Жұма, 29 наурыз, 17:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Ел тәуелсіздігінің іргесін қалаған күн

24.10.2022

5209 0

25 қазан ұлттық мереке – Республика күні. Бұл бүгін пайда болған мереке емес екені алаш жұртына аян. 1990 жылы егемендік декларациясы қабылданған дәл осы күн 1995 жылдан бастап Республика күні болып белгіленді. Алайда 2009 жылы тиісті заңға өзгеріс еніп, республика күні мерекелер тізімінен алынып қалған еді. Жуырда «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұл күнге республика күні – ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. Бұл күннің қазақ елі тарихында мәні зор. Мереке қарсаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы, саяси ғылымдарының кандидаты Шырын Тұхмаровамен әңгімелескен едік.

– Биылдан бастап 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке болып белгіленді. 13 жылдан кейін мәртебесі қайта оралған мерекенің маңызы туралы айтсақ…

– Бұл құжат қазақ еліне саяси-тарихы маңызы бар өзгеріс алып келді. 1990 жылдың 25-інші қазаны Қаз ССР-нің егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Құжат қабылданған күннен бастап ел өмірінде үлкен өзгеріс басталды. Бұл декларацияда ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын тудыратын жария ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саясиэкономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні де осы құжатта көрсетілді. Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда елімізде мемлекеттің тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданды. Бұл декларацияда Қазақстан мемлекетінің егемендігін дәлелдейтін мемлекет аумағы, азаматтығы, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді. Бір сөзбен айтқанда, декларацияның қабылдануы елге жаңалық алып келді. Еліміздің қоғамдықсаяси құрылымына өзгерістер енді. Әлем картасында тәуелсіз Қазақстан Республикасы ретінде дүниежүзіне танылуына алғашқы қадам жасалды. Бүгінде әлем таныған тәуелсіз қазақ елінің кең байтақ жерінде 130-дан астам ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Республика күні 2009 жылға дейін күнтізбеде мереке ретінде белгіленіп, тарихи маңызы бар күн ретінде ерекше аталып келді. Кейін мерекелер қатарынан алынып тасталды. Осы орайда мереке қатарынан неге алып тасталды деген сұрақ туындайтыны заңды. Ғалымдардың, сарапшылардың пікірінше, егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, Қазақ ССР-нің егемендігі жарияланған. Декларацияға сәйкес, адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық дербестігіне кепілдік бере алмады. Мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды. Тағы бір туындайтын сұрақ Республика күнінің ұлттық, ал 16 желтоқсан тәуелсіздік күні – мемлекеттік мереке болып белгіленді. Бір айырмашылығы, ұлттық мерекеде мемлекеттік органдар міндетті түрде ісшаралар ұйымдастырады, бұл ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады.

Биылдан бастап Мемлекет басшысы бұл күннің қазақ елі үшін маңызды екенін айтып, ұлттық мереке мәртебесін қайта беруді ұсынды. Бұл жайында ел Президенті: «Республика күні еліміздің мемлекеттілікке деген батыл қадамының нышаны болуы тиіс. Әрине, Тәуелсіздік күні басты мемлекеттік мереке болып қала береді. Бұл күні тәуелсіздікке қол жеткізуге зор үлес қосқан халық қаһармандары құрметтелуі керек», – деді. Бұл – тарихи маңызы зор айтулы күн.

– Ғалымдардың пікірінше, Республика күні мерекесі жарқын болашаққа, алға ұмтылуға жетелейді екен. Жалпы, Республика күні – ұлттық мерекесін қалай атап өтуіміз керек? Жас ұрпақ нені білуі қажет?

– Шынында, тарихқа айналған жылдарға қарап отырып, сараласақ, тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған маңызды тарихи құжат қабылданған күннен бастап дербес мемлекет болуға ұмтылған қазақ елі алғашқы жылдардағы экономикалық-саяси қиындықтарға қарамастан алға қарай қадам басты. Бұл – ұлт зиялылары армандап кеткен, ғасырлар бойы қазақтың арманына қол жеткізген күн.  Республика күні ұлттық мерекесі – қазақ елі үшін айтулы күн. Біз дүниежүзіне танылған, әлем картасынан ойып тұрып орын алған күн. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Ұлым дейтін жұрт болмаса, елім дейтін ұл қайдан өссін» деген екен. Кейінгі буынды егемен елдің қадір-қасиетін сезіндіріп тәрбиелей алсақ, сапалы білім берсек, мемлекетке пайдасын тигізер білікті маман даярласақ аға буынның парызының орындалғаны. Егемен елдің әрбір азаматы қазаққа қалай пайда тигізем деп еңбек етсе, қазақ елінің болашағы жарқын болады. Біз ұлт тәрбиесінде ең алдымен осы ұстанымды естен шығармауымыз қажет.

«Не деген бақытты едің, Келер ұрпақ!» деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, егемендік жас буынға сапалы білім алуға, жақсы өмір сүруге, ілім-білім, өнер үйренуге үлкен мүмкіндік жасады. Ең бастысы, жастар егемендіктің қадірін ұғынса дейміз. Мереке күні түрлі мәнді іс-шаралар жас ұрпақты патриот болуға жетелейді деген үміттемін.

– Екінші республика ұғымы қолданылып жүр. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тағы бір жаңа белес болар…

– Екінші республика ұғымы өркениетті елдер тарихында кездеседі. Бұл мемлекеттің жаңаруын, ел болашағы үшін реформалардың қажеттігін, уақыт талабына сай, жаһандық өгерістерге жауап беретіндей бәсекеге қабілетті ел болуы үшін қандай өзгерістерге ұмтылуымыз керек екенін білдіреді. Бұл бір күнде бола салатын өзгеріс емес. Бүгінде еліміз үлкен өзгерістерді бастан кешуде. Мәселен, референдум өтіп Ата заңымызға өзгерістер енді, мемлекеттік басқару жүйесі жаңаруда. «Суперпрезиденттік биліктен» арылу, халық үнін еститін мемлекетке айналу жаңа Қазақстанның бір ұстанымы. Сондықтан бұл өзгерістер мен саяси реформалар ел тәуелсіздігін нығайта түсетіні анық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: