Аймақта ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бірқатар спорттық шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, 69 спорттық жарыстарға 5444 спортшы қатысты.
Спорттық жарыстардың 3-і республикалық, 15-і облыстық, 46-сы қалалық және аудандық деңгейде өткізілді. Тоғызқұмалақтан онлайн форматта өткен республикалық турнирге еліміздің барлық өңірінен 144 спортшы қатысты. Сондай-ақ, еркін күрестен және волейболдан республикалық турнирлер өтіп, оған өзге облыстардан спортшылар келді. Ал гандболдан және волейболдан облыстық біріншілік өткізілді.
– Бұл жарыстарды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу, жасөспірімдер мен жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге және дене шынықтыру және спорт арқылы салауатты өмірге баулу. Аталған жарыстардың барлығы карантин талаптарын сақтай отырып, көрермендерсіз, салтанатты шараларсыз өткізілді, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов.
Өңірде наурыз айында халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай жастар арасында қазақ күресінен республикалық турнир, самбодан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты болады. Сәуір айында қазақ күресінен «Алтын белбеу» облыстық іріктеу турнирі, мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған «Көктем жұлдыздары» республикалық турнирін өткізу жоспарлануда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!