Жексенбі, 24 қараша, 22:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

GGG vs Canelo: Трилогия қашан?

14.05.2022

1575 0

8 мамыр әлемдік кәсіпқой бокс саласында елеулі жаңалық болды. Бұл жаңалық қазақстандық бокс сүйер қауымды да айналып өтпеді. Өйткені бұған дейін Геннадий Головкинді екінші жекпежекте жеңген Сауль Альварес ресейлік былғары қолғап шебері Дмитрий Биволдан жеңілді. Төрешілер 113:115 ұпай бойынша бірауыздан Биволды жеңімпаз деген шешім шығарды.

WBA Super жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Дмитрий Бивол мексикалық Сауль Альваресті жеңгеннен кейін промоутер Эдди Хирннен кешірім сұрады. Өз сөзінде боксшы қазақстандық Геннадий Головкинмен болуы керек трилогия жоспарын бұзғаны үшін кешірім сұрады. «Мен бүгін өз ди­ви­зионымдағы ең мықты спортшы екенімді дәлелдегеніме қуаныштымын. Белдігімді сақ­тап қалдым. Эдди Хирн, мен Головкинмен болатын трилогия жоспарыңызды бұзған шығармын. Кешіріңіз», − деді Бивол рингте.

Сонымен қатар бокс кешінен кейін про­моутер Эдди Хирн алдағы уақыттағы жоспары туралы сөз қозғады. Оның сөзінше, Канело Биволмен өткізетін реваншына дейін әлі бір қарсыласпен қолғап түйістіре алады. Эдди ол қарсылас Головкин болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. «Головкинмен болатын жекпе-жек – елеулі оқиға. Сондай-ақ біз Биволдың командасымен келіссөз жүргізіп, оның алдағы жоспарын талқылауымыз керек. Канело да, Бивол да реваншқа дейін бір ара­лық жекпе-жек өткізіп, содан кейін кездесуі мүмкін», − деді промоутер.

Ал журналистердің Сауль Альвареске «Сіз реваншқа дейін қыркүйекте Головкинмен жұдырықтасуыңыз мүмкін бе? Әлде Биволмен өтетін жекпе-жекке дайындалуға сізге ұзақ уақыт қажет бола ма?» деген сұрағына боксшы «Біз келесі жекпе-жектің кіммен болатынын әлі шешкен жоқпыз. Жаңалық болса бірден сіздерге жеткіземіз», − деп жауап берді.

12 мамырда промоутер Эдди Хирн мек­сикалық былғары қолғап шебері Сауль «Канело» Альварестің спорттық карьерасы қалай жалғасатыны туралы болжам жасады. Оның айтуынша, Канелоның командасы реваншқа дайын, бірақ оған дейін қа­зақстандық боксшымен бір жекпе-жек өт­кізуі мүмкін.

«Менің ойымша, Альварес алдымен Головкинмен қолғап түйістіреді. Содан соң Биволмен екінші рет жұдырықтасады. Оның командасы Дмитрийды жеңетіндеріне сенімді. Сондықтан реванштың болатыны сөз­сіз. Дегенмен екі ортада бір жекпе-жек өтуі мүмкін», − деді Эдди Хирн.

Ал GGG-дің экс-қарсыласы Кертис Стивенс Головкин мен Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек желтоқсанда болуы мүмкін деп болжады. «Біз үшінші жекпе-жекті көргіміз келеді. Бірінші жекпе-жекте тең ойын болды, дұрыс па? Екінші рет Канело жеңді. Бізге үшінші жекпе-жек қажет. Қыркүйек айында ол Биволмен жұдырықтасады. Содан кейін желтоқсанда рингке оралып, Головкинмен қолғап түйістіреді», − деді ол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: