Сейсенбі, 28 мамыр, 10:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№42-2052
28.05.2024
PDF мұрағаты

«Тәртіпті өзімізден бастау керек»­

09.03.2023

4213 0

Мерейлі мереке – әр саладағы қыз-келіншектерді құттықтаудың орайлы сәті. Шен мен лауазым, сала мен қызметке қарамастан әрбір ару мейірлі сөз, жылы лебіз естиді. Қуанышын еселейді. Осы орайда құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген погондағы ару Құралай Базарбаевамен сұхбаттасып, мерекелік көңіл-күй мен қызметтік ерекшелік туралы білудің сәті туды.

 Құралай Абайқызы, көпшілік полиция қызметкері болу – көбіне ер адамдарға лайықты жұмыс деп түсінетіні жасырын емес. Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? Еңбек жолыңызды қысқаша айта өтсеңіз…
– Тәртіп сақтау, құқық қорғау – әрбір азамат міндеті. Мен де осы үдеден шығу үшін бала күннен әскери қызметкер болуды армандадым. Арман жетегімен құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алып, салада қызмет етуге мүмкіндік туды. Осылайша, 2013 жылдан бері құқық қорғау саласында еңбек етемін. Қазіргі таңда Қызылорда облысы мамандандырылған күзет қызметі баскармасында қызмет атқарамын.
Әрине, нәзікжанды болғасын, қызмет барысындағы қатал тәріп оңайға соқпайды. Оның үстіне отбасының ұйытқысы болу, жұмысты қатар игеру оңай шаруа емес. Десе де өмірлік таңдау мен құлшыныс алға сүйреп, ауыр жүкті еңсеруге дем беруде. Жемісті нәтиже көрсетуіме отбасымның да үлесі зор.Тұрмыс құрғанмын, бір қыз тәрбиелеп отырмын.
– Жұмысыңызда атқаратын функционалдық міндетіңіз қандай?
– Функционалдық міндетіме мемлекеттік маңызы бар объектілерді қорғау, құқықтық, әкімшілік заңсыздықтың алдын алу жатады. Қызығы мол қызметте маман бойынан қырағылық, Отансүйгіштік секілді қасиеттің болуы шарт. Онсыз атқарған жұмыс, артылған міндет толық өтелмейді деп есептеймін. Себебі нәтижелі жұмыс жетістікке жетелейді. Саладағы еңбек ескеріліп, жақында Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Ішкі істер орган­дары­ның үздігі» төсбел­гісімен мара­пат­тал­дым.
 Сіз­дің ойы­ңызша, үлгілі полиция қызметкері қандай болуы тиіс?
– Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы. Президент Жолдауында: «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдау туралы тап­сыр­ма беріліп, бір­шама міндет­тер жүктелді. Бұл біздің жауапкершілікті күшейтіп отыр. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Полиция қызметкер­лері қызмет бабында салғырттық танытпауы тиіс. Ең бастысы, үлгілі полиция туыстықтан гөрі турашылдыққа бет бұратын қызметкер болу қажет. Оған қоса үлгілі полицей ең алдымен тәртіпті өзінен бастағаны дұрыс секілді. Жауапкершілікті арттырып, Отан алдындағы антына берік болып, қысылтаяң шақта төзім таныта білсе, ең үлгілі қызметкерге айналатынымыз анық.
– Мерекелік лебізіңіз…
– Қымбатты Сыр арулары, нәзікжандылар қауымы! Баршаңызға әрқашан көктемнің қырмызы гүліндей құлпырып, әсемдік пен әдеміліктің иесі болып, бақытты да баянды ғұмыр кешуді тілеймін. Сіздер барда сәбилеріміздің жүзінен күлкі кетпей, ер-азаматтарымыз еңсесін тік көтеріп жүре берсін! Шаңырақтарыңызға шадыман шаттық, бақ-береке орнасын!


Әңгімелескен Ерсін ШАМШАДИН

Дереккөз: Ақмешіт жастары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: