Сәрсенбі, 16 қазан, 17:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Тек қажырлы еңбек пен тынымсыз талпыныс спортта биік шыңдарға жетелейді

05.10.2024

368 0

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көк бөріден еліміздің намысын қорғаған жерлесіміз Нұрлыбек Асқаров күміс жүлдегер атанды. Нұрлыбек
Әбдірахманұлы – жастар арасында ҚР чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері, ҚР чемпионатының қола жүлдегері, қоғам қайраткері Ә.Дауылбаев атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы,
III дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері. Көк туымызды талай байрақты бәскеде желбіреткен спортшымен әңгімелестік.

– Спортқа қалай келдіңіз? Әрине, ауыл баласының атқа қонатын дағдысы бар. Десек те, сол қазақы қалыпты спортқа айналдыруға қандай себеп болды?
– Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында туып-өстім. Бала кезім ат үстінде өтті. Бұл спорт түріне әкем мен ағам баулыды. Жаңақорғанда көкпар жақсы қалыптасқан. Мектеп бітірісімен құрамаға ілігіп, облыс намысын қорғап жүрдім. Көкпар – жай ғана спорт емес, бұл әр ойыншының күш пен шеберліктің бір толқынын біріктіретін рух тартысы.
– Спорттағы әрбір қадам жетістікке жетелейді. Өйткені, спорттағы әрбір күн сайыс пен додаға толы. Сіздің қандай жетістіктеріңіз бар?
– Спорттағы жетістіктерім көп. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында ұлттық спорт түрлерінен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатында алғашқы жеңісім болды. Турнирде аймақ шабандоздары теңге ілу, көкпар, жамбы ату, аударыспақ спортынан қатысып жүлдегер атандық. Менің ең үлкен жетістігім 2019 жылы өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында, 2018 жылы, 2022 жылы дүбірлі додаларда топ жарып, күміс медаль иегері атанғаным. Әрбір жеңіс табан ет, маңдай термен келеді. Біздің әрбір жетістігіміз – өмірлік тәжірибе.
– Бәсекенің жоғары деңгейін ескере отырып, команданың күміске қол жеткізуіне қандай негізгі факторлар әсер етті?
– Алматыда көкпардан өткен үш айлық дайындық қажырлы еңбек пен табандылыққа толы болды. Аттарымыздың шаршағанына қарамай, үш ай бойы тынбай дайындалдық. Жеңіске апарар жолдың қиын болатынын білдік, бірақ біздің табандылық пен жеңіске деген берік ерік-жігеріміз мызғымас еді. Финалдық кездесуде алтынға ұмтылған мықты қарсыластармен кездестік. Бірақ аттарымыз олардың аттарына қарағанда нашарлау болғанымен, мақсатымыз айқын болғандықтан мақсаттан тайқымадық. Біз әр сәтімізді өз шеберлігіміз бен өнерімізді көрсету үшін пайдаландық. Біздің команда біртұтас болды, оның әрбір мүшесі жалпы табысқа өз үлесін қосты. Күміс алғанымызбен, бұл – рух пен ерік-жігердің жеңісі. Айта кету керек, қырғыздық бәсекелестеріміздің аттары өте мықты болды, дайындығы бізге қарағанда аз болса да, аттарының мықтылығының арқасында алға суырылып, жеңіске жетті. Биыл күміс, бірақ келесі жыл не иеленетімізді кім біледі? Жаттығуды жалғастырып, шеберлігімізді шыңдап, бұдан да биік белестерге ұмтыламыз. Өйткені, өмірдегідей спортта да алға басқан әрбір қадам жаңа мүмкіндіктер мен жеңістерге жетелейді.
– Қазақ аттың үстінде өскен ел ғой. Ел басына күн туғанда өздері етігімен су кешсе, аттары ауыздықпен су ішкен. Ердің қанаты саналатын жылқының жалына жармасу екінің бірінің қолынан келе бермес іске айналды. Ат спортында қандай қиындықтар кездеседі?
– Спорт тек жеңістер мен жетістіктер ғана емес, сонымен бірге ауыр еңбек, қиындықтардан тұрады. Өкінішке қарай, жарақат алу қаупі де бар. Ат спорты, кез келген спорт сияқты, белгілі қиындықтарымен ерекшеленеді. Аттар кейде жарыс кезінде алған жарақаттардан зардап шегеді. Қымбат аттар қазанға соғысып, одан әрі өнер көрсетуге жарамсыз боп қалады. Ауыр зақым алатын кездер болды. Шабандоздардың құлау немесе жазатайым оқиға салдарынан мүгедек болып қалғаны да кездеседі. Бұл жолды таңдаған кез келген спортшы тәуекелдерді есте сақтауы және серіктеріне мұқият қарауы керек. Өйткені, спорт тек медаль ғана емес, ол – жауапкершілік, өзара түсіністік пен серіктеске деген құрмет. Дәл осы қасиеттер шабандоздардың да, олардың адал аттарының да денсаулығы мен амандығын сақтай отырып, биіктерге жетуге және қиындықтарды жеңуге көмектеседі.
– Ат спорты өңірде жақсы дамып келеді. Әсіресе, өзіңіз сөз басында айтқан Жаңақорған ауданында бұл бағытта қарқынды қадамдар бар. Алған тәжірибеңізді ескеріп, ізіңізден ерген жас спортшыларға берер кеңесіңіз қандай?
– Спортта жетістікке жету – бұл тек дене күшін ғана емес, иілмейтін ерікті де қажет ететін жол. Тынымсыз жаттығуда өткізген әрбір күн спортшыны өзінің мақсатына жақындатады. Рух үзілмеуі керек, сынбау керек, таңдаған жолда күмәнданбаңыз және әрқашан таңдаған жолмен жүруіңіз керек. Күн сайын өзіңізді дамытып, жаттығуларға үзбей қатысу керек. Жарыстарда өз қабілетіңізді көрсету – еңбегіңіз бен талпынысыңыздың нәтижесін көрсету деген сөз. Ол тек жарыстарда ғана емес, сонымен қатар әрбір оқу-жаттығу жиынында болу керек. Өйткені болашақ жетістіктердің негізі осында қаланады. Тек қажырлы еңбек пен тынымсыз талпыныс спортта биік шыңдарға жетелейді.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен С.Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: