Сейсенбі, 07 мамыр, 14:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Кітап  оқып  жүрміз бе?

29.02.2024

342 0

Сурет: El.kz

«Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар оқылық. Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық» Ыбырай Алтынсариннің осы өлең жолдары көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Өнер де, білім де барлығы оқу арқылы беріледі. Өйткені, кітаптан асқан қазына жоқ. Ал, бүгінде осы байлықтың бағасына жетіп жүрміз бе? Оны әркімнің өз еншісіне қалдырдық. Қазір екінің бірінің қолында смартфон телефон. Айналасында не болып жатқанымен шаруасы шамалы. Жас та, жасамыста сонымен әуре. Ішіндегі көз арбар қызығына уақыттарын босқа сарп етуде. Ал, құндылықтарға толы кітапқа құмартып жүргендер жоқтың қасы. Біз барлығына күйе жағудан аулақпыз әрине. Бес саусақ бірдей еместігі бесенеден белгілі. Әлқисса, сонымен әңгіме ауанын әріден бастайын. Бізге бағдар, ұлтқа үлгі тұтарлық ұлылардың басты бұлағы қайда? Олар кімнен дәріс алды? Қалай мұндай дәрежеге жетті? Ой елегінен өткізіп қарасаң бәрінің бастауы білімде тұр. Шығыстың шежіресін, батыстың баспасөзін басына жастана жатып оқыды. Одан осал болған жоқ. Ойы озық, санасы сергек адамға айналды. Арғысы әл Фараби, бергісі Әбіш сөздің сөлін сығып, өмір өзегіне арқау ете білді. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген халық даналығын «көп оқығаннан сұра» деп өзгертсе айып бола қоймас. Еңбек ардагері Жаңберген Сәденов «бір жыл үзбей баспасөзді оқыған адам төрт жыл жоғарғы оқу орнын бітіргенмен бірдей» деп еді.

Шаммен кітап оқығандар не дейді? 

– Көп оқыған көзге зиян келтірмейді. Қайта көру қабілетін арттырып, мидың ішкі қантамырларының жұмысын жақсартады. Мен көбіне кітап дүкендерін аралап өзіме қажеттілерін сатып аламын. Кейде орталық кітапханадан жаздыртып та оқимын. Кейбір кезде түн ортасына дейін кітап оқып, таңертең ерте оянамын. Соған қарағанда кітаптың адам ағзасына тигізер оң әсері болғаны ғой деп есептеймін. Әр кітапты оқыған сайын әлемді әр қырынан танығандаймын. Жастар кітапханаға бармайды деп жатады. Мен өзім кітапханашы болғандықтан бұл пікірмен мүлде келіспеймін.  Керісінше жастар қазіргі таңда қазақ әдебиетінің классиктерін және шетел әдебиетінің жауһарларын көптеп оқиды. Кітапқұмар жастардың енді бір тобы  мотивациялық еңбектерге әуес. Сонымен қатар, заман талабына орай кітаптардың электрондық нұсқасы да оқырмандарға жол тартты. Бұл кітапқа қолжетімділік. Оның пайдасы кез келген жерде жүріп-ақ қажетті шығарманы смартфонға жүктеп алып оқуға мүмкіндік береді. Кітап ақылды қуаттандыратын құрал. Сондықтан оқуға көп көңіл бөліп, ішкі рухани жан дүниемізді жұтаңдатып алмауымыз абзал.  Шынын айту керек, кейбір замандастарымыз оқуға уақыттың жоқтығын себеп қылып жатады. Мәселен, жарық жоқ кезде білте шаммен кітап оқыған бабаларымыздың өмірі өнеге емес пе?, – дейді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова.

Сүбелі сөз төл әдебиетте

Расымен де, тың ой, сүбелі сөз төл туындыларымызда сақтаулы. Әдеби шығарманың адамға берер тағылымы терең. Сондай-ақ, тағы бір атап өтерлігі, ойландыратын, жанға тыныштық және үйлесім сыйлай алатын кітаптарың шығуда маңызды дүние. Кітапты талғап оқудың да орны ерекше екендігін мамандар ұдайы айтып келеді. Оқығанды түйсіну, санаға сақтау, алған әсеріңді өмір жолыңа бағдар ете білу де  керек. Бұл да өнер. Адам есейген сайын жас ерекшелігіне сай талғамы да өзгеріске ұшырап отырады. Әрбір жасқа лайықты кітаптарда көптеп шығуда. Естуімше ілгеріде кітап құны арзан әрі мұқабасы сапалы болған екен. Сосын жазушыға барынша жағдай жасалады. Бұл бұрынғының бағдары болатын. Алайда бүгінде басылымның да, автордың да ахуалы мүлдем бөлек. Жасыратыны жоқ қазір кімнің қалтасында қаржысы бар сол кітап шығара беретін жағдайға жетті. Осығанда арнайы бақылау тобы құрылғаны тиімді сыңайлы. Бұл да жазу стиліндегі жүйелілікті жолға қояды. Өз бойымдағы барлық ізгі қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын» деген Максим Горькийдің сөзі бар. Міне, осы арқылы өскелең ұрпаққа кітаптың қадір-қасиетін, ұлылығын ұғындыруға болады. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы ойшыл хакім Абай айтқан сөздің астарында аласармас ақиқат жатыр. Адам өмірінде ең маңыздысы ілім алу, білім  жетілдіру. Ал бұл жолда үлес қосатын кітап. Кітаптың әр парағы адамның әр күніне темірқазық іспетті жол нұсқап тұрады. Кітап жазуға бүкіл саналы ғұмырын арнаған жазушылар да жеткілікті. Бұл адам мен кітаптың бір-бірінен ажырамас дос екенінің айқын дәлелі.

Асыл дүниені жастанып, оның тұңғиық терең әлеміне еніп, өзін сондағы кейіпкер сезінетіндер де кездесіп жатады. Қайда барса да қолынан кітабын тастамай қол дорбасына салып жүріп оқитын шопан жайлы бірде естіп таңырқағанымыз бар. Дегенмен сол арқылы оның ішкі дүниесі айнадай жарқырап жатқанын сырт көз біле бермесі анық. Мамандығы басқа болса да проза, поэзия жанрын іздеп жүріп оқитын оқырмандарға сүйсіне қарайсың. Бір шығарманы бірнеше мәрте қайталап оқып жатқандар да кездеседі. Бұл кітаптың өзіне баурап алатын шексіз құдіреттілігінің белгісі. 

Аружан АМАНТАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: