Сейсенбі, 23 шiлде, 02:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Робототехника: әлемді қалай өзгертеді?

11.05.2024

1193 0

Робот және робототехника – бүгінде жиі қолданылатын сөз. Робототехника – ғылым мен техниканың ең жылдам дамып келе жатқан салаларының бірі. Ол өнеркәсіптік автоматтандыруды, медицинаны, білім беруді және ойын-сауықты қоса алғанда кең ауқымды салаларды қамтиды. Жалпы біздің роботтар туралы түсінігіміз ғылыми-фантастикалық фильмдер мен кітаптар арқылы қалыптасты. Өнер туындыларының әсерімен, бүгінгі күні роботтар туралы айтылғанда үй жұмысын орындауға немесе әлемді қорғауға қабілетті адам тәрізді робот бейнесін елестетуіне әсер етті. Алайда роботтар ғылыми фантастиканың материалы емес.

Қазіргі уақытта роботтар біздің өмірімізге әртүрлі салаларда қолданылып, жұмысты жеңілдететін құралдардың бірі. Олар ғарышқа ұшады, басқа планеталарды зерттейді. Әскери мақсатта көмектеседі – қауіпті заттарды залалсыздандырады және ауадан жағдайды барлайды. Өнеркәсіптегі көптеген саланы роботтарсыз елестету мүмкін емес: бірі көлік құрастырса, екіншісі жаңа дәрі-дәрмектерді табуға көмектеседі. Жұмысшылар өндірістік ортадағы улы химикаттар, тар кеңістіктер немесе ауыр машиналар сияқты қауіпті жағдайларға ұшырайды. Мұны азайту үшін стартаптар әртүрлі өндірістік процестерді автоматтандыру үшін AMR автоматтандырылған роботтарды пайдаланады. Олар айналаны түсіну және дербес шарлау үшін сенсорларды, ЖИ және компьютермен көруді қосады. Сенсор деректеріне негізделген шешім қабылдайтын көптеген құрылғыны да роботтар деп санауға болады. Бұл өз кезегінде сала мамандарының жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, қауіпсіз етті.

Робототехниканың тарихы ең алғаш қозғалатын мүсіндер жасалған ежелгі дәуірден басталады. XVIII ғасырда Пьер-Жаке Дро андроид роботын жасады. Нағыз серпіліс XX ғасырда ақпараттық технологияның дамуымен бірге басталды. 1959 жылы «Unimate» атты алғашқы өнеркәсіптік робот қолы жасалды. Содан бері робототехника дамып, адамзат үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бұл робототехника тарихының қысқаша шолуы, оның толық тарихы таңғажайып жетістіктер мен жаңалықтарға толы. Қазіргі таңда өнеркәсіптік роботтардың робототехника саласында айтарлықтай үлесі бар. Өнеркәсіптік роботтар – өндіріс ортасында қолданылатын роботтар. Олар металлургия, тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау сияқты әртүрлі салаларда қолданылады. «Statista» зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстандағы робототехника нарығы 2024 жылға қарай кірісті айтарлықтай арттырып, құны 25,36 миллион АҚШ долларына жетеді деп болжануда. Әсіресе қызмет көрсететін робототехниканың кірісі 25,31 миллион АҚШ долларын құрайды деп болжануда. Қазақстанда өндірістік секторда робототехниканы қолдану, еңбек өнімділігі мен автоматтандыру мүмкіндіктерінің артуы байқалады.
Робототехника саласы медицинада да көптеп пайдалануда. Медицинадағы робототехника медициналық мәселелерге инновациялық шешімдер қабылдау үшін механика, электроника, бағдарламалау және биология сияқты әртүрлі салалардағы білім мен технологияны біріктіреді. Медицинадағы роботтардың негізгі рөлі – хирургиялық отаға көмектесу. Роботтар медицина қызметкерлерін оқытуда да қолданылады. Мысалы, жапондық стоматологтарды даярлау жүйесі «Showa Hanako 2» деп аталады. Бұл инновациялық жүйе стоматология саласында білікті мамандарды дайындауға көмектеседі. Дүние жүзіндегі көптеген клиникада «TransCar» және «TUG» сияқты робот-курьерлер дәрі-дәрмектер мен құралдарды жеткізеді. Қазіргі уақытта пациенттің денесіне енгізілетін және жасушаға әсер ететін нанороботтарды жасау жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, медицинадағы робототехника медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттырудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Робототехника енгізілген тағы бір сала – ауыл шаруашылығы. Әлемдегі көптеген елде роботтарды ауыл шаруашылығында кеңінен пайдалануда. Себебі роботтар физикалық жұмыстарды адамдарға қарағанда тезірек орындайды. Сонымен қатар егіс алқабындағы арамшөптерді тауып, жойып, егінді бүлдірмей егінді жинай алады екен, тіпті мал шаруашылығында жайылымдарда мал жаю туралы да ақпараттар кездеседі. Ауыл шаруашылығында робототехниканы дамытудың тағы бір бағыты – осы саладағы заманауи тенденцияларды анықтайтын жаңа технологиялар. Роботтандыру өндіріс өнімділігін айтарлықтай арттыру қажеттілігіне негізделген. БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай әлем халқы 9,8 миллиардқа жетеді. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тамақ өнеркәсібін 70 пайызға арттыру қажет. Робототехника ауыл шаруашылығы мамандарының жұмысын едәуір жеңілдетпек. Алдағы уақытта диқандарға егіс алқабын аралап көріп, егін көлемін алдын ала болжау үшін көп күш жұмсаудың қажеті жоқ. Робот дрондар мезгіл-мезгіл егістіктердің үстінен ұшып, егінді күтудің оңтайлы әдістері мен ауа райы болжамдары туралы есептерді қамтитын бағдарламаға деректерді жүктейді. Суару, тыңайтқыштар және басқа да өсіру әдістері туралы өзекті ақпарат шығындарды азайтуға көмектеседі. Бұл робототехника, жасанды интеллект пен IT технологиялар арқылы жүзеге асады. «Northern Sky Research» (NSR) баяндамасына сәйкес, спутниктік және заттар интернетін (IoT) пайдалану келесі онжылдықта ең жоғары өсу мүмкіндігіне ие. 2029 жылы ғарышта ауыл шаруашылығына арналған құрылғылар саны 790 мыңнан асады делінген.
Робототехниканың дамуы арқылы жаңа мамандықтар мен кәсіптер пайда болуда. Еліміздегі жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласы бойынша республикада ауыл шаруашылығы өндірісін автоматтандыру және роботтандыру жөніндегі инженер, робототехниканың инженер-технологы, робототехника операторы мамандықтары пайда болуы мүмкін. Робототехника инженерлері, жасанды интеллект мамандары, деректер талдаушылары, робот-бағдарлама жасаушыға сұраныс жоғары. Сонымен қатар робототехникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін сервистік техниктерге деген қажеттілік артып отыр. Бұл мамандарды оқыту және қайта даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Халықаралық робототехника федерациясының (IFR) 2021 жылға жасаған қорытындысына сай әлем бойынша өндірісте қолданылып жатқан роботтардың саны 3 миллион 477 мыңға жетті. Роботты қолдану көбейген сайын оны құрастыратын маманға сұраныс артты. Осыған орай арнайы маман әзірлеу мақсатында робототехника курсы білім беру саласына енгізіліп, оқытыла бастады. АҚШ пен Еуропада робототехника «Жобалық оқыту» тұжырымдамасына негізделіп XX ғасырдың 90 жылдарынан бастап робототехника мектепке бірте-бірте енгізілді. Ал Қазақстанда 2010 жылдан бастап білім беру мекемелеріне енгізіле бастады. 2019-2020 оқу жылынан бастап «Робототехника» 3-4 сыныптарға, 2020-2021 жылы 5 сыныпқа, 2022-2023 оқу жылы 2 cыныпқа еніп, оқытылуда.
Робототехниканың болашағын тереңірек түсіну үшін біз робототехника саласындағы жетекші сарапшы, қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Раушанбек Сариевтің пікіріне жүгіндік. Ол робототехника жаңа кәсіптерді жасап қана қоймай, сонымен қатар адамдардан жаңа дағдылар мен білімді талап ететін жаңашыл көзқарасты талап етеді деп санайды. Сондай-ақ жылдам өзгеретін технологиялық әлемде жұмыс істей алатын мамандарды дайындау үшін білім беру бағдарламаларын бейімдеудің маңыздылығын атап өтті.
– Елімізде робототехника 2010-2013 жылдан бастап қолға алына бастады. Робототехника алғашында факультативті курстар ретінде іске асты. Өңірімізде 2015 жылы қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, яғни Оқушылар сарайында алғашқы робототехника үйірмесі ашылды. Сыр өңірі робототехника бойынша үздіктер қатарында. Бұл саладағы жетістіктеріміз тек жергілікті деңгейде ғана емес, республикада танылды. Біз робототехника саласындағы жетістіктеріміздің республика деңгейінде, тіпті халықаралық аренада аталып жүргенін мақтан тұтамыз. Оқушыларымыз республикалық робототехника жарысында бас жүлде иегері атанды. Бұл инновациялық және технологиялық прогресті ілгерілетудегі біздің рөлімізді растайды, – дейді ол.
Робототехника маманы робот жасау негіздерін үйретуде жаттығулар мен жарыстар басты рөл атқарады деп есептейді. Бұл ғылым мен техникаға деген қызығушылықты оятып қана қоймай, өскелең ұрпақтың болашақта сұранысқа ие болатын дағдыларын дамытуға көмектеседі. Бұл тәсіл робототехника саласындағы инженерлер мен өнертапқыштардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді.
– 2015 жылы Қазақстанда Робототехника федерациясы – «KazRobotics» құрылды. Қазіргі таңда «KazRobotics» федерациясы әрбір облыста іріктеу өткізіп, чемпионат жеңімпаздары республикалық чемпионатқа жолдама алады. 2016 жылдан бастап осы уақытқа дейін «KazRobotics» федерациясының президенті Айжан Жакеева осы жарыстарды қолға алып, Қазақстанда спорттық робототехниканы дамытуға атсалысып, талантты жас қатысушыларды біріктіруге ықпал етіп жүр. Сонымен қатар «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауы білім алушыларға ғылым мен техниканың түрлі саласында, өнертапқыштық, зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетіп келеді. Жалпы балалар робототехникаға қызығушылық танытуда. Робототехника балалардың логикалық ойлауын, математикалық және алгоритмдік қабілетін, электрондық жүйелерді түсінуін, есептерді әртүрлі тәсілдермен шешуді, қиялын, логикасын, құрастыру қабілетін, топпен жұмыс істеу және ғылыми ізденістерге деген қызығушылығын дамытады. Қазіргі кезде қаламызда робототехника үйірмелердің саны артуда. Сонымен қатар мектептерде қосымша робототехника факультатив сабақтары өткізілуде. Арнайы жабдықталған «Робототехника» кабинетінде оқушылар робот құрастырудың негіздерін Arduino, Lego Mindstorms EV3, spike prime және микроконтроллерінің құрылғыларымен таныса отырып, роботтарды модельдеу және бағдарламалау жұмыстарын, құрастыру дағдыларын меңгереді. Осы үйірмелер арқылы оқушылар инженерлік, нұсқаушылық, шығармашылық идеяларды іске асыру және өз әлеуетін көтеруге мүмкіндік ала отырып, болашақта техникалық мамандық таңдаудағы мүмкіндіктермен танысады – дейді Раушанбек Әбілдаұлы.
«Алдағы 5-10 жылда елімізде робототехника қалай дамиды?» деген сауалға сарапшы былай дейді:
– Алдағы 5-10 жылда Қазақстанда робототехника саласында айтарлықтай ілгерілеу болады. Бүгінде біз Орталық Азияның, Еуропаның және Американың көптеген елдерімен қатар келе жатырмыз. Робототехниканың кейбір салаларында біз тіпті алдамыз. Қазақстандық робототехника лигасына қатысушылар әлемдік жарыстарда жоғары марапаттарға ие болды, бұл халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігімізді дәлелдейді. Бұл біздің еліміздің осы бағытта белсенді дамып келе жатқанының және одан әрі ілгерілеу үшін зор әлеуеттің бар екендігінің айқын дәлелі. Біз болашақта робототехника саласында көшбасшы болу үшін технологияларымыз бен дағдыларымызды жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырамыз, – дейді Раушанбек Сариев.
Робототехника – инновациялар мен жұмыс орындарын құру үшін орасан зор әлеуеті бар сала. Бұл бізден жаңа технологияларды үйренуге, бейімделуге және инновацияларға дайын болуды талап етеді, бірақ оның орнына өмір мен жұмыс сапасын жақсартуды ұсынады. Сарапшылар пікірін ескере отырып, робототехниканың болашағы жарқын және бәріміз үшін мүмкіндіктерге толы деп айтуға болады.

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: