Сенбі, 27 сәуiр, 05:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршын қайда жерленген?

01.11.2022

1420 0

Қазақ батырлар жырындағы тұлғалы кейіпкер, алпамса денелі Алпамыс батырды білмейтіндер кемде-кем. Эпостық туындыда Алпамыстың өмірге келуі мен оның өсуі фантастикалық сипат алғанымен батыр шынымен өмірде болған жан. Бүгін Алпамыстың сүйген жары Гүлбаршын сұлу жатыр деп саналатын Көккесене жайлы әңгіме қаузайтын боламыз.

Жаңақорған ауданына қарасты Қожамберді батырдың атымен аталатын елді мекен бар. Осы жерде жұртшылық «Көккесене» атап кеткен ортағасырлық архитектуралық  ескерткішті кездестіресіз.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Көккесене орта ғасырлардан сақталған архитектуралық ескерткішке жатады. Ол Төменарық теміржол торабынан солтүстікке қарай-5, Сығанақтан оңтүстікке қарай-8 шақырымдық  қашықтықта орналасқан.

Көккесене жайлы зерттеулер мен жазбалар аз емес. Осыдан 95 жыл бұрын қазақтың Биағасы – Бейімбет Майлин «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне «Мәдениет мұралары» деген тақырыппен мақала жарияланған. Қайраткер Көккесенедей тарихтан тін тарқататын мәдени мұраға күтім керектігін айтқан. Көккесененің бүгінгі жайына қарағанда Кеңес үкіметінің тұсында жазушының жанайқайына ешкім құлақ түрмеген секілді. Қараусыз кесене ақыры құлап тынған. Жаңақорғандық ақын, жазушы-журналист, балалар әдебиетінің аса ірі өкілі Адырбек Сопыбеков: «Көптеген зерттеулерде Баршынкент Сырдарияның оң жағасына қоныс тепкені айтылады. Көккесене де соған таяу жерде болған деушілер де бар. Бұл әңгіме шындыққа жанасатын секілді. Гүлбаршын сұлу бақилыққа аттанғанда, оны елсіз далаға апарып жерлеген жоқ. Қала маңындағы қорымның біріне жерлеген. Демек, Баршынкент пен Көккесененің арасы онша қашық болмаған секілді. Сондықтан әйгілі кесенені Гүлбаршын сұлудың мәңгілік мекеніне айналған қасиетті орын деп санасақ, артық емес», – деген пікір білдірген.

Тақырыпты аша түсу үшін Жаңақорған ауданындағы Көккесене орналасқан Қожамберді ауылына бардық. Жергілікті тұрғындар Көккесенені Алпамыс батырдың жұбайы Гүлбаршынның қабіріне орнатылған деп санайды екен.

Энциклопедиялық мәліметтерде оны салжұқтар заманының сәулет өнерінің үлгісімен биік мұнаралы етіп салынғаны айтылады. Кесене күйдірілген қыштан тұрғызылған. Күмбездің аркасын жебенің үшкір басына ұқсатып, екі иығын өрнекті бағаналармен көмкерген. Қабырғаларын Алаша хан күмбезі секілді қыштан кілем өрнегі үлгісіне ұқсатып қалаған. Бір жағынан қарағанда ол Қарахан мазарына ұқсас. Оған жақын маңда Баршын сұлудың әкімшілік құрған астанасы Баршынкенттің қираған орны бар. Бұл ескерткішке қатысты Ж.Басығарин, Е.Қасымов, И.Кастанье, В.Бартольд еңбектерінде тарихи мәліметтер сақталған. Академик Әлкей Марғұлан: «Оғыз елінің атақты бір қаласы – Баршынкент. Баршынкенттің тағы бір қызық тарихы ол қаланы оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі – Баршын сұлуға арнап салынғандығы. Қазақтар ол қаланы бергі кезге дейін «Қыз қала» деп келді» – дейді.

Қожамберді шағын ауыл болғанымен тамырын тереңнен алып жатыр екен. Иә, біздің туған жеріміз – Сыр топырағында әлі қанша ашылмаған жұмбақ бар екен десеңші?! Мың археолог қазса да түбіне жете алмайтын шығар. Осы ауылдың абыз ақсақалы атанған Есболат көкеміз бізді қызықтырған кесене жайлы кеңінен әңгімелеп берді.

– Көккесене – біздің ауылдың жүрегі. Бұл жерде атақты Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршын сұлу жатыр. Бізге дейінгі үлкендер осылай дейтін. Біз де балаларымызға солай айтып жүрміз. Ал ауыл атқа құйысқансыз мінген Қожамберді батырдың есімімен аталады, – деді ол ағынан жарылып.

Бір өкініштісі, Көккесене сақталмаған. Жай ғана үйінді төбе сияқты. Жан-жағына қорым түсіп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, ауыл қорымы болып тұр.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: