Иса ақындар мен М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Жұбанов, тағы басқа әдебиет және өнер қайраткерлері жайлы естеліктерін жа­риялады. «Жаданның хаттары», «Хаттар сөй­легенде», «Өмір мен ерлік» атты сын, эссе, про­залық кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты толымды пікірлер айтқан.

Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жыл­дарын бірыңғай шығармашылыққа ар­наған. Ә.Тәжібаевтің сценарийі бойынша «Жамбыл» кинофильмі түсірілген. А.Пушкин, Т.Шевченко, А.Островский, Г.Гейне, тағы басқа қаламгерлердің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Батырды танытқан ақын

«Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында қаһарман Бауыржан Момышұлы Әзілхан Нұршайықовпен әңгімесінде былай деп еске алады. Әбділданы танытар сол сәт әңгімені ықшамдап келтірейік…

«Бауыржан айтады: Қазақстан Жазушылар одағына хат жазғанмын. Қазақстан жазушы­лары, мынау сұрапыл соғысты өз көздерімен көрмей үйде отырасыңдар ма? Ертең соғыс туралы шығарманы қалай жазасыңдар? Бұл соғыс тарихта да, әдебиетте де атаусыз қала­тын соғыс емес дегенмін. Адам қасында жүргеннің қадірін біле бермейді. Әбділда деген ұлы ақын, ұлы азамат қой, шіркін! Өзің ойлашы, сен бір ауыз сәлем айтқан екен деп толарсақтан қан кешіп, оқ пен оттың ішінде жүрген саған қай досың артыңнан іздеп келеді? Шешең келсе келер, әкең келсе келер. Ешкімнің әмір-бұйрығынсыз, соғыс кезінің әр сағат, әр тәулігі өліммен ұштасып жатқан ауыртпалық қиыншылықтарына қарамастан майдандағы солдаттарға сәлем беремін деп келу үшін адамға қаншама қажыр-қайрат, адамгершілік, азаматтық, сүйіспеншілік керек десеңші! Соны мен бірінші рет осы Әбділданың басынан көрдім. Ақпейіл ақынның аңқылдап майданға келіп қалғанын бір-ақ білдім. 1942 жылдың сәуірінде жолда машиналарына бомба түсіп, істен шығып, Калинин облысының қара батпағын жарымжан аяғымен тізеден кешіп, жиырма шақырым жаяу жүріп, қап-қара боп түтігіп Талғар полкына келген Әбділданы көргенде төбе шашым тік тұрды. Тамағыма бір нәрсе кептеліп қалғандай, дыбысым шықпай оны бас салып құшақтай алғаным есімде. Солдаттардың қаһарлы командирінен арсалаңдаған балаға айналып кеткен сияқтандым. Ол қазақтың Қаратауын қасыма әкеп қойғандай болды. Алатауға арқамды тіреп тұрғандай болдым. Әбділдамен бірге бүкіл қазақ даласы көшіп келген сияқтанды.

– Неге келдің? Төбеден бомба жауған майданда өліп қалсаң қайтесің? Неге келдің, Әбділда? – дедім мен бір кезде даусым шығып.

– Өлсем сенен жаным артық па? Мынау тұрған көген көз боздақтардан жаным артық па? – деді ол.

– Біз солдатпыз, сен ақынсың ғой, Әбділда-ау.

– Солдатыма сүйегім сырқырамаса менің нем ақын, нем азамат, Бауыржан?! – деп әбден қажып келген Әбділда сылқ түсіп блиндаждың жиегіне отыра кетті.

Елдің хабарын айтып, жалынды өлеңдер оқып Әбділда менің де, менің полкымның жауынгерлерінің де құлақ құрышын қан­дырды. Солдаттар Әбділданы әкесіндей көріп кетті. Әбділданың әкедей ақылгөй, шешедей мейірбан, парасатты өлеңдеріне тәнтімін. Мен үшін қазіргі өзге ақындар бір төбе де Әбділда бір төбе. Соғыстың қақап тұрған қатал жылында қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың асқақ үні кернеді. Ол үн жауынгерлердің жүрегіне қайрат боп тұнып, Калинин ор­манының ішін кернеп кетті. Соғыстан кейін жігіттердің бірі маған әзілдеп:

– Бауке, жел соқса Калинин облысының орманына дейін қазақша ән салады екен, – деді.

– Ән салса оны 8-інші гвардиялық Панфилов дивизиясының жауынгерлерінен, сол жерге келген қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтан үйренген болар, – дедім мен оған шындап. Бауыржан ақын досының ерлігін осылай еске алыпты.

Осы майдан сапарынан елге оралған Әбділданың «Бауыржанға» деген өлеңі рес­пуб­ликалық газеттерге басылды. Оны Самуил Маршак орысшаға аударып, 1942 жылы мамырда одақтық «Известия» газетіне жариялайды. Қаһарман майдангер Бауыржан Момышұлы есімі алғаш осылай әйгілі болыпты» деп келтірілген әңгіме барысында.

Иә, 1998 жылы дүниеден өткен қазақтың Әбділдасы өмірде бәрін көріп кетті. Жетімдікті, жоқшылықты, соғысты да… Бірақ еш мойы­мады. Алланың берген талантымен бәрін жеңді. Расында да, қаламының құдіретімен елдің елеулісіне айналған абыз ақынды Сыр елі мақтан тұтады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: