Сенбі, 20 сәуiр, 19:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

«Елдің атын әлемге танытсам деймін»

16.12.2020

4035 0

Еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап қазақ жастары қай спорт түрінен болмасын, байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Жеңісті сәттердің артында бапкерлер мен спортшылардың аянбай тер төккен еңбегінің жемісі тұрғаны анық. Сондықтан аймақ спортының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар бапкерлер мен спорт саңлақтарының атаулы күнге орай назардан тыс қалмағанын құп көрдік. Соның бірі Тәуелсіздіктің құрдасы – Алтынбек Жүнісов. Кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің ауыз толтырып айтатындай жетістігі көп. 2014 жылы байрақты бәсекеде бағы жанып, әлем кубогінің иегері атанса, өткен жылы Азия чемпионы, Қазақстанның кикбоксингтен жеті дүркін жеңімпазы. Тәуелсіздік мерекесіне орай Сыр спортының саңлағымен аз-кем әңгімелескен едік.

– Алтынбек, есімің алты алашқа мәлім. Бағындырмаған белесің жоқ. Алғашқы сауалды чемпионның спортқа қалай кел­генінен бастасақ…

– Спорт денсаулық кепілі дегенді көп еститінбіз бала кезімізде. Мен спортпен шұғылдануды ерте бастадым. Ауылда балалық шағымызда көп жүгірдік. Уақыт болса өтіп жатыр, спорт түрін  таңдауда көп ойландым. Содан анам кикбоксинг спортына жетектеп әкелді. Қай спорттың да өз қиындығы болады ғой. Басында қиыншылықтар болды. Тіпті, тастап кеткім келді. Дегенмен чемпион болуды армандадым. Аяғына дейін жетуді мақсат еттім. Содан бері міне спортпен айнылысып жүргеніме 16 жыл өтіпті. Бүгінде жеткен жетістіктерім жаман емес. Болашақта ұлымды да осы спортқа бейімдеймін.

– Спортшылардың бос уақыты бола бер­мейтіні анық. Дегенмен жаттығу мен жарыстардан қол қалт еткенде шұғылданар шаруаңызды білсек…

– Жаттығудан тыс кезде ауылға барғанды ұнатамын. Әрбір қазақ баласы үшін туған жер ыстық. Биыл пандемия салдарынан жарыстар мен жаттығулар тоқтап қалды. Қазір ауылдамыз, қара шаңырақта. Ауылдағы жұмыстың өзі спорт жаттығуы десем қателеспес едім. Өйткені мұнда тынымсыз тіршілік. Маған сонысымен де қызық. Қазір ата-анам мен бауырларымның қасындамын. Көбіне қолым қалт ете қалса кітап оқып, ғибратты әңгімелерді тыңдағанды жақсы көремін.

– Сөз арасында ММА спортын айтып қал­дыңыз? Сонда екі спортты да қатар алып жүрсіз бе?

– Кикбоксинг пен ММА спорты бір-біріне жақын. Яғни ұқсастығы бар. Қазір кезде екеуін де қатар алып жүрмін. Шүкір, кикбоксингтен жеткен жетістіктер аз емес. ММА-ға ақырындап аяқ басып келемін. Бұйырса ол спортта да Қазақстанның атын шығаратын боламын.

–  Ережесіз жекпе-жектерде спортшылардың толық аты жөніне қарағанда лақап аты лезде тарайды. Бұл бір жағынан танымалдылыққа әсер ететін негізгі фактор десек болады. Бәлкім сіздің де лақап атыңыз бар шығар…

– Лақап атты енді ғана қолға алып жатырмын. «Алтуха» деп те атап жүргендер көп, ел аузында қандай атпен таралсам мүмкін соны қоятын шығармын. Әлі нақты емес. Десек те болашақтың жоспарында тұрған мәселе бұл.

– Әр спортшының идеалы болатыны сөзсіз. Кімді үлгі тұтасыз Кімге еліктейсіз?

– Қарсыластарына есе жібермей, сегізбұрышта теңдессіз шебер атанған ресейлік Хабиб Нурмагомедовке еліктеймін және үлгі етемін. Ресейлік спортшы жеңіліс дегенді білмейді. Оның жеткен жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады.

– Атағы жер жарған Алтынбектің жас спортшыларға айтары бар шығар…

– Жас спортшыларға айтарым, еңбек ете білу керек. Жалқаулықты ұмытып тек алға қарай ұмтылу қажет. Сонда ғана нәтижеге жетуге болады. Соның нәтижесі болар бүгінде жаттығуды ұмытқан емеспін. Ауылда болсақ та күн сайын жаттығу жасап жүрмін. Өйткені спортшы әрдайым бабында болуы қажет.

– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сәтсіздікті, жеңілісті қалай қабылдайсыз?

– Жеңілістің кермек дәмін тату кімге болса да оңай емес. Менің де жеңілген кездерім болды. Жаттығудан шаршап-шалдыққанда жеңілісті есіме аламын да, оған дайын еместігімді түсіне­мін. Өйткені жеңіліс пен жарақат сағыңды сындыруы мүмкін. Әрине, маңдайыңа жеңілу жазылса одан қашып құтыла алмайсың. Дегенмен жеңілмеу үшін шаршы алаңда да, жаттығу алаңында да жаныңды салуың керек. «Жеңістің атасы көп, жеңіліс – жетім» деп бекер айт­паған. Өмір жеңіс пен жеңілістен, сәттілік пен сәтсіздіктен, қуа­­ныш пен қайғыдан тұ­ратынын ұмытпау керек.

– Балалық шағыңыз қалай өтті? Кім болуды армандадыңыз?

– Жалпы адамның балалық шағында қызыққа толы сәттер көп. Ол ұмытылмайды. Ауыл баласы үшін тіптен қызық. Ауылда қой кезекке барып, шаңына аунап өстік. Сол кездегі арманым футболист болу еді. Алайда спорттан алыс кетпедім.

– ММА спортымен айналысу үшін қандай талап қойылады? Сипаттай аласыз ба? Бұл спорт түрі нені қалайды?

– Жалпы спортшыларға ең бірінші шыдамдылық керек. Шыдамды бола білсең ғана нәтиже көрсетуге болады. Жеңілістер болса төзе білу, сынбау керек. Қайтадан одан әрі жаттығу қажет деп ойлаймын.

– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– Алда жоспарлар көп. Ең бірінші әлемдік додаларда, байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің атын әлемге таныту қажет. Сол бағытта жұмыс жасаудамыз.

– Егемен еліміздің құрдасы екенсіз. Тәуел­сіз елмен қатар есейіп келе жатырсыз. Мерей­лі мерекенің аясында жылы лебізіңіз болса…

– Қазақтың қалың тарихына үңілсең, талай рет тағдыры қыл ұшында тұрғанын байқайсың. Тағдырдың сын тезінен аман қалған халқымыз білектің күшімен, найзанын ұшымен ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын сайын даланы бізге аманат етті. Ата-баба арманына біз жеттік. Тәуелсіз­дікпен құрдас болуымды маң­дайға жазыпты. Тағдырдың сыйы­мен үшін үлкен жауапкершілік. Қазір әр қадамыма есеп беріп,  әрбір ісіме жауапкершілікпен қараймын. Күш жігерімді Отанымды көркейтуге, гүлден­діруге жұмсаймын. Халқымның бақыт­ты болуын қалаймын. Асқақ елдің арманы биік, адастырмайтыны кәміл. Әр жылымыз жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, жеңісті сәттер­ге толы болып, ел үмітін ақтайтын саңлақтарымыздың қатары көп болсын. Әрбір игі істер мен жаңа бастамала­рымызға сәттілік серік болып, отбасы­ларыңызға баянды бақыт пен бақ-береке орнасын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: