Сәрсенбі, 16 қазан, 15:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Мерейлі отбасы – ұлағат ұясы

30.08.2024

434 0

Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін ардақтау маңызды. Отбасы –
мемлекетіміздің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қанат жайып, түлеп ұшатын алтын ұясы. Адам бойындағы мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік отбасындағы тәрбиеден бастау алады. «Oтан – отбасынан басталады» дегендей Отанды сүю – отбасы қағидасы. Отбасы жеке құндылықты қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде адам санасына ұлттық құндылыққа деген көзқарасты, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, даналық сөзді, тәрбиенің жоғарғы үлгісін сіңіретін де отбасы.
Өнер орталығында «Мерейлі отбасы-2024» байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жеткен отбасыларды марапаттауға арналған салтанатты шара өтті.
Дәстүрлі шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, байқау қорытындысымен үздік деп танылған отбасыларды марапаттап, жиылғандарды Конституция, Отбасы күні мерекелерімен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді. 2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні, 2014 жылдан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Мерейлі отбасы – береке-бірлігімен, тәлім-тәрбиесімен, қалыптасқан қағидасымен, асыл қасиеттерімен баршаға өнеге. Сондықтан олардың үлгісін дәріптеп, тағылымын көпке тарату маңызды. Биылғы конкурс нәтижесімен 16 отбасы үздіктер қатарынан табылды. Барлығы өскен-өнген әулеттер мен шаңырақтар. Өңірлік комиссияның шешімімен Төлеміс Бектаевтың отбасы республикалық конкурста облысымыздың мерейін үстем етеді. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз», – деді аймақ басшысы.
Арнайы тағайындалған қазылар алқасының шешімімен Бектаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпазы атанып, бас жүлде иеленді. Жаңақорғандық Мырзабаевтар отбасы І орынға, қызылордалық Жарқынбековтер әулеті ІІ орынға, сырдариялық Есекеевтер отбасы ІІІ орынға лайық деп танылды. Мұнан бөлек конкурсқа қатысушылар ерекше қабілетімен «Өнегелі отбасы», «Үлгілі отбасы», «Ұлағатты отбасы», «Ынтымақты отбасы», «Өнерлі отбасы» «Берекелі отбасы» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ жарысқа қатысушы бірқатар отбасына ынталандыру сыйлығы табысталды.
Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі жыл сайын өсуде.
Аналардың 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, 34 мыңға жуығы – көп балалы. Оларға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленуде.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тың жобалар жүзеге асуда. Жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, жақын күндері 40 жас отбасына пәтер кілті табысталмақ.

Гауһар Қожахметова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: