Сенбі, 27 сәуiр, 14:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Сыр өңірінде биыл «Руханият жылы» жарияланды

05.02.2024

5294 0

Өткен жылы Сыр өңірінің мәдениет және өнер саласында көптеген жағымды жаңалық болды. Биыл да осы үрдіс жалғасып, игі шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихат сессиясында айтты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Соңғы екі жылда аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызылорда қаласында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд. 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Сондай-ақ 1 млрд 500 млн. теңгеге салынған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Алдағы уақытта тарихшылардың ғылыми негіздемелеріне және археологиялық қазба нәтижелеріне сүйеніп, алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шет елдерде сақталған жәдігерлер көшірмелері ел назарына ұсынылатын болады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз. Жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Еске салсақ, былтыр он жыл бұрынғы үрдіс жаңғырып, мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет өкілдеріне «Тұран» арнайы сыйлығы табысталды. Тұңғыш рет 50-ден аса кәсіби музыканттан жасақталған симфония оркестрі құрылды. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр үйірме жұмысын бастады. Қалалық «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылып, шығармашылығын халыққа ұсынды. Желтоқсан айында елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халық Сыр өнерпаздарының шығармашылығына ерекше ықыласын білдіріп, оң бағасын берді.

Алдағы сәуір айында осындай мәдениет және өнер күндері Алматы қаласында ұйымдастырылмақ.Жақын күндері 1000 орындық Өнер орталығы қызметін бастайды, Жыраулар үйі ашылады. Барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі орналасатын «Руханият» орталықтары салынады. Ол үшін облыстық бюджеттен 11,5 млрд теңге жоспарлануда. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады. Ал, Сырдария өзенінің сол жағалауынан Сыр өңірінің құнды жәдігерлері мен экспозицияларын кеңінен дәріптеу мақсатында жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Құны шамамен 1,6 млрд теңге болмақ.Өткен аптада облыстағы білім беру ұйымдарының жай-күйіне арналған кеңейтілген мәжілісте Мемлекет басшысының «Адал адам» концепциясы аясында өңірдегі барлық елді мекендегі клубтар мен мәдениет үйлерінде «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатыны мәлім болды. Орталықта балалар мен жасөспірімдер қосымша білім алады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: